ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА 22 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛАДЫ

56

0

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА 22 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛАДЫБиыл кезектегі әрбір төртінші тұрғын пәтерлі болады

Сыр бойында тұрғын үй құрылысы сонғы жылдары ерекше қарқынмен дамуда. Дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде Қызылорда облысы тұрғын үй құрылысына рекордтық сома – 22 млрд теңгені иемденуге қол жеткізді. Сөйтіп, мемлекет пен қаржы институттарының қолдауымен 2016 жылы 3 мыңнан астам пәтер салуға қол жеткізілмек.

Иә, «Үй болмай, күй болмайды» деген бұрынғылар. Баспана мәселесі бұл күнде кімді болса да бейжай қалдырмайды. Дегенмен, еліміздегі баспанаға деген мұқтаждықты төмендету мәселесі Елбасының 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» Жолдауында жан-жақты айтылған болатын. Сол Жолдауында Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесі бойынша тиісті мекемелерге жаңа талаптар мен міндеттер жүктеп, нақты тапсырмалар берді.

Бүгінгі күні Сыр өңірінде осы тапсырмалар жоғары деңгейде орындалу үстінде деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, тұрғын үй құрылысы облыста жыл өткен сайын қарқын алып келеді.

Мәселен, 2014 жылдың қорытындысымен 264 пәтердің кілті тапсырылған болса, былтыр 2684 отбасы баспаналы болды. Нәтижесінде бір жылдың ішінде қалада пәтер кезегінде тұрғандардың 17 пайызы үй алды. Өткен жылы облыс бойынша 53 көпқабатты үй салынса, биылғы жылы 67 тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі деген меже бар. Кезегін күтіп жүрген халықтың 24,3 пайызы осы жылы пәтер алғалы отыр. Бұл кезекте тұрған әрбір төртінші тұрғын пәтер алады деген сөз. 2 жылда үй кезегінде тұрғандардың 41 пайызы баспанамен қамтамасыз етілетін болады. Бұл – үлкен жетістік.

Осы орайда, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің басшысы Қуандық Бишімбаевтың «Қаржылық қиындықтарға қарамастан Қызылордада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс аумағында барлық инфрақұрылым мәселесі шешілген. Жоспарға сәйкес тұрғын үйлерді қыркүйек айында пайдалануға беретін боламыз» деген пікірін келтіріп кеткен артық болмас.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы Қызыл­ордада жалпы саны 1 230 пәтерді құрай­тын 24 көпқабатты үйдің құрылысы жүр­гізілуде. Жобаның жалпы құны 6 млрд теңгеден асады. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесіп, 3 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйім» деп аталатын жаңа бағдарламасы Қызылорда облысынан бастау алды. Осы бағдарлама аясында Қызылорда қаласында 40 мың шаршы метрді құрайтын 12 көпқабатты тұрғын үй салынатын болады. Жаңа бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшысы Айбатыр Жұмағұлов меморандумға қол қойды.

Осы келісім негізінде қаладағы «Сырдария» шағын ауданынан 100 пәтерлік 2 көпқабатты тұрғын үйдің ағашқы іргетасы қаланды. Ал қалған 500 пәтерді құрайтын 10 көпқабатты тұрғын үй жаңадан бой көтеретін «Арай-3» шағын ауданында салынады. Бұл жыл ішінде «Өз үйім» бағдарламасы арқылы600 қызылордалық баспаналы болады деген сөз.

– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы тұрғын үй салу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 3 аймақтың ішінде. «Өз үйім» бағдарламасын осы аймақтан бастауымыздың да себебі бар. Жергілікті басшылар құрылыс жүргізу үшін қажетті инфрақұрылымды дайындап, барлық жағдайды жасап отыр. Сондықтан да жаңа бағдарлама Сыр өңірінде бастау алып отыр. Сонымен қатар, үйлердің сапасын да ұдайы бақылауда ұстайтын боламыз, – деген болатын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшысы Айбатыр Жұмағұлов.

Облыс әкімінің тапсырмасына орай апаттық жағдайдағы үйлердің мәселесі де шешімін табу үстінде. Нақтылай түссек, 2013 жылы 25 апаттық үй тіркелген болатын. Олардың орнына жаңа нысан салу үшін 60 пәтерлік 5 үйдің, 100 пәтерлік 1 үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Бүгінде 144 пәтер тұрғындар игілігіне беріліп үлгерілді. Биыл 100 пәтерлік 1 үйдің және 60 пәтерлік 2 үйдің құрылысы басталмақ. Демек, апатты үйлер мәселесі келер жылы толығымен шешіледі.

Аймақта тұрғын үй құрылысының мұндай қарқында дамуы бұрын-соңды болған емес. Мемлекет қаржысы есебінен салынатын тұрғын үй көлемі облыс бойынша 2015 жылы 3,5 есеге, ал Қызылорда қаласындағы тұрғын үй құрылысы 8 есеге артқан. Қорыта айтқанда, жыл басының өзінде Қызылордада 19 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бас­талды. Демек, биылғы жылы да мыңдаған сырбойылықбаспана бақытына кенеледі.

 

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз