Туым – теңдігім, Елтаңба – елдігім, Әнұран – АЙбыным

284

0

Туым – теңдігім, Елтаңба – елдігім, Әнұран – АЙбынымӘрбір  мемлекеттің тәуелсіздігінің, біртұтастығының ажырамас бөлігі – мемлекеттік рәміздері. Әлемде елдіктің басты белгілері – Ту, Елтаңба, Әнұранды төріне іліп, көгінде шалқыту бақыты бұйырмаған ұлтттар да бар. Маусымның 4-і – Қазақ елінің аспан түстес Туын, қанатты тұлпар бейнеленген Елтаңбасын, рухты жанитын Әнұранын күндегіден ерекше  құрметтейтін күн.  Тәуелсіз елдің азаматтары мен өскелең ұрпақты елдіктің басты белгілерін қастерлеуге дағдыландыру үшін мемлекеттік рәміздер қабылданған бұл күн мереке ретінде белгіленген.

Кеңес Одағы тұсында октябрят, пионер болған біздің қатарластарымызға өңірімізге тағылған төсбелгі мен мойнымыздағы галстукты қадірлеуді санамызға мықтап сіңірді. «Қызыл галстук – қызыл тудың бір бөлігі. Қызыл туға революция жолында құрбан болғандардың қаны тамған» деген түсінікке жіпсіз байланғандардың қатарында өзім де болдым. Идеологияның адам санасын, жас өскін ұрпақ ойын қалыптастырудағы алапат  күшіне қайран қалмасқа шара жоқ.

Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ұрпақтың қасиетті көк байраққа құрметінен кемшіндік байқалмайды. Бірде әріптесім Айнұрдың 5 жасар Барлыбегі облыс әкімдігінің, осы аумақтағы мектептер ғимараттарының төбесінен желбіреген Туды көргенде, қолын кеудесіне қойып, тоқтай қалды. Үйге асыққан үлкендерді етегінен тартып тоқтатып, балабақшадағы апайларының Туға осылай құрмет көрсету керек деп үйреткенін айтты. Орта жолда тұра қалып кішкентайдың айтқанын жасадық. Барлыбектің жүрегіне елжандылық дәнегін еккен тәрбиешілеріне сүйсініп, ойланып қалдық. Біз осы жолды күніне бірнеше мәрте шиырлағанымызбен, көк Туымызға осылай құрмет көрсетіп жүрміз бе?

Соңғы жылдары Мемлекеттік Туды аяқасты етудің, лайықты құрмет көрсетпеудің бірнеше фактілері қоғамда қызу талқыға түскенде, айқайға сүрен қосудан бойымды аулақ ұстауға тырысамын. Өйткені, желбіреген Туды көргенде, тоқтамай өтпейтін Барлыбек сияқты жас ұрпақ өсіп келеді. Олар Туға өз дәрежесінде құрмет көрсетпейтіндерге үлгі болатынына сенемін.

Әйткенмен, біздің қоғам мемлекетіміздің басты белгілерін қастерлеу тұрғысынан мінсіз деп айтуға әлі ерте. Ресми жиындарға қатысқанымызда 1-2 минут тыныштық сақтап, Әнұран орындалғандағы талаптарға бойұсынбайтындарды жиі байқаймыз. Әнұранды қосыла шырқап тұратындар – тағы сол кейінгі толқын жасөспірімдер. Орта буынға, үлкендерге қарасаңыз, амалсыз тұрғандай әсер қалдырады. Сәл өзгерістері болмаса, «Менің Қазақстаным» жарты ғасырдан бері халықтың құлағына сіңісті болған ән емес пе?! Ресми түрде Әнұран болып бекітілмеген кездің өзінде осы ән шырқалғанда мыңдаған адамдық концерттік залдардағы көрермендер орындарынан дүр көтерілетін. «Менің Қазақстанымның» елдің ұраны болуын уақыт пен халық таңдағандай.  

Атаулы күндер қарсаңында «патриоттық» деп айдарланған акция, флешмоб, марафон сияқты шаралар бірінен кейін бірі өтіп жатады. Әрине, жастардың елжандылық рухын көтеру үшін қажет шара. Бірақ алаңға Туды көтеріп шығумен, құр айқаймен, бір реттік акциямен іс бітпейді. Рәміздерді ұлықтаудың балталаса бұзылмайтындай мызғымас қағидалары әлі де қалыптасып үлгермей жатқаны жасырын емес.    

Былтыр Мемлекеттік Елтаңбаны пайдаланудың жаңа стандарттары бекітілді. Келесі жылдың 1 шілдесіне дейін өндірушілер өз өнімдерін өзгертіп, барлық мекемелер Елтаңбаны пайдаланудың жаңа стандарттарына көшуі тиіс.

Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков «Елтаңбада жетпіс екі уық бар. Оның біреуі кем болса, стандартты сақтамаған болып есептеледі. Мүйіздердің жеті сақинасы бар. Бұл әр ұрпақтың жеті атасын білу дәстүріне саяды. Керегелердің де орналасу тәсілдері бар. Ол қазақтың ұғымында үлкен мәнге ие. Оның босағасы бар, босағасында тұрған қиықтары бар, қошқар мүйіздер бар. Солардың барлығы Елтаңбамыздың қуатты және қасиетті екендігін білдіретін белгілер» деп суреттеген. Уақыт пен кеңістікті бейнелейтін белгілермен көмкерілген Елтаңбамыздың ерекшеліктерін, мән-мағынасын насихаттауда әлі де атқарылар жұмыстар аз емес.

Зеңгір көк түстес Тудың, шаңырақ бейнелі Елтаңбаның, жүректерде жатталған қуатты әуеннің аясына біртұтас болу үшін жиналған халқымыздың асқақ армандары уақыт өткен сайын ақиқатқа айналып келеді. Рәміздердегі әрбір белгі халықтың кешелі-бүгінгі өмірінің айнасы іспетті. Сонысымен ыстық, сонысымен қадірлі. Сайын далада еркін қалықтаған қыран, сұлулықтың сырын ұғуға жетелейтін ою-өрнек, халықтың жүрек лүпілін сездіретін сырлы әуен, қасиетті шаңырақ, дүлдүл тұлпар шежірелі өткен күн мен кемел болашақ арасын жалғап тұрғандай.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз