ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТАТУЛЫҚ КЕПІЛІ

69

0

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТАТУЛЫҚ КЕПІЛІ«Қоғамдық келісім Қазақстан өмірінің өзегіне айналуға тиісті». Былтырғы  Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы барысында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтқан еді. Президент әлем күрделі жағдайды басынан өткеріп жатқан бүгінгі заманда ұлтаралық татулық пен толеранттылық ғана елдегі тұрақтылық пен дамудың мызғымас кепілі екенін мықтап қаперге салды. Республиканың әр түкпірінен келген делегаттардың басын түйістірген алқалы жиын жаңа міндеттер мен тың тапсырмаларға жол ашып берген болатын.
«Қазақстан – 2050” cтратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр”. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы осы тақырыпқа арналды. Себебі, елдің елуінші жылға дейінгі бағдарлы құжатын орындауға Ассамблеяның айрықша үлесі бар. Бірлік болмай, тірлік болмайды. Кез келген елдің дамуы алдымен татулықтың, онан соң тұрақтылықтың арқасында екені дәлелденген қағида. Ендеше оны сақтай білу – бүгінгі Қазақстан қоғамының алдындағы құнды парыз.
Ассамблея осы уақытқа дейін жалпыадамзаттық институтқа айналған ұйым, ол елдегі келісімнің тұғыры, бірліктің тұтқасы бола білді. Ұлт пен ұлысты ұйыстырған қасиетті шаңырақ қазір төрткүл дүниеге тамаша үлгі танытып келеді. Осы аптада Елорда төрінде өтетін Ассамблеяның кезекті ХХІ сессиясы болады. Біз үшін өте маңызды оқиға саналатын бұл басқосу ұлттар достығын одан әрі нығайта түседі деп ойлаймын. Бүгінгі таңда әлем күрделеніп, мәдениет құнсызданып барады. Оның үстіне жаһанды дағдарыс жайлаған қысылтаяң кезең ұлт пен нәсіліңе қарамай, адамзаттық құндылықтардан алшақтата түсуде. Міне, Ассамблеяның қуаты осындайда қажет. Ендеше, біз бұл сессиядан үлкен үміт күтеміз. 
Қазір ондаған ұлттың басын біріктіріп отырған Қызылорда облысында да Ассамблея жұмысы жақсы жүргізіліп келеді. Соның айғағы іспеттес жыл ішінде ұлттық-мәдени орталықтар достық пен татулықты паш ететін алуан түрлі шаралар өткізуде. Аталмыш орталықтарды қаржыландыру жыл санап арта түсуде. Сонымен қатар, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен биылғы жылы татар халықтарының Сабантой мерекесі үлкен дәрежеде аталып өтпек. Жалпы, бұл шара бірлестіктің ұйымдастыруымен облыста 2005 жылдан бері тұрақты түрде өткізілсе, биылғы ерекшелік, өңір басшылығының қолдауымен кең ауқымдағы маңызды шараға айналуында болып тұр. Оған Татарстаннан арнайы делегаттар шақырылады деп күтілуде. Негізі сабантой – бұл татар халқы мұрасының нағыз маржаны, татар халқының рухани күші, мәдениетінің ерекше сарқылмас бұлағы, күш пен ойдың сайысы. Бұл мереке біздің облыста мекендеген барлық ұлттардың ықыласпен қатысатын мерекесіне айналды.
Галия ҒИЗАТУЛЛИНА,
облыстық татар ұлттық-мәдени орталығының төрайымы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз