ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ТҰҒЫРЫ

59

0

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай кездесу кеші өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық этномәдени бірлестік басшылары мен белсенді мүшелері қатысты. Салтанатты жиын оқушылардың арнайы дайындаған «Ел тірегі – Елбасы» атты әдеби композициясы орындалуымен басталды.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жиыл­ғандарды мерекемен құттықтады.
– Елімізде қоғамдық-саяси тұрақ­тылық пен мемлекеттің қауіпсіздігі орнықты. Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті отандастарының үміті мен сенімін арқалаған дара тұлға екенін уақыт көші дәлелдеп берді. Қазақстан қай салада болмасын қарқынды дамыды. Еліміз саяси және экономикалық салада жүргізілген реформалардың арқасында бүгінгі деңгейге жетті. Елбасы өз елін әлемге таныта білді. Ұлтымыздың болашағы баянды, келешегі кемел болсын, – деді ол.
Кездесуде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова Мемлекет басшысының бағдарламалық ма­қаласын орындау мақсатында облыс­тық ассамблея «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы мен «Өңірлік қайырымдылық жасаушылар форумы» секілді жобаларды іске асырғанын атап өтті.
– Елбасы басшылығымен Қазақ­стан өз мемлекеттілігін барлық ны­шандары бар, этносаралық және кон­фессияаралық келісіммен жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бейбіт өмір сүріп, еңбек етіп жүрген, тең құқылы мемлекет ретінде қалыптастырды. Елімізді тар жол-тайғақ кешу талай кезеңдерден сүріндірмей, әлем мойындаған мемлекеттің негізін қалады. Сондықтан елдегі игілік­тердің барлығы Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз бай­ланысты. Елбасы тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысының, ондағы еңбексүйгіш халықтың ертеңіне қажетті бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болды. Елбасының Сыр еліне жасаған әрбір сапарынан мұндағы халықтың келешекке деген сенімі арта түсті, – деді.
Кездесу барысында Елбасы өмірінен сыр шертетін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы деректі фильмнің көрсетілімі болды. Сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымдарының өкілдері, этно­мәдени бірлестіктің жетекшілері сөз сөйлеп, мерекелік күнге орай ой-пікірлерін ортаға салып, жылы лебіздерін білдірді.
Шынар БЕКБАН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз