ТӨЛ ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІК НЫШАНЫ

41

0

ТӨЛ ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІК НЫШАНЫКешегі 90-шы жылдардың басындағы қиыншылықты барлығымыз жақсы білеміз. Ортақ жүйенің тігісі сөгіліп, алып империяның құлауы ә дегеннен күрделі жағдайға әкеліп тіреді. Ортақ байланыстар үзілді. Халық біршама абыржыды. Осыған дейін үкімет асырайды деген  түсінікпен өмір сүрген елдің тығырыққа тірелуі заңдылық еді. Себебі, тәуелсіздікке дейін халық ортақ бөлу жүйесіне негізделген социализмнің экономикалық заңдарымен өмір сүрді. Ал, тәуелсіздіктен кейін Ресейден бастап барлық мемлекеттер елдің түсінігіне бұлыңғырлау құбылыс – рынокқа бет бұрды. Бағалар шарықтады. Тұтыну рыногында тапшылық, қауырт жағдай қалыптасты. 

Міне, осындай ауыр кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Теңгені енгізу бұл тәуелсіздігіміздің нышаны болып табылады. Өзіндік ақша несие саясаты қалыптаспаған елдің тәуелсіздігі де бұлыңғыр болып қала бермей ме? Міне, осы тұйықтан шығу үшін Елбасы Yкіметке, Ұлттық банкке тапсырма беріп,  қысқа уақытта Ұлттық валютаны енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешімнің жүзеге асуы өте құпия жағдайда іске асырылды.
Теңге енгізілетінінен бірнеше күн бұрын мен Алматы қаласына шұғыл түрде ұшуға тапсырма алдым. Қарашаның 10-ы күні Алматыға келдім. Бізге арнайы тапсырма берілді.Қазақстан Yкіметі басшысының бірінші орынбасары Дәулет Сембаевтың төрағалығымен өткен жиында өте құпия түрде бірқатар тапсырмалар берілді. Жаңа ақша, яғни, теңге арнайы рейспен өңірлерге жеткізілетіні айтылды.
Сонымен, Қызылорда облысының әкімшілігінде тиісті органдармен бірлесе отырып, қауырт жұмыс басталды. Қолма-қол ақшаларды айырбастау лимиті, көлемі бекітілді. Қазақ тарихында белгілі орны бар кісілердің бейнесі белгіленген теңгелерді көріп, бойымызды қуаныш сезімі кернеді. Тәуелсіздіктің жемісін енді көре бастағандай сезіндік.
Ақшалар банктерге таратылды. Әлі есімде, ақша айырбастауға қатысты қауырт жағдай қалыптасқан жоқ. Ең маңыздысы, теңгені тұрақтандыру болды. Себебі, өзіміздің төл теңгемізді тауарлармен қамтамасыз ету экономикалық ғана емес, саяси жағынан алғанда да маңызды мәселе еді. Бұл шаралар тыңғылықты орындалды. Бірте-бірте тұтыну рыногы тауарларға тола бастады. Әрине, оңай болған жоқ, оған жылдар кетті, инфляция шарықтады. Бірақ, уақыт өте келе теңге тәуелсіздігіміздің нышанына айналды. 
Бүгін біз теңгенің 20 жылдық мерейтойымен бірге қаржыгерлер мерекесін де атап өтіп отырмыз. Әріптестеріме мерекелеріңіз құтты болсын дегім келеді.
Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,
1993 жылғы облыс әкімшілігі басшысыныңэкономика жөніндегі орынбасары, облыстық мәслихат депутаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз