ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАНАТЫН ЖАЯДЫ

59

0

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАНАТЫН ЖАЯДЫЕлбасы өзінің биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтарын атап көрсеткен болатын. Шындығында, әлемнің озық отыз елінің қатарына ену оңай шаруа емес. Ол үшін алғаш кезекте ел экономикасының барлық саласын дамытуды қолға алу қажет. Соның ішінде құрылыс саласын өркендетудің орны бөлек. Өйткені, қандай адамның болмасын жайлы өмір сүруі басындағы баспанасы мен сапалы қызмет көрсететін түрлі әлеуметтік нысандарға да тікелей байланысты. Онсыз елдің өсіп-өркендеуін елестету де мүмкін емес.
Биылғы жылы халық алдында есеп берген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың құрылыс саласындағы соңғы жылдары жүзеге асырылған істер мен алдағы жоспарлар жайын кеңінен айтып берген болатын. Соның ішінде бір көңіл қуантарлығы, өткен жылғы жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 16,7 пайызға артып,150 млрд. теңгеден асқан. Сөйтіп, облыс құрылыс саласындағы өсу қарқыны бойынша өңірлер рейтингінде алғашқы орынға шықты. Бір айта кетерлігі сол, бұл жылы 270 мың шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 2275 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Жалпы былтырғы жылы «Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 4,8 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржы есебінен 200 пәтерлі төрт несиелік тұрғын үй мен 219 пәтерлі 33 жалға берілетін тұрғын үй пайдалануға берілді. Мұнан бөлек, «Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласы мен Әйтеке би кентінде және Жалағаш ауданында барлығы 133 пәтерлі 55 тұрғын үй салынып, онда көпшілік қауым қоныс тойын тойлады.
Бір көңіл аударарлығы сол, облыс орталығы – Қызылорда қаласында замана ағымына сай көрсе көзтартар сәулетті тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп салынуда. Бұл жолда қызылордалық құрылысшылардың әрбір нысанды уақытында әрі сапалы салуға дағдыланғанын анық аңғаруға болады. Әсіресе, Сыр құрылысшылары жыл өткен сайын бұл бағыттағы жұмыстарға қарқын қосып, өз шеберліктерінің жоғарылай түскенін көрсетіп келеді. Әрі бұл саладағы жұмыстардың басым бөлігі жаңартылған техника күшімен атқарылуы да құрылыстың жүйелі жүргізілуіне өз септігін тигізуде.
Сонымен, биылғы жылы да облыстағы құрылыс жұмысы жандана түспекші. Соның ішінде 95 жалдық және 6 ипотекалық тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өз кезегінде бұл 836 отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге жол ашады. Әрі жалға алынатын бұл үйлердің құны да арзан болмақ.
Сонымен қатар тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Қазақстан ипотекалық компаниясы” «Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры” акционерлік қоғамымен бірлескен жұмыстарды да қолға алып отыр. Осы мақсатта ипотекалық компанияға биылғы жылы қаладан 50 пәтерлік бес тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін төрт гектар болатын екі жер учаскесі де бөлінген. Акционерлік қоғаммен бірлескен осындай істі «РМЗ Шапағат” ЖШС да жүргізбекші. Серіктестік өз кезегінде 12 тұрғын үй салмақшы. Бұған қоса, қорға 35 пәтерлік алты тұрғын үй салуға жер учаскесі бөлінген. Қазіргі күні бұл істің жобалау-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Сондай-ақ, бүгінде қаладан үй құрылысы комбинатын салу ісі де қолға алынып отыр. Тұрғын үй салуға мамандандырылатын бұл комбинаттың ішкі инженерлік коммуникация құрылысын мемлекеттік қолдау аясында облыс әкімдігі «Байқоңыр” ӘКК ҰҚ” АҚ арқылы жүзеге асыратын болады.
Әрине, құрылыс жұмысын айтқанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына орай атқарылар істер де қатар жүретіні рас. Өкінішке орай, қажетті ресурстардың аздығынан бұл жұмыс өткен жылы тоқтап қалған еді. Дегенмен де, аймақ басшысының қолдауымен облыстық бюджеттің есебінен бірінші кезектегі қажетті қаражат табылып, жоспарланған жұмыс жүзеге асырылды. Енді биыл республикалық бюджеттен осы мақсатқа 2 миллиардтан астам қаржы тартылатын болады. Бұл қаржыға 95 тұрғын үй мен бес шақырымдық жылу жүйесі қайта жаңғыртылады. Сондай-ақ, облыс орталығындағы апатты жағдай алдында тұрған екі тұрғын үй қайта салынады. Сөйтіп, облыстың құрылыс саласындағы жақсы істер биыл да жалғасын таба бермекші.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз