ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰНЫ МЕН ҚҰРЫЛЫС ШЫҒЫНЫ СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ

39

0

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰНЫ МЕН ҚҰРЫЛЫС ШЫҒЫНЫ СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы мәселе қаралды. Селекторлық жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындалған бағдарлама аясында былтыр 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Дегенмен, кейбір өңірлерде құрылысқа бөлінген бюджет қаражаты игерілмей қалса, бірқатар облыстарда несиелік-арендалық тұрғын үй құрылысы кешіктірілуде. 
Үкімет отырысында баяндама жасаған Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев бағдарламаға өзгерістер енгізуді ұсынды. «Әкімдіктердің мәліметі бойынша, 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны оның құрылысына кеткен нақты шығындарға сәйкес келмейді. Мысалы, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында бағдарлама бойынша қолайлылығы 3-ші деңгейлі 1 шаршы метр тұрғын үйдің бағасы 90 мың теңгені құраса, мемлекеттік  сараптама қорытындысы бойынша оның бағасы 117-134 мың теңгені құраған. Демек, бекітілген мөлшерден 30-50 пайызға артық»,–деді министр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бағдарламада қарастырылған сома тұрғын үй құрылысы үшін жеткіліксіз болып отыр. 
– 2013 жылы жалға берілетін баспана құрылысы үшін республикалық бюджеттен елдегі облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктеріне 27,5 млрд. теңге мақсатты трансферттер бөлінген болатын. Осы соманың 27,3 млрд. теңгесі немесе 99,4 пайызы игерілген. Шығыс Қазақстан облысында 63,1 млн. теңге және Солтүстік Қазақстан облысында 47,6 млн. теңге игерілмей қалған. Жалға берілетін баспананы енгізу бойынша жылдық жоспарды барлық әкімдіктер орындады деуге болады,–дей келе, Б.Жәмішев биыл әкімдіктер қаражатты игермеген жағдайда министрлікке игерілмеген қаражатты біржақты қайтып алуға құқық беретін қосымша келісім жасауды ұсынды. Үкімет басшысы министрдің бұл ұсынысына қолдау көрсетті. «Өңірлік даму министрлігі республика бойынша жалпы оператор болуы керек. Министрлікке мұндай құқық беріледі, осы мәселені қарастырамыз»,–деді Серік Нығметұлы.
Селекторлық отырыс барысында аймақ жетекшілері мен ведомство басшылары бағдарламаны іске асырумен айналысатын орталық мемлекеттік органдар мен операторлар өкілдерінің де жасап жатқан жұмыстары қаралып, талқыланды. Премьер-министр мемлекеттік бағдарламаның орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертті. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз