ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ

141

0

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІОрталық алаңда 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, құқық қорғаушыларды мерекемен құттықтап, автокөліктердің кілтін табыстады.

– Қоғамда қылмысты болдырмау мен құқық бұзушылықтың алдын алу тікелей тәртіп сақшыларына байланысты. Ал осы міндетті мінсіз атқару үшін материалдық-техникалық база нығайтылуы қажет. Соңғы 4 жылда осы бағытқа бөлінген қаржы 6,5 млрд теңгеге жетті. Биыл да осындай бірқатар шара атқаруды көздеп отырмыз. Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмыстары нәтижесінде облыста қылмыс көлемі 11 пайызға азайды. Елге адал қызмет етіп, халықтың қорғаушысы болыңыздар, – деді аймақ басшысы.

Шара барысында «Toyota Corolla» маркалы 69 автокөліктің кілті табыс етілді. Бұл қызметтік көлік жол-патрульдік полиция батальонына пайдалануға берілмек. Өз кезегінде ол жұмыс жеделдігін арттыруға септігін тигізеді. 

Сонымен қатар, аймақ басшысы орталық алаңдағы станционарлы полиция бекетінің ашылу рәсіміне қатысты. Құқық қорғаушылардың бақылау орны заманға сай жабдықталып, компьютер, бейнекамера, қажетті техникалармен қамтамасыз етілген. Мұндай ыңғайлы бекеттер Ресейдің Самара қаласындағы тәжірибе бойынша жасалып отыр. Енді осыған ұқсас 13 бекет қаланың өзге аумақтарынан ашылады. Айта кетейік, мұндай ыңғайлы бақылау орны еліміз бойынша тек Қызылорда қаласында қолданысқа еніп отыр. 

***

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІА.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қазақстан полициясы күніне орай облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен мерекелік шара өтті. Салтанатты кешке ішкі істер органы қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.

Осыдан 25 жыл бұрын 23 маусымда «ҚР Ішкі істер органдары туралы» заң қабылданып, кейін осы дата мереке болып белгіленді. Содан бері ширек ғасыр ішінде құқық саласында реформалар жасалып, қоғамдық тәртіпті нығайту жолында түрлі шаралар қолға алынды. Қылмыс пен қоғамдық тәртіптің алдын алуда орган қызметкерлері өлшеусіз үлес қосты. Шара барысында сөз алған аймақ басшысы құқықтық сана қалыптастырудағы полиция қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп, мереке иелерінің мерейін өсірді.

– Еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы бәрінен де қымбат екенін Елбасы үнемі айтып келеді. Ішкі істер органдары қоғамдағы құқықтық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қалтқысыз еңбек етуде. Қылмыстың алдын алуда уақытпен санаспай, қатерге қарсы жүріп қызмет ететін сақшыларға қашан да қоғамның алғысы ерекше.  Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай ішкі тұрақтылық пен келісімнің нығаюына айрықша атсалысып, антқа адалдық танытып келесіздер. Айналамызда түрлі қақтығыстар орын алып жатқанда сіздердің жауапкершіліктеріңіздің арқасында мемлекетімізде мұндай оқиғаларға жол берілген жоқ. Бұл сіздердің батылдықтарыңыз бен Отанға деген сүйіспеншіліктеріңізді білдіреді, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, салтанатты шара барысында өз ісін жауапкершілікпен атқарған департамент қызметкерлері түрлі марапатқа ілікті.

Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың жеделхаты оқылды. Онда елге адал қызмет етіп жүрген ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жылы лебіздер айтылған. Ішкі істер министрінің құзырымен 24 қызметкер марапатталса, 210 қызметкерге «Қазақстан полициясына – 25 жыл» мерекелік төсбелгісі табысталды.

Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қ.Мұхитов қызметкерлер мен ардагерлерге  мерекелік тілегін жеткізді. Мерекелік кеш одан әрі эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың әншашуына ұласты.
М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз