Түркі дүниесі тәу етер кешен көрме нысандары қатарына кірді

93

0

Түркі дүниесі тәу етер кешен көрме нысандары қатарына кірдіТүркі мәдениетінің негізі Елбасының өзі «Алаштың анасы» атаған осы қасиетті өлкеде қаланды. Дархан даламыз, оның ішінде Сырдың бойы мәдени орындар мен тарихи ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркі халықтарының түгеліне аңыз болған Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіш-кешеннің бітімі бөлек, тағылымы зор. Тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант, болжампаз баба туралы сан қилы аңыз бар. Данагөй бабаның аңызы мен рухани ұлы мұрасы сақталған өлкеде туғандықтан бағзыдан жеткен әпсананы құлаққа құйып өстік. Ең ғажабы – Қорқыт бабаның ажалдан қашып, дүниенің төрт бұрышын кезуі еді. Өлімнен қашып, мәңгілік өмір іздеген кейіпкер әлем халықтарының ауыз әдебиетінде көптеп кездеседі. Бұлардан Қорқыт абыздың жолы бөлек. Еуропа әдебиетінде мәңгілік ғұмыр іздеушілердің жолы ертегімен аяқталған. Қорқыт бабамыз өлімнен қашып, өлмейтін өмір іздеген деседі. Осы ісі арқылы біздің дана бабамыз төткүл әлемдегі ажалдан қашқан жалқы адам болып есептеледі. Ал, ажалды музыкалық аспап арқылы жеңу – ғажап аңыз!
Байыптап тыңдасаңыз, ұлы жолдың бойындағы зәулім ескерткіштен құлаққа қобыз сарынымен үндес әуен жетер еді. Мәңгілік күй сарыны сайын сахараны шарлап, бабалар ерлігі мен кемеңгерлігін паш етіп тұрғандай болады. Ондайда көз алдыңа желмаясының жабуын Сырдың суына төсеп, су бетінде күй тартып отырған ұлы күйші келеді.
Мемориалды кешен осыдан 3 жыл бұрын қайта жаңғыртудан өткізіліп, Қорқыт бейнесі арқылы аймақтың жалпы рухани-тарихи мұраларының қайта жаңғыруына жол ашылды. Бастысы, бірнеше жылғы жоспарлы жұмыс текке кеткен жоқ, түркі халықтарына ортақ абызы – Қорқыт атаның ұрпағына қалдырған құнды мұралары ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени және табиғи мұралары тізіміне енетін күні жақын. Отандық ғалымдардың зерттеу еңбектері, дәлелдемелері ЮНЕСКО ұйымы мен ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияға тапсырылған болатын. Қорқыт атаның бай дүниесі жаһан жұртын қызықтырып отыр. Мамандардың айтуынша, бабаның жаңғыртылған мемориалды кешенін тамашалауға былтыр 16 мыңнан астам шетелдік қонақ келіпті. Кешеннің ауқымдылығы мен сәулеті мұнда келген туристерді таңқалдырмай қоймайды. Міне, талайды тамсандырған сол киелі кешен бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі нысандарының бірі ретінде көрменің туристік бағытына қосылып отыр. Мұнан бөлек, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Досжановтың айтуынша,  алдағы уақытта Ресей мемлекеті, ТМД елдерінен туристер келеді деп жоспарланып отыр. Кәрі құрлықтағы Франция, Англия, Германия және аспан асты елінің туроператорлары қызығушылық танытуда. Нақты кезеңде қазақстандық 7 туроператор белгіленген. Байқоңыр кешені мен Қорқыт ата мемориалдық кешеніне бір бағытта баратындай арнайы турпакеттер әзірленеді.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз