ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТҰҒЫР БОЛҒАН АТА ЗАҢ

166

0

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ  ТҰҒЫР БОЛҒАН АТА ЗАҢТәуелсіздікке – тірек, елдігімізге қорған болып, рухымызға күш-қуат берген Ата заңымызға биыл 21 жыл толды. Осы уақыт аралығында мемлекетіміз ұлы істерге жол салып, кездескен қиындыққа қайыспай қарсы тұрды. Әлемдік қауымдастық Қазақстанды дербес ел ретінде мойындады. Әрине, мұның барлығы тұғыры биік, қасиетті Ата Заңымыздың арқасында жүзеге асты. Кеше Қызылорда қаласындағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Конституция күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Шара көк байрақты төрге әкеліп, ел әнұранын шырқаумен басталды. Сонан соң, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа құттықтау сөз берілді.

– Құрметті қазақстандықтар, қадірлі жерлестер! Конституция – мемлекетіміздің ең басты құндылығы. Осынау мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз  тұғырлы, елдігіміз еңселі, бірлігіміз бекем болсын! Өздеріңізге белгілі, осыдан 21 жыл бұрын Елбасының көреген саясатымен тәуелсіз еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау халықтың таңдауына берілді және халық оны қолдады. Еліміздің Ата Заңы – әлемдегі ең жас, әрі жалпыхалықтық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік конституциялардың бірі. Онда бекітілген нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін, заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Жаһандану заманында алдына жасампаз мақсаттар қойған біздің халық үшін Ата Заңымыздың әлемдегі ең үздік конституциялардың қатарынан орын алуы бағытымыздың дұрыс екендігін аңғартады. Әрине, біз талай қиыншылық пен экономикалық дағдарыстарды, саяси сындарды бастан өткізіп келеміз. Бәсекелестік талаптары күшейді. Адамзат үшін мүлде жаңа экономикалық, технологиялық, ақпараттық және мәдени орта қалыптасуда. Соған қарамастан, біз жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, Елбасының бастауымен ХХІ ғасырдағы ең озық 30 елдің қатарына кіруді мақсат еттік. Бүгінде өңірімізде барлық салалар бойынша нәтижелі істер атқарылуда, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі, сондай-ақ, аймақтың даму қарқыны жайына тоқталып, жеткен жетістіктердің бейбіт те берекелі өміріміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғандығын жеткізді. Соңғы жылдары Сырдың елі серпінді дамудың даңғыл жолына түсті. Оның жарқын дәлелі – аймақ тайқазаны жыл сайын толығып, қазіргі күні 230 млрд. теңгені құрап отыр. Өз кезегінде бұл қаржы елдің әлеуетін көтеріп, экономикасын жоғарылатуға жұмсалуда. Төгілген тер мен тынымсыз еңбек нәтижесіз емес, еңбек өнімділігі мен өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші жөнінде республикада көш басындамыз. Азық-түліктер бағасының төмендігі жөнінен де, тұрғын үй салудан да алдыңғы лек қатарынан орын алудамыз. Экономиканы әртараптандыруға үлес қосуға талпынған, жаңа кәсіп бастағысы келетіндерге берілетін несие көлемі биыл 2 жарым есеге артып отыр. Ауыл шаруашылығы саласындағы орнатылған рекордтар өз алдына, балық экспорты соңғы 2 жылда 45 пайызға артты. Байқоңырлық қандастардың мәселесі де сатылап шешімін табуда. Ғарышты шаһардағы мектептер білім берудің отандық стандарттарына көшіріліп, аурухананы өз меншігімізге алдық. Бүгінде Сырдария сол жағалауынан екінші қала тұрғызудың қам-қарекеті жүріп жатыр. Екі аралықты жалғайтын көпір жақын күндері пайдалануға берілмек.

Салтанатты кеште жерлесіміз, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан мерекелік арнау айтып, жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастады. «Бейбіт күн басымызда мәңгі тұрсын» деп тілек арнаған ол Ата Заңымыз турасында тағылымды жыр төкті. Мереке одан әрі сырбойылық өнерпаздардың өнерімен жалғасын тапты.

 

Нағымжан САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз