ТОЛЫП АҚҚАН, ТОЛҚЫП АҚҚАН СЫРДАРИЯ ЖАҢА ӘНГЕ АРҚАУ БОЛМАҚ

111

0

 ТОЛЫП АҚҚАН, ТОЛҚЫП АҚҚАН СЫРДАРИЯ ЖАҢА ӘНГЕ АРҚАУ БОЛМАҚКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев белгілі композитор, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановты қабылдады. Бүкіл ел сүйіп тыңдайтын «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Алматы кешінде», «Есіл бойы» сияқты бірнеше сырлы әндердің авторы жасы ұлғайса да, шығармашылықтан қол үзген жоқ. 
Өнердің тылсым сырына қанығу үшін музыкамен бірге прозаны, суретшілікті қатар алып келеді. «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс», «Кертолғау» сияқты повестері мен романына өнер адамдарының өмірін арқау еткен. Сонымен қатар ұлттық өнердің бағын жандырып, даңқын асырған ұлы өнерпаздар жайында ғұмырнамалық еңбектер, деректі шығармалар жазды. Бала күнгі арманы суретшіліктен де қол үзбей, 78 жасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің көркемсурет факультетін бітірді. 
Қабылдаудан соң композитор журналистерге сұхбат берді. 
– Қызылордада бұрын да бірнеше рет болғанмын. Қаланың дамуы мен өркендеуіне, тынысының кеңейіп, қанат жайғанына көңілім толды. Ұлттық колориті басым безендірулер, жаңа ғимараттар мен даңғылдар ерекше көзге түсті. Жаңа қала құрылысы жүретін аумақты, Сырдың жағалауын араладым. 
Мен қазақ даласының өзендерін,  дариялары мен көлдерін әнге қосқан адаммын.  Сырдарияның толып, толқып ағып жатқанын көріп, шабыттандым. Аймақ басшысымен кездесуде шығармашылығымдағы жаңалықтарды айттым.  Менің  «Есіл бойы», «Оралдың ерке самалы», «Ағады Жайық, ағады» деген әндерді жазуыма Қырымбек Елеуұлы ықпал еткен. Осы әндер шырқалған сайын руханият жанашырына алғысымды білдіріп отырамын. Кездесу барысында облыс әкімі рухани жаңғыру тұрғысында Сыр бойында атқарылуы жоспарланған жұмыстар бағытына тоқталды. Аймақтың тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпарат берді. Қызылордадан алған әсерім, елдің жағдайы, жақсы адамдардың ықыласы, қаланың сәулеті «Сырдария» деп аталатын жаңа әнге арқау болады, – деді  композитор.   
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз