Құттықтау хат

70

0

Құттықтау хатҚұрметті қызылордалықтар!
Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл мереке біздің еліміздің басты әрі қасиетті мерекесі болып табылады. Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығының Декларациясында «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі», – деп атап көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев¬тың ел тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап, ішкі және сыртқы саясатты дұрыс анықтай білуінің, дамудың қазақстандық жолын қалыптастыруының нәтижесінде біздің еліміз үшін бұл ширекғасырлық кезең ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Қазақстан қазір әлемнің дамыған қуатты отыз елінің қатарына қосылуға қадам басудамыз.
Тәуелсіз Қазақстан конфессияаралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды. Қазір қазақ жерін мекендеп отырған сандаған ұлт пен ұлыс өкілдері өзара татулық пен ынтымақты жағдайда өмір сүріп, еңбек етуде. Бұл ел тәуелсіздігінің басты жемісі мен жеңісі болып табылады.
Елбасы Ұлы Дала елі Қазақстанның Мәңгілік ел болуының барлық қағидаттарын қалыптастырып, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауды бүгінгі және келер ұрпақтар алдындағы тарихи міндет есебінде аманаттап келеді. Соған орай, Елбасының төңірегіне тығыз топтасып, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, ширек ғасырда қол жеткізген табыстарымыз бен жетістіктерімізді баянды етіп, оны еселеу алда тұрған абыройлы міндеттердің бірі деп санаймыз.
Ел тәуелсіздігінің ширекғасырлық мерекесі баршаңызға құтты болсын! Сіздердің әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасының аманшылығын тілейміз. Әр шаңырақтың бақыты мен ырыс-дәулеті арта түссін. Мәңгілік ел болуды мұрат етіп отырған Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болып, нығая берсін!
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Бекмырза ЕЛАМАНОВ,
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Балайым КЕСЕБАЕВА,
Геннадий ШИПОВСКИХ,
Қазақстан Республикасы Парламентінің
депутаттары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз