«ТУУ» СӨЗІН «ӨЛТІРМЕЙІК»

130

0

Ата-бабамыз қабырғасын алтын кесекпен қалап кеткен ана тілімізде ұғымынан ажырап қалған тұрақты тіркес, айшықты сөздердің алдымыздан жиі шығатыны бар. 
Мысалы, тілдік қорымызға қашан енгенін қайдам, «келуі мұң екен» деген сөзді жиі айтамыз. Сөйлем құрайық, «Апамның келуі мұң екен, үйге қуаныш пен береке бірге кірді». Қуаныш пен береке кірген жерде «мұңның» жүргеніне жол болсын. Мұның дұрысы әлгінде айтқанымыздай, «Апамның келуі міне екен, үйге қуаныш пен береке бірге кірді». Осындағы «мұң екеннің» төркіні «міне, екен» сөзінен шығып, «жылжитын аңның» «жылан» болып кірігіп кеткеніндей күйге түскенін байқаймыз. Айтыла-атыла қолданысқа дендеп енген мұндай сөздерге қазір кешіріммен қарайтын болдық.
Біздің бүгінгі айтпағымыз – «туу» түсінігіне қатысты сөз. 
Осы күні көп жұрт «туылған күніңмен» деген тіркесті қолданады. «Сыр бойында туылған азамат» деп сөйлем құрайды. Осылай сөйлеуді басқа емес, сөз жанашыры журналист қауымының қалыптастырып жібергенін айтпау, ауруымызды жасырғанмен бірдей. Себебі бұл сөзді қазір газеттен де, телеарнадан да жиі оқып, естіп жүрміз. 
«Туған күніңмен» дегенді анамнан туған күнім деп түсіну сонша ауырлық әкелмеуі керек еді, бірақ, бұл жұрт неге олай түсінбейді? Оған дәлелдері де бар сияқты. «Бала өздігінен тумайды, ол – туылады» дейді-міс. Бір қарағанда қисын бар, бірақ қазақ осы «туу» сөзін «малым туды» деп қора жақтағы жандығына қарата айтқан. Ананы «бала тапты», «босанды» дейді. 
Ал, тілдің де, ділдің де ұлысы болған аталарымыз не дейді?
«Туғанда дүние есігін ашады өлең» – Абай. «Туған жан өлмек, тағдырға көнбек» – Шәкәрім. «Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай» – Мұқағали.  Осылардың қайсысы «туылған» деді немесе неге демеді? Мұқтар Мағауин осы сөз жайында тіпті қатты айтыпты: «Туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар». 
Құжаттарда да «Туған жылы, айы, күні» деп жазылады емес пе? Ендеше, бұл тулақтай қатқан «туылған» сөзі қайдан шықты?
Өркениетті биология ғылымы қазір клондау жолымен жан-жануарды көбейту әдісіне кірісіп-ақ  кетті. Егер осы әдіспен өмірге келген біреу болса, анадан тумағандар солар, «туылған күніңмен» деп осыларға айтсақ жарасатын шығар.               
                                                                                             Д.АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз