ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ӘЗІРЛІК

80

0

Сейсенбіде қаладағы авто­көлік базарында «Қыс-2017» респуб­ликалық командалық штабтың оқу-жаттығуының саптық байқауы өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, техникалардың төтенше жағдайға дайындығымен танысты.

Сырдария өзені жылда қыс, көктем мезгілдерінде мінез танытып, жағалауға қауіп төндіретіні бар. Алдын алу шаралары болмаса, дария арнасынан асып, бақылаудан шығып кетеді. Сондықтан қай уақытта болмасын қауырт қимылға дайын болу қажет.

– Бүгінгі шараның басты мақсаты – қыс мезгілінде қандай да бір төтенше жағдайлардың алдын алу мен зардабын жоюға қатысатын күштер мен құралдардың әзірлігін және өзара іс-қимылдарын пысықтау. Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің ең басты міндетіміз. Өздеріңізге белгілі, облыста қыс, көктем мезгілдерінде болатын төтенше жағдайдың бірі – су тасқыны. Бұл биыл да қиыншылық туғызуда. Қараша айының 19-нан бастап жоғарыдан секундына 1200 текше метрдей су келеді деп күтілуде. Бүгінде 94 нысанды жөндеп, алдын алып жатырмыз, – деді аймақ басшысы.         

Саптық байқауға 23 мекеме, 306 адам, 94 техника қатысты. Бүгінде авариялық құтқару жасақтарынан бөлек облыстың азаматтық қорғау қызметі бар. Аталған қызметтер облыстық, республикалық оқу-жаттығуларға, оның ішінде 10-13 қазанда  Тараз қаласында өткізілген «Жер-2017» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қаты­сып, абыроймен оралды.

Аймақ басшысы төтенше жағдайға қатысатын барлық құрылымдарға техни­каларды, жер жұмыстары мен қар тазалау жұмыстарын, адам күшін және тұрғындарды көшіруге арналған көлік құралдарын үнемі дайындықта ұстау қажеттігін ескертті.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет). 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз