Тұңғыш Президент күні мерекесі алтыншы мәрте тойланбақ

79

0

Бүгін Қазақстан халқы Республикамыздың Тұңғыш Президенті күнін атап өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Еске сала кетсек, 2011 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданған болатын. Яғни, дәл сол уақытта 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні етіп белгіледі.
Расында да, Қазақстан Тәуелсіздік алған уақытта қазақ тарихының тың дәуірі басталды. Дербес Қазақстанды құру туралы бабалардың арман-мақсаты 1991 жылы орындалып, 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланған еді.
Ел тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтың 98,78 пайызы дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретінде таңдап алды. Содан бері 26 жыл өтіп, осы аралықта Қазақстан әлем мойындаған мемлекетке айналды.
Халқымыздың қателеспегенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау режімін нығайтуға үн қосты. КСРО тарағаннан кейін Қазақстанның иелігінде әлемдегі төртінші әскери ядролық арсенал қалған еді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қажымас жігерінің арқасында Қазақстан ядролық қарусыздану жолына ерікті түрде қосылды.
Елбасының арқасында тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанда ұлтаралық шиеленістің ұшқыны да болған жоқ. Алдымен ұлтаралық келісімді негізге алған Қазақстан халықаралық дәрежедегі шараларды абыроймен өткізді. Соның ішінде – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің орыны бөлек тұрары даусыз. Тұңғыш Президенттің бастамасымен Қазақстанда басынан аяғына дейін кемшіліксіз өткен әлемдік көрме арқылы Қазақстанның абыройы арта түсті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз