ТМД-дағы теңдессіз жоба – облыстық медицина орталығы

60

0

ТМД-дағы теңдессіз жоба – облыстық медицина орталығыТәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихында Сыр медицинасы да түрлі қиындықтардан өтіп, талай белестерді артқа тастап келеді. Егемендігіміздің алғашқы жылдары медицина саласы үшін де оңайға соққан жоқ. Дегенмен, Елбасының көреген саясатының, халықтың әлеуметтік жағдайын жіті назарда ұстауының нәтижесінде жағдай аз уақытта қалыпқа түсе бастады. Мемлекет басшысы Кеңес одағы кезінде басталып, аяқсыз қалған 750 орынға арналған облыстық медицина орталығының құрылысын аяқтауға тапсырма беріп, емдеу ұйымының ел игілігі жолында қызмет  етуіне жағдай жасады. 1998 жылы ТМД елдерінде теңдесі жоқ орталықтың ашылуына Елбасының өзі қатысты. 
Әрине, бүгінде қала келбетіне көрік беріп, облыс, қала берді, республика тұрғындарының саулығын сақтауда ең бір іргелі мекемеге айналған бұл медицина орталығы бізге оңайлықпен келген жоқ. КСРО халық депутаты болып сайланған білікті дәрігер Тұрғанбай Маханов, кезіндегі облыс басшылары С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев және басқалары алып құрылыстың ел игілігіне пайдаланылуына күш-жігер жұмсады. Кезінде «Бұл ТМД елдерінде теңдесі жоқ жоба» деп аталған болатын. 
Облыстық медицина оралығының ел игілігіне берілуі, әрине, Сыр медицинасының әрі қарайғы дамуына жол ашты. 
Бүгінде облыстық медицина орталығы көпсалалы емдеу мекемесі ретінде облыс тұрғындарына заманауи медициналық қызмет түрлерін көрсетіп келеді. 675 төсек-орынмен қамтылған мекемеден жылына 24 мың науқас стационарлық ем алып шығады. Мұнда 23 клиникалық, 26 қосалқы және қосымша бөлімшелер жұмыс жасайды. Бүгінде орталық диагностикалық, инструменталдық, дәрігерлік тексерулер, емдеу тәсілдері және науқастарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі жолға қою арқылы елдегі ең ірі көпсалалы медицина кешеніне айналып отыр. Бұл, әрине, білікті мамандардың жанқиярлықпен еткен еңбегінің жемісі.
– Адам жанының арашашысы болу – жүректілікті талап ететін қызмет. Мемлекетіміздің ең басты құндылығы адам өмірі болып табылады. Бұл орайда оның толыққанды бақытты өмір сүруі тікелей деннің саулығына байланысты. Осы тұста біздің мекемеде 1326 қызметкер қоғам саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Аталған мамандар ішінде 3 медицина ғылымының кандидаты, 25 денсаулық саласының үздігі қызмет көрсетеді, – дейді облыстық медицина орталығының директоры Сәбит Пазылов.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2008 жылы өңірде жүрекке ота жасау қолға алынса, 2009 жылы кардиологиялық орталығы ашылып, бүгінде жүйелі жұмыс істеуде. Алғашында жүрекке ота жасау өзге қалалардан шақыртылған мамандардың көмегімен жүзеге асырылса, бүгінде өз мамандарымыз қиналмай жасайтын дәрежеге жеттік. Осының негізінде ашық жүрекке ота жасау саны артты, түрлі күрделі ота­лар жасау жолға қойылды. Сонымен бірге, инсульттен болатын өлім-жітімді азайту мақсатында инсульттік орталық ашылды. Ол барлық қажетті техникалармен жабдықталды. 
Облыстық медициналық орталықта, сондай-ақ, кардиохирургия, қан-тамыр хирургиясы, нейрохирургия, урология және травматология бөлімдері де бар. Хирургия саласында лазермен ота жасау қолға алынған. Өткен жылы орталықта алғаш рет бүйрек ауыс­тыру отасы жасалғаны белгілі. Осының негізінде Қызылорда облысы бүйрек ауыстыру отасын жасайтын төртінші облыс ретінде танылды. Оған қоса, физиотерапия және сумен емдеу бөлімінің жұмысы да қарқынды жүруде. 
Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан көпсалалы, кең ауқымды медицина орталығы – Сыр елінің мақтанышы. 
Айнұр БАТТАЛОВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз