
Құрылыс саласына өткен жылы 28,1 млрд. теңге қаржы қаралған. Ал, салалық басқарма арқылы 99 нысанның құрылысын жүргізуге 21,1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініпті. Мәселен, 2012 жылы облыста 86 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның 22-сі пайдалануға берілді. Ал, былтыр 99 нысанның құрылысы қолға алынып, жыл көлемінде оның 61-і тұрғындар игілігіне ұсынылған. Яғни, 2012 жылмен салыстырғанда 9 мектеп, 2 емхана, 3 мәдениет нысаны және «Бизнестің жол картасы” бойынша 7 нысан артығымен пайдалануға беріліп отыр.

Ал, білім беру саласындағы құрылыс жұмыстарына өткен 2013 жылы 9,5 млрд.-тан астам қаржы бөлініп, оған 40 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 32-сі мектеп, қалған 8-і – балабақша. Жыл соңына дейін 23 нысан пайдалануға берілгенін айта кетейік.
Біздің өңірдің тыныс-тіршілігінде күріш өсірудің орны ерекше.
Сыр бойында күріш өсірудің жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Күріш өсіру арқылы талай азаматтың атағы алысқа шырқады, еңбекте ер атандырды. Жер-анадан нәпақа терген еңбек адамы қандай марапатқа да лайық. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында диқандар еңбегінің өтеуіндей болған марапат – Қазақстанның Еңбек Ері атағының сырбойылық Абзал Ералиевке берілуі қызылордалықтардың мәртебесін арттырды.
Күріш – Қызылорданың бренді. Бұл екі ұғымды бір-бірінен ажырағысыз еткен диқандар кезекті науқанға әзірлік үстінде. Сыр бойының атын әлемге әйгілеген күріш дақылын өсіру аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің негізгі тірлігі, атакәсібі десе болғандай. Бүгінде аграршылардың алдында күріш өндірісінің көкжиегін кеңейтіп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетін арттыру міндеті тұр.

Өткен жылы егін шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Нәтижесінде ақталған күріш көлемі мен экспортқа шығаратын өнім сапасы артты.
Осынау қамқорлықтың арқасында өткен жылы күріштен тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы рекордтық өнім жиналды. Гектарына орта есеппен 49 центнерден айналған өнім сырбойылық диқандардың маңдай терінің өтеуі болуымен бірге ертеңге деген сенімін арттырды.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – кез келген ел экономикасының басты міндеттерінің бірі. Себебі, шағын және орта бизнесті қалыптастыру негізінде жаңа жұмыс орындары ашылса, рынокта тауарлар мен қызметтер көбейіп, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері пайда болады. Яғни, ел экономикасының дамуы, қоғамның тұрақтылығы артады. Бүгінгі күні шағын және орта бизнесті дамыту мемлекет саясатының басым бағыттарының біріне айналып отыр. Еліміздің экономикасын арттыруда өндіріс орындарының алатын орны айрықша. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі ағымдағы бағаларда 138,4 млрд. теңгеге айналған. Яғни, нақты индекс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға артқан. Республика бойынша мұнайдың 13 пайызы біздің өңірдің үлесінде болса, күріштің 92,4 пайызы, күкірт қышқылының 17,2 және пластмасстан жасалған құбырлардың 7 пайызын аймақ кәсіпорындары өндіруде.
Өркенді өндірісімен өңір әлеуетін арттырып, ілгерілетуде полимер құбырларын өндіруші «Қуат» ЖШС мен автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығаратын өндіріс орнын атап өткен жөн. Ал, «Smart Rubber» ЖШС-ның бастамасымен жарамсыз дөңгелектерді кәдеге асыруды қолға алған зауыттың аймақтағы қадамы қарқынды. Құны 500 млн. теңгені құрайтын елімізде баламасы жоқ бұл жобаның қуаттылығы жылына 270 тонна резеңке ұнтағын, 440 тонна белсендетілген резеңке ұнтағын және 3,9 млн. метр жерасты суару түтігін шығара алады. Мұндай бастамашыл жобалар облысымызға керек-ақ. Өйткені, Елбасы Жолдауында айтылғандай, шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын аймақ экономикасының дамуы да орнықты болмақ.
Сонымен, өткен жыл осындай өрелі істерге толы болды. Бүгінде өңірдің қай ауданына немесе ондағы елді мекеніне бара қалсаңыз, тұрғындар облысымызда салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен өзге салалар бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы қуана айтып жатады.