Той жылғы толағай табыс

65

0

 Той жылғы толағай табысКеше Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында мерекелік «Алтын дән-2016» салтанаты өткізілді. Қос тойы қабат келген сырбойылықтар мерейтой аясында ақ күріштің атасы, дала академигі Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына орай даңғайыр дихан ескерткіші-бюстіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Мерекелік шараларға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
«Алтын дән-2016» егін жинау қорытындысына арналған мерейтойлық кеш шымылдығы театр¬ландырылған қойылыммен ашылды. Қойылымда Ыбырай Жақаевтың өнегелі сөзі дәріптеліп, ақ маржандай тербетілген бишілер өнері көпшілік назарына ұсынылды. Сонан соң, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев еңселі еңбек төріндегі сырбойылықтарға құттықтау сөзін арнады.
– Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деген. Мәуелі күз міне, осы қанатты қағиданың биыл берекесін танытты.  «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре» деген Ыбырай Жақаевтың дана сөзі, даңқты диқанның өз мерейтойы мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен қатар келуі елжанды еңбеккерлердің мерейін өсіріп отыр. Сыр диқандары үлкен сенімнен шықты. Бұрын-соңды болмаған рекорд орнады. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым Тәуелсіздік тойына зор тарту жасады. Ал мұның бәрі облыс жұртшылығының ынтымақ, бірлігінің жемісі. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белеске шығып отыр. Қайсыбір салада болмасын ілгері басуға бағытталған бастамаларымыз елдің тұрмыс-әлеуетін көтеруге, Сыр елінің болашақ мүмкіндіктерін көрсетуге үлкен дем берді. Еңбектің даңқын асырған егінші жұрт бүгінгі заман талабына сай, мықты әрі тиімді шаруаны жүргізіп, жоғарғы белестерді мойындатудың үлгісін көрсетіп, өңірдің дара дақылы – күріштің әр гектарынан 54,9 центнерден өнім алды.  440 мың тоннаға жуық дән ел қамбасына құйылды. Табыс құтты болсын, диқандар! – деді аймақ басшысы. 
Сүйіншілейтін жаңалық – Сыр диқандары Елбасыдан алғыс алды. Аймақ басшысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тамаша тарту жасаған Сыр диқандарына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы жеделхат жолдағанын жеткізіп, жеделхат мәтінін оқып берді. Сонымен бірге, егіншілеріміздің биылғы жетістікке жету жолындағы еңбектеріне айрықша тоқталып, аймағымыздағы ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып келе жатқандығын айтты. Төртінші жыл қатарынан рекорд төрінен көрініп отырған сырбойылықтардың әр¬дайым мемлекет қазынасын молайтуда аянбай тер төге беретіндігіне сенім білдірді. Аймақ басшысы, сондай-ақ, облыс диқандары өндірген күріштің экспортқа шығу көкжиегі кеңейіп жатқандығын, бұл орайда шет мемлекеттерімен байланыс артқандығын айрықша атап өтті. 
Салтанатты шарада ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев Премьер-министрінің орынбасары Асқар Мырзахметовтың құттықтау хатын оқып берді. Одан әрі, облыс әкімі биылғы жиын-терім қорытындысы бойынша еңбек озаттарын марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Айталық, «Озат шаруашылық» номинациясының І дәрежелі дипломы Жалағаш ауданындағы «Таң ЛТД» ЖШС-ға бұйырды. Сондай-ақ, мерекелік кеште биіктен көрінген аудан әкімдеріне құрмет көрсетілді. Айталық, биыл егін шаруашылығы бойынша Сырдария ауданы көш бастады. Содан соң, бір топ қызметкерлер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің марапатына ие болды.
Мерекелік іс-шарада, сондай-ақ, ҚР Ауылшаруашылығының қызметкерлері салалық кәсіподақтары қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Сүлейменов пен Қазақстанның Еңбек Ері, күріш өңдеушілер және өндірушілер қауымдастығының төрағасы А.Ералиев жұртшылықты мерейтойымен құттықтап, үздіктерге мерекелік марапаттарын табыстады.
Биылғы мерекенің басты жаңалығы – Ыбырай Жақаев атындағы мерекелік төсбелгінің мәртебелі марапаттар қатарын толықтырғаны десек, қателеспейміз. Мерекелік кеште бұл марапат алғашқы егелеріне табысталды. Яғни, аталған төсбелгі Шырынкүл Қазанбаева бастаған Социалистік Еңбек Ерлері мен жоғары жетістікке жеткен бірнеше күрішшілер кеудесіне тағылды.
Мерекелік кеш одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Нағымжан САУЯЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз