ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІКТЕР

73

0

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» атты Жолдауы бизнестің өрісін кеңейтуге бағытталған. Елбасы осы  Жолдауында кәсіпкерлікті дамытып, оның көкжиегін көтеруді міндеттеп отыр.

Қала іргесіндегі Тасбөгет кентінде де кәсіп­керлігінің көсегесін көгертіп, тіршілігін дөңгелентіп отыр­ғандардың қатары ай ­сайын артып келеді. Олардың  арасында нарық талабына ден қойып, қыр-сырын жете меңгерген, өз ісіне берілген, құлшынысы күшті, шағын кәсіпкерлік иелері көбеюде.

Кент бойынша тіркелген 292 кәсіпкерлік субъектісінің барлығы да жұмыс істеп тұр. Олардың қата­рында 264 жеке кәсіпкерлік, 11 шаруа қожалығы, 16 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және бір ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бар. Осы жылдың нау­рыз айынан бері 41 кәсіпкерлік субъектісі жаңадан ашылып, қалалық  кірістер басқармасына тір­келді. Оның 32-сі жалпы көлемі 246 млн 350 мың теңге болатын өз қаржысына кәсіп ашып, жұмыс жасауда.

Кәсіпкерлік субъектілерінің артуы – кентте жұмыссыздар санының азаюына оң әсер етіп келеді.

Биылғы жылдың өзінде 38 тасбөгеттік тұрғын өз кәсібін ашып, халыққа қызмет көрсетуді бастады. Кент тұрғындарына қызметтің түр-түрін көрсететін «Измағанбетов», «Арынов»,  «Бекзатхан», «Нурлан», «Айерке», «Гүлназ», тағы басқа да жаңа жеке кәсіпкерлік нысандары есіктерін ашты.

Бұлардан басқа да кент аумағында бұрыннан тіркеліп жұмыс жасап келе жатқан жеке кәсіпкерлер өз істерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуда. 2000 жылы ЖК «Қасқабаева» кәсіпкерлігін ашып, жолаушы тасымалында жаңа мар­шруттарға бірнеше автокөліктер қойса, сол кәсіпкерлігінің іргесін кеңейтіп 2017 жылы наубайхана, аралас заттар сауда дүкені, көлік жуу, автомобиль бөлшектерін сататын дүкенін, автокөлікті техникалық жөндеу көпсалалы орталығының қос қабатты құрылысын салып, пайдалануға берді.

Кент орталығынан заман талабына сай келетін «Нұрымбек» тіс емханасы құрылысын отыз жылдан бері тіс дәрігері қызметін атқарып жүрген Н.Байжанов өз қаржысына салды. Қазір жұмысын бастауға дайын.

Сондай-ақ, «Ақтайлағым» жеке балабақшасына үш қабатты ғимарат салынып, жаңадан 4 топ ашылды. Осы секілді кент орталығынан «ИнаЖанОрда» балабақшасы да 2 топқа кеңейтілді.

Кәсібінің көлемін ұлғайтқандар қатарында Алтынай Ерманова да бар. 1996 жылы жеке кәсіпкер есе­бінде тіркеліп, «Ақниет» кафесін, «Арман» мейрамханасын ашса, бұлар­дың қатарына кафе, екі қабат­ты сауна, монша, бассейн, көлік жуу секілді кешенді қызмет көрсету орындары қосылды.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­­тудың» 2017-2021 жыл­дарға ар­налған мемлекеттік бағдар­лама­сы­ның екінші бағыты бойынша «Жұмыспен қамту орталығына» 22 адам тіркеліп, құжаттарын тапсырып, олардың жасаған 4 жобасы «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мекемесі арқылы жолдама алды. Осы жоба иелері де жақында өз кәсіптерін ашпақшы болып отыр.

Төрт түлікті түлетіп, алдағы уақытта одан алынатын өнім түрлерін көбейтуді мақсат еткен кентте «Тасбөгет» кооперативі құрылды. Мал шаруашылығымен айналысатын 43 мүшесі бар бұл құрылымға өздері сайлаған төраға жетекшілік етеді. Кооперативтің мүшелері бұл саладан тәжірибесі бар жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы және жеке қосалқы шаруашылық иелері. Осы құрамға енетін кәсібін енді бастап отырған кооперативтің 13 мүшесі толық қысқа мерзімді оқудан өтіп, кәсіптері бойынша сертификатпен қамтамасыз етілген.

Биылғы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 3 жоба мақұлданды, 4 жоба өз кезегін күтуде. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 3 жобаның бастамашысы Мақтабаева, Маханов, Қауқаев мал шаруашылығы бағытындағы жеке кәсіптері үшін 7 млн теңге көлемінде несие алды.

«Қызылорда өңірлік ин­вестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы ЖШС арқылы жеке кәсіпкер «Алиакбаров» 10 пайыздық үстемемен  15 млн теңге несиеге қол жеткізді.

«Қолдау» мемлекеттік бағдарламасына ұсынылған 5 жоба мақұлданып, А.Құлмырзаева, А.Шалабаев, Н.Ерниязов, Т.Дәріқұлов және Т.Алиев жалпы сомасы 15 млн теңгені құрайтын несие алды. 

Ата кәсіппен айналысудың тиімді екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазіргі нарықтың талабы – ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту арқылы байырғы атакәсіптің өрісін кеңейтуге ден қою. Тасбөгетте де осы маңызды іске бетбұрыс жасалды. 

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы құрамында 56 мүшесі бар «Тасбөгет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оның  50 мүшесі «Береке» бағдарламасы аясында несие алып, ет өндіру бағытында 361 бас ірі қара малы мен 18 жылқыны бордақылаумен айналысуда. Ал, қалғандары несие алуға құжаттарын тапсырып, қаржы алу кезегін күтуде.

Кооператив мүшелерінің қа­тысуымен өткізілген жиналыс­та ет және сүт өнімдері түрлерін өндіру мәселесі талқыланды. Ет пен сүт өнімдерін дайындау орындары мен оларды өткізу нүктелерін орналастыру үшін жер телімдерін бөлу мәселесі де талқыға салынды. Осы мәселелерді жүзеге асыру үшін «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры» акцио­нерлік қоғамының «Ынтымақ» бағ­­дар­ламасы арқылы қаржы қарас­­­тырылып, кентте ет және сүт өнім­дерін өткізу нүктелерін ашу қолға алынуда.

Кентте мал тұқымын асылдан­дыруға да бетбұрыс жасалуда. «Иіркөл» елді мекенінің тұрғыны А.Мол­дақожаев өз қаражатына 1 бас асылтұқымды бұқа алып, ірі қара малы тұқымын асылдандыру жұмы­сымен айналысуда.

«Бизнес Кеңесші» жобасы аясында оқу курстарына жолдама беріл­ген адам саны – 14 болса, олардың ішінде 13 адам бизнес жобаны қорғап, сертификаттар алды.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары көз­делген.

Қабдеш ШАҒЫРОВ,

Тасбөгет кенті әкімдігінің қызметкері.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз