Өткен жылы облыста 900 млн теңгеден астам жалақы қарызы өндіріліп берілді

48

0

Өткен жылы облыста 900 млн теңгеден астам жалақы қарызы өндіріліп берілдіБұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бүгін өткен тұрғындармен есепті кездесуінде атап өтті. 
– Жалақыны уақытылы төлеу мәселелері айрықша бақылауда ұсталды. Мұндай еңбекақыға қарыздар мәселесінің басым бөлігін «қолмен басқару» жолымен шештік. 2016 жылы облыстың 54 кәсіпорнындағы (5600 жұмысшы) 900 млн теңгеден астам жалақы берешегі жедел түрде өндірілді, – деді әкім.
Сонымен бірге бірнеше жылдан бері аса маңызды бағыттардың бірі – ол жұмысшылардың жаппай жұмыстан босап қалу жағдайының алдын алу болып отыр. Барлық ірі кәсіпорындармен меморандумдар жасалып, ондағы негізгі талап жұмыс орындарын сақтау қалу болып табылды. 
– Әрине, бірқатар кәсіпорындар экономикалық жағдайының қиындауына байланысты жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болды. 2016 жылдың өзінде 503 адам осындай жағдайда қалды. Ал шындығында олардың саны бұдан бірнеше есе көп болатын еді – деп атап өтті аймақ басшысы. 
Соған қарамастан, бұл кезеңде облыстың экономикалық салаларында жыл көлемінде 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылса, оның 10 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындары. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін  ұстап қана қоймай, оны 2016 жылдың басындағы 5 пайыздан 4,9 пайызға төмендетуге қол жетті. Ал 2017 жылы 9500-ден кем емес тұрақты жұмыс орнын ашу міндеті қойылып отыр. Жұмыссыздарды еңбекке орналастыруда тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуі үлкен рөл атқарды. 
– Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында әсіресе, құрылыс секторында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алдық. Тұрғын үй құрылысын дамыту есебінен 18 мыңнан астам адам құрылыстың өзінде жұмыспен қамтылды. Бұған қоса оған сәйкес салаларда да көптеген адамдар еңбек етті, – деп мәлімдеді Қ.Көшербаев. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз