ТӘЛІМ МЕН ТӘРБИЕ – ҚОҒАМ құндылығы

153

0

   ТӘЛІМ МЕН ТӘРБИЕ – ҚОҒАМ құндылығыБүгінгі күннің өзекті тақырыбы – жас ұрпақтың тәрбиесі екендігі даусыз.  Балаларды ең бастысы, ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне,  салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға ретінде қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та ұстаздарға артылатыны түсінікті. Осы ретте облысымызда өткізілген облыстық білім қызметкерлерінің тамыз кеңесінде бүгінгі заман талабына сай білім берудің мазмұны мен алдағы жаңа оқу жылында атқарылатын міндеттер пысықталды.

Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өткен білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі алқалы жиыны «Білімді ел – мәңгі ел» тақырыбына негізделді. Тамыз кеңесіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әмірхан Рахымжанов, «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымдарының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Төрегелді Шарманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева қатысты.

Кеңеске қатысушылар алдымен көрме жұмысымен танысты. Көрмеде аудандар мен Қызылорда қаласының білім саласы бойынша даму көрсеткіштерін бейнелейтін инфографика, слайдтар және стендтер орналастырылған. Бірінші сыныптың жаңа оқулықтарымен қатар өзге де әдістемелік құралдар да орын алған.

Алқалы жиынның ашылу салтанатында аймақ басшысы өңірдің білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі мақсаттар мен міндеттерге тоқталып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Білім мен тәрбиенің қазіргі өскелең ұрпақ үшін маңызы ерекше. Сондықтан білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға артып келеді. Мәселен, биылдың өзінде бұл салаға 75 млрд теңге бөлінсе, соңғы төрт жылда қаржыландыру екі есеге өскен. Бүгінде жалпы облыс бюджетінің 62 пайызы әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалады. Республикада әлеуметтік салаға көп қаржы бөлетін біздің облыс екенін алға тартқан аймақ басшысы ұстаздардың арқасында қол жеткізген табыстардың аз емес екенін айтты.

– Біз өтпелі кезеңде білімнің мазмұны мен құрылымына көп көңіл бөліп, ал мектептегі тәрбие беру ісін жаңартуды ұмыт қалдырған сияқтымыз. Экономикалық тұрақсыздық, экологияның нашарлауы, мәдениет пен моральдың құнсыздануы, жаңа технологиялар мен ғаламтордың бүгінгі қарқыны қазіргі жас жеткіншектің денсаулығына, ақыл ойы мен мінез-құлқына, тұлғалық қасиеттері мен  тәрбиесіне әсер етуде, – дей келе, қоғамда белең алып отырған жастар арасындағы суицид мәселесі де алаңдатарлық жағдай екеніне тоқталды.  Өз-өзіне қол салу, жасөспірімдер арасында жыныстық қатынаспен берілетін аурулардың көбеюі осы тәрбие мәселесінде жіберілген кемшіліктердің көрінісі. Ата-анасына мейірімсіз, айналасындағы достарына сенімсіз, қоғамға өкпелі жасөспірімдер қалыптасып келеді. Ал мұндай жастарды  пиғылы арам топтар өз мақсатына пайдалануға бейім болады.

– Мектеп қабырғасында тәрбие саласына жаңаша көзқарас танытатын уақыт жетті. Ең әуелі мұғалімдер қауымы осыны терең ұғынып, тәрбие мәселесіне көп көңіл бөліп, баланың жан дүниесін жасытпай, санасы биік тұлға тәрбиелеудің әдіс- тәсілдерін қарастырмаса, жасампаз да белсенді әрекетке көшпесе, жас ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеудің берекесі келмейді. Тәрбиесіз берілген білім тұлғасы биік кемел адамды қалыптастыра алмайды. Күнделікті өмірдің сынақтарына дайын болуы үшін баланы өз бетімен оқуға үйретуіміз керек.  Осы ретте қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің өзге аймақтарға көрсетер озық үлгісі болу керек деп есептеймін.  Біз ұлттық құндылықтарды ешқашан естен шығармауымыз керек, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

 

Келесі кезекте сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Әмірхан Рахымжанов білім қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай келе, елімізде биыл енгізіліп отырған жаңартылған білім беру жүйесінің маңыздылығын атап өтті. «Дамыған елдердің қатарына ену үшін қазақстандықтардың білімін көтеру қажет. Сондықтан еліміз биылдан бастап  жаңа білім беру мазмұнына көшуді бастады.  Жаңа оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңартылған білім мазмұны бірінші сыныптан бастап енгізіледі. Бағдарлама 30 пилоттық мектептерде табысты өтті. Мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың қолдауына ие болды. Жаз мезгілінде жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан 54 мың мұғалім өтті.  Жаңа бағдарламаға сәйкес барлық оқулық басылып шығып, мектептерге жеткізілді. Мектеп формасының үлгісі және оны қандай кәсіпкердің тігетінін ата-аналар мен мектептің өзі шешеді. Мектеп басшылары ата-аналарды белгіленген бір өндірушіден алуға талап етуге құқы жоқ. Тағы бір мәселе мектептегі есептілікті азайту. Барлық мектептер мен әкімдіктер үшін біртұтас ұлттық білім берудің базасын дамытамыз. Сондықтан электронды күнделікті енгіземіз. Бұл қағазбастылықтан құтылуға мүмкіндік береді»,– деді Ә.Рахымжанов.

Облыстағы білім беру саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайлы баяндама жасаған білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев дәстүрлі тамыз кеңесі жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы ұстаздарды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді талқылауға мол мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

– Облыстағы 3 ауысымдық білім беруді болдырмау, мектептерде оқушы орнының тапшылығын азайту, апаттық мектептерді жою бағытындағы нәтижелі жұмыстарға тоқталар болсақ, соңғы 2013-2015 жылдары  облыс бойынша 43 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. 2013-2014 оқу жылында 3 ауысымдық білім беру жойылып, 36 апаттық мектептің 25-і қайта салынды. Бүгінгі күні 12 апаттық мектептің  құрылысына жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары  басталды. Облыста 708 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, оның ішінде 450 балабақша, 258 шағын орталық жұмыс жасайды, оларда 47216 бала тәрбиеленуде. Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісін кеңейту жолға қойылған. Мысалы, жұмыс жасап жатқан 450 балабақшаның 293-і, яғни 65,1 пайызы, ал тек 2015 жылы ашылған 97 балабақшаның 93-і жекеменшік балабақш екендігі сөзіміздің дәлелі.

Биылғы жылдан бастап бастауыш мектептің бірінші сыныбы жаңартылған білім беру мазмұнына көшетіндігін, мектепалды даярлық топтары 12 жылдық білім беру үлгісінің 0+11 сынып формуласымен енетіндігін ескерсек, бүгінгі күнгі мектепалды даярлық кезеңінің жұмысына ерекше қарауымыз керек.

Байқоңыр қаласында бүгінгі күні 14 балабақша болса, оның 13-і Ресей Федерациясының, бір балабақша ғана қазақстандық  стандарт бойынша қазақ тілінде білім береді. Бұл өз кезегінде  қаладағы 6 ҚР юрисдикциясындағы қазақ мектептерінің 1-сыныбына  қабылданатын балалардың қазақстандық стандартқа сәйкес, мектепалды даярлығының болуына да әсер етеді. Мұнан бөлек, қала тұрғындарының орыс тілінде қазақстандық стандартпен білім алуға деген сұранысы да артуда,– деді басқарма басшысы. Бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізген аймақ басшысы «Біз Байқоңырдағы ғарыш айлағын ғана жалға бердік. Ал ол жердегі халықтың әлеуметтік жағдайына, блімі мен денсаулығына біз жауаптымыз» деген пікірін алға тартты.

Баяндамасын әрі қарай жалғастырған басқарма басшысы Б.Сайлыбаев 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында үш жылда аймағымыздан 3829 мектеп бітіруші түлектер солтүстік, батыс өңірлерде білім алуға мүмкіндік алғанын жеткізді. Қазіргі уақытта колледждерге қабылдау жалғасуда. Өткен жылғы мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігін иеленген Сыр елінің жастары болды. Биылғы жылы да біздің түлектеріміздің белсенділігі жоғары. Өңірге қажетті мамандықтар бойынша аз қамтылған отбасынан шыққан биылғы жылғы мектеп бітірушілер мен студенттерге арналған облыс әкімінің грантын 135 бала иеленді. Нәтижесінде бүгінгі күнге облыс бойынша 435 мектеп бітіруші Қызылорда мен еліміздің басқа қалаларындағы ЖОО-да облыс әкімінің гранты бойынша білім алатын болады.

– Соңғы үш жыл көлемінде облыс әкімінің қолдауымен облыстың мектеп бітіруші түлектері Ресей федерациясындағы Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетіне (МИСиС), К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне және Санкт-Петербург технологиялық университетіне оқуға қабылдану мүмкіндігіне ие болды. Сыр елі жастарының Ресейдің алдыңғы қатарлы ЖОО-да білім алуға мүмкіндік алуы жастардың білімге деген құштарлығын арттырды. Қазірдің өзінде 281 сырбойылық түлек Ресей Федерациясының бюджеті есебінен оқуда.

Қорытындысында аталған қалалардағы үш университетке барлығы 390 Сыр бойының жастары Ресей Федерациясы бюджеті есебінен оқуға мүмкіндік алып отыр, – деді Б.Сайлыбаев. Бұл ретте Қырымбек Елеуұлы облыс әкімінің грантына қол жеткізуге тек қана әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары ғана тартылатынын қадап айтты. Ешқандай таныс-тамырдың іске аспайтынын және оны өзі тікелей қадағалайтынын да алға тартты.

Жаңа оқу жылынан бастап енгізілетін жаңартылған білім беру мазмұны ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы міндеттерді орындау мақсатында білім беру саласы да өзгерістерді талап етіп отыр. Алқалы жиынға арнайы келген «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымдарының төрайымы Күләш Шамшидинова «Күрмеуі көп күрделі әлемде білім беру мазмұнын жаңарту» тақырыбында өз ойын ортаға салды.

– Серпінді және тұрақты даму мәселесі барлық мемлекеттерді алаңдатуда. Бастысы, қазіргі заманымыздың қатал сынына қарсы тұра алу үшін  оқушының бойында қандай білім мен дағдыны, көзқарастар мен құндылықтарды қалыптастыруымыз керек? Мектептерге ұсынылып отырған жаңа стандарт өзгермелі заманда әлемге тән тенденцияларға  сай және алдыңғы қатарлы инновациялық практика негізінде әзірленді деп айта аламыз. Заманға сай адамы болады. Сол заманның қатал сынына төтеп беру үшін балалардың бойында ізденімпаздықты, шығармашылықты, қайсарлықты, жауапкершілікті, көшбасшылықты қалыптастыруымыз керек. Қазіргі заман талабына сай баланың алған білімі өмірлік қажеттіліктерін өтейтіндей  түрлі жағдаяттарда шешім қабылдай алатындай, өзіне жауапкершілікті алып, сенімді болуға үйрету ата-ананың, мектептің және барша қоғамның міндеті болуға тиіс,–деді Күләш Ноғатайқызы.

Ұлт болашағы ой-өрісі терең, интеллектуалдық деңгейі жоғары ұрпақтың қолында. Келер ұрпағымыз ауру-сырқаудан көз ашпаса, онда болашақ туралы айтудың да жөні жоқ. Өйткені, ой саулығы – жанның саулығына, жан саулығы тәннің саулығына тікелей қатысты. Ал, тәннің саулығы біздің күнделікті ішіп-жейтін асымызға, өмір салтымызға байланысты екені баршаға мәлім. Әуелден «Ас – адамның арқауы» деп, тағам сапасына қатты мән берген қазақ бүгіндері жұмысбастылық салдарынан  тез тамақтануға үйренді. Балалар чипсы мен «Кока-коланы» қорек қылып, бұрын-соңды болмаған семіздік дертіне шалдықты. Нәтижесінде онсыз да саны жағынан өзге елдермен салыстырғанда, аз саналатын халқымыз бала көтере алмау, обыр, туа біткен жүрек ауруы сынды қатерлі ауруларға тап болып, емхана, жұмыс пен үйдің арасын тоздыратын жағдайға жетті. Тек қазақ қана емес, бүкіл әлем осындай мәселеге тап болуда. Ол жөнінде академик Төрегелді Шарманов «Бала денсаулығы мен салауатын жақсарту жолдары» тақырыбында жасаған баяндамасында егжей-тегжейлі мәлімдеді. «Қымыздың құрамындағы ақуыз сиыр сүтіне қарағанда жұмсақ келеді. Пісірілмеген, пастерленбеген шикі сиыр сүті көпке шыдамайды. Қымызды қайнатуға да пастерлеуге де болмайды. Оны біздің ата-бабамыз әуелден білген. Біз осы өзіміздегі бар ерекшелікті пайдалануымыз керек», – дейді академик.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білімге баулып тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда, адамгершілік рухта бағыт-бағдар көрсетуде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет еселеп арта бермек. Облыстағы біртұтас үздіксіз білім беру жүйесіндегі атқарылып жатқан жұмыстардың жалпы бағдары, оның жетістіктері, білім беру жүйесін заман талабына сай одан әрі жетілдірудің мақсат-міндеттері жайлы баяндамалар оқылып, пікірлер алмасты. Алқалы кеңесте аудандармен телекөпір арқылы байланыс орнатылып,  білім саласында жеткен жетістіктер мен тың жобалар, озат тәжірибелер тыңдалды. Соңында білім беру саласын жетілдіру мақсатында ұсынымдар жобасы қабылданып, ұстаздар қауымына таратылды.

Шара қорытындысында бірқатар ұстаздар «ҚР  Білім беру ісінің үздігі» атағы мен  «Ы.Алтынсарин»  төсбелгісін иеленді. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігінің  Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табысталды. Ал «Үздік орта білім ұйымы» номинациясын иеленген №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына 17 миллион теңгенің сертификаты  берілді.

 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз