ТОЛҚЫННЫҢ ТОЛҚЫНЫСТЫ СӘТІ

283

0

ТОЛҚЫННЫҢ ТОЛҚЫНЫСТЫ СӘТІ
ТОЛҚЫННЫҢ ТОЛҚЫНЫСТЫ СӘТІ
Халықаралық әйелдер күнінде Елбасы Ақордада елдің әр түкпірінде сан түрлі салада лайықты қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерді қабылдады. Олардың арасында «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының редакторы, «Шабыт» халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері Толқын Қабылша да болды. 
Сырдың сыршыл ақыны бейсенбіде Астанадан ерекше әсермен оралды. Оны әуежайдан туыстары мен ұжымдастары қошеметпен күтіп алды. «Көктем шуағы» атты кездесуде Толқын Қабылша: «Бүгінгідей шуақты мерекеде жүздесу, дидар-ғанибет болу – біз үшін айрықша мәртебе, зор қуаныш», – дей келе, Мемлекет басшысына Сыр жұртшылығының ыстық сәлемін мынадай жүрекжарды жырымен жолдаған еді: 
– Жан болып өстім ибалы,
Жетелеп алға ой арман.
Отанның сұлу дидары,
Нұрына таңның боялған.
Ерке өстім еркін елде мен,
Аялап азаттығымды.
Паш еттім барлық жерге мен,
Жасампаз қазақтығымды
Ана боп және үн қаттым,
Сәбидің даусын есіткен.
Болашақ өзі үн қатты
Уілдеп ағаш бесіктен.
Отанның мәңгі тұғыры,
Тау-тасы, көлі, орманы.
Баланың бейбіт ғұмыры,
Анның асыл арманы.
Арманды сол бір тілегін,
Ақиқат қылған жолда – сын.
Қазақтың әрбір жүрегін,
Тәуелсіз қылған Елбасым.
Отанды ұлы байтағым,
Көркейткен сізге, арысым.
Иіліп рахмет айтамын,
Ұрпағым үшін, бәрі үшін! 
Елбасы жан сырын жырмен өрнектеген аруға: «Табысты бол, әруақытта өркенің өссін! Шабытың таси берсін!» – деп ақжарылқап тілегін арнады. Санаулы қыз-келіншектің қатарынан табылып, Президентпен кездесу бақыты бұйырған сәт Толқынның көңіліне көктем шуағын сепкендей. 
– Маған бұл салтанатты шарада қазақтың ақын қыздарының атынан сөз сөйлеп, жыр оқу мәртебесі бұйырды. Әрине, үлкен толқынысты бастан кешірдім, тебіреністі сәт, қобалжу сезімі де жүрек түкпірінде болғаны анық. Бастысы, мен «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өлкесінің сәлемін жеткіздім. Ақын ретінде толғанысымды, ана ретіндегі тілегімді жырыма арқау еттім. Көптің біріне бұйырмаған ақ батаны алып үлгердім. Үлкен жауапкершілік, үлкен аманат сезімін іштей ұғынып, іштей түйсініп оралдым. «Бұл көктем – бөлек көктем» деген шынайы толқыныс сезімін еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған қыз келіншектермен бірге біз де күбірлей айттық. Бұл сапар – елге адал қызмет ету, өлең өлкесіне құлаш сермеу, абырой биігінен төмендемеу, артылған сенімнің үдесінен шығу секілді ұстанымымды берік ете түскен мазмұнға толы сәтті сапар болды, – дейді ақын. 
Толқын Қабылша – «Жаныммен жалғыз кешкем мұң», «Жаңбырдағы сағыныш» жыр жинақтарының авторы. Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі. Өткен жылы поэзия жанры бойынша жарияланған «Үркер» байқауының Гран-при иегері. 
                           
                                                                                                     Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз