Төскейде түлеген төрт түлік

132

0

Төскейде түлеген төрт түлік Сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР вице-премьері – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Жаңақорған, Шиелі аудандарында жұмыс сапарымен болды. Мәртебелі меймандар бірқатар ауыл шаруашылығы құры­лым­дарын аралап, Жаңақорған ауданының орталығында  Қызыл­орда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарымен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің мамандары, республиканың белгілі ғалымдары  шақырылған «Мал шаруашылығын дамытудағы кооперацияның рөлі туралы»  аймақтық семинар-кеңеске қатысты. Сол күні кешке Жаңақорған ауданының тау бөктерінде «Үсен бауындағы» ІІІ облыстық малшылар слетінде болып, озаттарды  марапаттады.
Қоғамдық формациялардың өз­ге­рістеріне байланысты қазір на­рық­тық экономиканың үстемдік етіп тұрғаны  белгілі. Осы талапқа сай жалпы аймақтағы малдың 74 пайызы жеке шаруалар мен шаруа қожалықтарының үлесінде. Мал басын өсіру мен олардың бағымы, ветеринарлық күтімі мал иелерінің іскерлігі мен қабілетіне қарай жүзеге асырылады. Алайда, тұтынушыны сапалы ет-сүтпен қамтамасыз етудің де өз жауапкершілігі бар екендігі түсінікті. Осы орайда әрқайсысы өз ыңғайына қарай жұмыс ұйымдастыратын шаруашылықтар мен жеке қожалықтардың жұ­мысын үйлестіру қажеттігі туындайды. Өйткені, халықты мал өнімдерімен қамтамасыз ету мәсе­лелерінің төмендігі және өзіндік түйткілдерінің орын аларлығы да  анық. Міне, бес облыстың мал мамандары мен ғалымдардың, атқарушы орган басшылары қатысқан жиынында мал шаруашылығын замана талабына  сай дамыту барысы сөз болды. Ірілендірілген ауылшаруашылық құрылымдары, кооперациялардың міндеттері зор екені аталған жиынның арқауына айналды. Сондықтан да ауыл шаруашылығы саласы, оның ішінде халқымыздың атакәсібі саналатын мал шаруашылығын дамытуға Үкімет баса назар аударады. Аталған семинар-кеңестің ашылуы барысындағы  алғысөзінде облыс әкімі Қ.Көшербаев  аймағымыздағы мал шаруашылығының қазіргі нақты жағдайына шолу жасады. 
Төскейде түлеген төрт түлік ҚР вице-перемьері – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов мемлекеттік бағдар­ламалар аясында іске асырылып жатқан ауыл шаруашылығын қолдау шаралары туралы кеңінен әңгімеледі. Мал шаруашылығын қолдау барысында халық көкейіндегі талап-тілектер ескеріліп, елмен етене еңбек етудің жаңа жолдары қарастырылғанын айтты. Биылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге кепілсіз не­сие, субсидиялар беріліп, құрал-жаб­дықтар 50 пайызға арзан­да­тылатындығын, көптеген же­­ңіл­дік­тер қарастыры­латынынан хабар­дар етті. Ауыл адамдары мен ауыл­дың өсіп-өркендеуіне қатысты шара барысында ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі ауыл шаруашылығы коо­пе­ративтері департаментінің директоры Берік Нығмашев жақ­сы әңгіме өрбітті. Сөз түйінін ауылшаруашылық кооперацияларын құру мен шаруашылықтарды ірілендіру мәселесіне тіреген ол облыстар бойынша нақты цифрларды да жайып салды.
– Мәселен, Қызылорда облысында 35 ірілен­дірілген кооперация құру тапсырмасы бола тұра, оның нақты кезеңде саны облыста 18-ден артпай тұр. Сондай-ақ, осы аймақта 31 мал сою пункті қажет болса, олардың саны әзірге тек 6-ау ғана. Сүт қабылдау қоймаларында заманауи қондырғылардың да болмауы іске кедергі, – деді ол.
Сонан соң «Ауыл шаруашылы­ғын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров нақты кезеңде «Ынтымақ», «Береке» бағдарламаларының ауыл  шаруа­шылығы құрылымдарын қар­­­жылай қолдауға ықпал ететінін жет­­кізді. Тек, тиісті құжаттарды рәсім­­деуде мамандардың білгірлігі мен ізденімпаздығы, әбжіл қи­мылы қажет. Мына нарық заманында қол жеткен табысқа тоқ­­­мейілсіп, жайбарақат жүру – ір­ге­лі істің өркендеуіне көп ­ке­дер­гі. Семинар-кеңес барысын­­да жергілікті кооперация басшылары да өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, «Шиелі төрт түлігі» АӨК төрағасы Сабыр Ермаханов және «Миялы» АӨК төрағасы Абдулла Әбсаттаров  хабарлама жасады.
Республиканың 5 облысынан өкілдер келген семинар-кеңестің өткізілуі Қызылорда облысында соңғы 3 жылдан бері дәстүрге айналған облыстық малшылар слеті­нің ұйымдастырылуымен тұспа-тұс келіп, бір-бірін толықтырды десек, артық емес.
– Қазір Иран, Қытай, ­Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өнді­рілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросек­торға инвестиция салуға, өндірілген ауылшаруашылық өнімдерді сатып алуға дайын екенін білдіріп отыр. Осыған сәйкес биылғы жылдың өзінде облыс аумағынан 100 тонна мүйізді ірі қара етін және 25 тонна қой етін экспортқа шығаруды жоспарладық. Бүгінде Иранға қойды тірідей экспорттауға қызығушылық білдірген бірнеше ирандық компанияның басшылары біздің шақыруымызбен облыс­та болып, мал және ет сатып алу жө­нінде келіссөздер жүргізілуде. Осы бағытта «Сыр маржаны» және «Шаған жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 6000 басқа арналған жаңа ­заманауи мал бордақылау алаңдары экс­порт­қа шығаратын ірі қара етін өндіретін болады. Сонымен қатар,Сырдария ауданында «Абай-Дәулет» серіктестігі 10 мың бас қой бордақылау алаңы мен жылына 250 тонна қозы етін өндіретін кешеннің құрылысын аяқтап, жұмысын бастады, – деді аймақ басшысы. Дала төсі мен ен ­жайлауда тынымсыз еңбек ететін ­малшы­лар қауымы Асқар ­Мырзах­метов­тің құттықтауы мен ­республика­лық ауыл шаруашылығы қызметкерлері­нің салалық кәсіптік одағының төрағасы Әбубәкір Сүлейменовтің лебізінен өздеріне деген құрмет пен сенімнің бар екенін сезініп, үлкен серпіліс алды. Облыс әкімі мал шараушылығының ­озаттарын «Алғыс хаттармен» ­марапаттап, бағалы сыйлықтар ­тапсырса, озаттар мәртебелі меймандар қолы­нан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын алды. Арнайы құттықтау мен бағалы сыйлықтарға аймақтағы 30 озат малшы ие болып, қуанышқа бөленді. Малшылар слетінің соңынан мерекелік концерт қойылып, онда республикаға белгілі өнер саңлақтары ән-биден шашу шашты. Жерлесіміз Лена ­Әбдіқалықованың кү­міс көмейінен төгілген ән еңбекшіл қауымды сер­пілт­ті. Шара ­барысында ұлттық спорттық ойындар ұйымдас­тырылды. Ақ шаңқан киіз үйлерде ұлттық тағамдар тар­қатылып, қонақжайлылық лебі есті.
Төскейде түлеген төрт түлік Сыр өңірінің оңтүстік аудандарына жұмыс сапары барысында Асқар Мырзахметов пен Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданы Қожакент ауылындағы «Миялы» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысып, оның төрағасы Абдулла Әбсаттаровтың ұсыныс-пікірлеріне назар аударды. Кейбір мәселелерді Ауыл шаруашылығы министрі сол сәтте шешіп, шаруалардың ризалығына бөленгенін де айтқан жөн болар. Биліктің қарапайым халыққа деген жанашырлығы мен жақындауы жылы қабылданды. «Миялы» ауыл шаруашылығы коо­перативі – бұл күндері 54 жеке қосалқы шаруашылықты біріктірген, мал бордақылау алаңының жұмысын табысты жүргізіп отыр­ған ет өндіруде өзін­дік орны бар құрылым. Мұнан соң қонақтар Бесарық ауылдық округіндегі қы­за­­нақ егу және томат пастасын шығаруға бағытталған «Тату агро» шаруа қожалығының егіс алқабындағы жұмыстарымен таныс­ты. Шиелі ауданындағы үрмелі су тоспа­сына барып, облыстың су шаруа­шылығы мәселелерімен ­танысып, су шаруашылығы саласы­ның арда­герлерімен кездесті. Жер­гі­лікті мамандар мен аудан әкім­шілігінің ұсынысына сай жуырда Үкіметте жобасы қаралған Шиелі ауданындағы «Күміскеткен» су қой­масы туралы айтты. Әлгіндей су құрылыстарының қолға алынуына биылғы көктемде Сырдария арнасындағы су деңгейі соң­ғы жарты ғасырдағы ең жоғары көрсеткішке көтерілгені себеп болған еді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ. Жаңақорған, Шиелі аудандары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз