Тұрғындар тілегіне тиянақты жауап

100

0

Өткен сенбіде облыстық қоғамдық кеңесте облыс әкімінің орынбасарлары Р.Рүстемов, С.Қожаниязов және  облыстық басқарма, департамент, аумақтық инспекция басшылары, қала әкімінің орынбасарлары қаты­суымен қоғамдық қабылдау өтіп, халықтың толғандырған сауалдарына жауап берді. Жиын барысында түрлі сұрақтар қойылды. Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.

Қапан Нағашыбаев  қаладағы  С.Торайғыров көшесінің тұр­ғыны. Айтуынша, олар тұратын аймақ №2 қалалық емханаға қарайды. Ең бірінші сол жерге жету қиын. Көлік қатынасы толық шешілмеген. Екіншіден, емхананың күндізгі бөлімі ашыл­ғанымен, техникалық құ­рыл­ғылар жоқ, ешқандай ем-шара жұмыстары жүргізіл­мейді. Сон­дай-ақ, пациент­терге арналған орын қарас­тырылмаған.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары  Р.Рүстемов  өңір­де 2013 жылдан бері аймақ басшысының қолдауымен ден­саулық сақтау саласына көп көңіл бөлініп келетінін атап өтті. Қазіргі күні көрсеткіш беретін аурулар түрі бойынша “Жол картасы” қабылданған. Соңғы 3-4 жылда бұл салаға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Денсаулық саласын материалдық-техникалық ба­замен қамту өткен жылға дейін 45 пайызды құраған. Биыл едәуір алға жылжу бар. Республика бойынша орташа көрсеткішіміз 80 пайызды құрайды. Компьютер, өзге де қажетті техникалардың жетіспеушілігі бақылауға алынып отыр. – Ал, күндізгі емхананың жұмысын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназароваға тапсырамын, – деді.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары А.Шәменов, ол жерде үлкен сыйымдылықтағы автобустардың бұрылып шығып кетуі қиындық туғызғанын, соған орай кіші сыйымдылықтағы көліктер қойылғанын айтып, бұл мәселе әлі де пысықталатынын жеткізді.

Сондай-ақ қала тұрғыны Мұсахан Әбдіқадыров, “Сыр сүлейі” аллеясына Қаңлы Жүсіптің есімін енгізсеңіздер деген ұсыныс білдірді. Сонымен бірге ол аяқ су мәселесі, саяжайларды сақтау, оларға бөгет арқылы арық тартылса, тұрғындар көгалдандыру жұмыстарын жүр­гізер еді деген ойын жеткізді.

А.Шәменовтің айтуынша, Арайдағы бұрынғы саяжай­ларға арнайы дариядан арық жіберуге мүмкіндік жоқ. Ал құбыр орналастыру үшін мамандармен ойласып, зерттеу жұмыстары жүр­гізіледі.                                              

Сауалға орай Руслан Рүстем­ұлы, мынадай мәселені ай­тып өтті.

– Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіп бұрын  жазбаша айтысқан ақындар. Оны тарихтан бәріміз білеміз. Көтеріп отырған сұра­ғыңыз орынды. Екеуінің есімі қатар тұруға тиісті. Сондықтан мұны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен қала әкімінің орынбасары Ш.Баймановқа тапсырамын. Ал, ескі жолдарды зерттеуге келер болсақ, жыл басынан “Рухани жаңғыру” орталығы жұмысын бастауда. Онда көптеген ғалымдар бар. Бұл мәселені сол кісілер археологтармен біріге оты­рып шешетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Қоғамдық қабылдауда, сон­дай-ақ, қала тұрғыны, зейнет­кер Тұрабай Майшаубек дәрі-дәрмек бағасына қатысты ұсынысын жеткізді. Зейнеткер атап өткендей, әсіресе, көздің дәрілеріне ешқандай жеңіл­діктер қарастырылмаған. Көз ауруларының ішінде «глаукома» деген ауру бар. Мұның дәрілері өте қымбат. Оған зейнеткелер үшін қолжетімділік аз. Сондай-ақ, зейнеткер жүрек ауруына орай үш ай бұрын порталға тіркелгенін  әлі күнге кезегі келмей отырғанын айтты.

Облыс­тық денсаулық ­сақ­тау бас­­қар­масының басшысы Ақмарал Әлназарова негізі те­гін дәрі-дәрмектің тізімі Ден­саулық сақтау министрлігінің ұсы­нысы­мен бекітілетінін мәлімдеді.

– Сіздің «глаукомаға» байланысты айтқан ұсынысыңызды қабылдаймын. Қаңтар айынан бастап берілетін тегін амбула­ториялық дәрілерге республикадан 384 млн теңге бөлінді. Сол себепті бекітілген тізім бойынша ешқандай қиыншылық тумайды. Сонымен қатар, өзіміздің жергілікті мәслихат арқылы тегін дәрілердің қатарын көбейтуге мүмкіндік бар. Бірақ бұл сирек кездесетін аурулар мен өте қымбат болатын дәрілерге қарас­­­тырылады. Порталды айтар болсақ, оның өз ережесі бар. Жоспарлы түрде баратын болғандықтан, күтуге тура келеді. Себебі, оған қаржы министрліктен бөлінеді, – деді басқарма басшысы.  

Жалпы халық пен билікті байланыстырған бұл жиында тұрғындардың айтары көп болды. Сұрақтардың басым бөлігі аяқсу, жаяу жүргіншілер жолы, көлік қатынасы, жер алу мәселесі мен денсаулық саласына қатысты өрбіді. Басшылық мұның барлығын тыңдап, тиянақты жауап берді. Әрбір айтылған мәселе сол күйінде қалмай, іс жүзінде жүзеге асатынын жеткізді. Сондықтан халықтың тілегі үнемі назарда болмақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз