Сыр өңірінде қазына қазанына құйылып жатқан қаржы негізінен тау-кен саласынан түсіп тұр. Өнім өндіруде агроөнеркәсіптің үлесі болмашы ғана. Дәлірек айтқанда, қара жердің қойны-қонышын ақтарған мұнайшы қауым облыстың қаржы қазанының 95 пайыздан астамын толықтырып отырған жағдайы бар. Қалған бөлігі өзге салалар үлесіне тиеді. Әрине, Қызылорда топырағында өндірісті өркендетуге басқа да мүмкіндіктер жетеді. Әлі кәдеге аса қоймаған тың жобалар да баршылық. Бұл игіліктер өңірдің өнеркәсіп саласының өрге басуына өз әсерін тигізетіні анық.
Бүгінгі күнге дейін облыста өңдеу өнеркәсібі баяу дамып келеді. Болашақта шикізатқа тәуелділіктен арылу негізгі мақсаттың біріне айналып отыр. Бұл мақсатта Сыр өңіріндегі пайдалы қазбалардың қорын таразыға тарта отырып, нақты іс-шараларды жүзеге асыруға мән беруіміз қажет. Сыр жерінде қазба байлық қоры жетеді. Мамандар минералдық шикізаттың мол екендігін тілге тиек етеді. Тіпті, әлі де түрен тие қоймаған аймақтар да аз емес. Әлемде ванадий элементі жоғары бағаланады. Сол байлықтың 60 пайыздан астамы осы өңірдің еншісіне тиеді. Бүгінгі күні Қаратаудың қойнауында жатқан ванадийді игеру ісі қолға алына бастады. Алайда, бұл іс әлі күнге дейін өз деңгейіне жете қойған жоқ.
Шиелі ауданындағы «Баласауысқандық» кен орнындағы ванадий өндірісіне үлкен үмітпен қарап отырған жайымыз бар. Өйткені, сол өндіріс ошағы аумағында көптеген кәсіпорындар іске қосылады деп күтілуде. Жоба шеңберінде жалпы қоры 800 мың тоннаға жуықтайтын ванадий өндірісінің төңірегінде қосалқы өндіріс көздерін ұйымдастыру ойластырылған. Атап айтқанда, олардың қатарында қуаттылығы 150 мың тонналық ферроқорытпа өндірісі, қуаттылығы 12 мың тоннаға жететін кремний карбиді өндірісіне мән беріледі. Сондай-ақ, күн мен жел стансаларына арналған ванадий аккумуляторларын жасау, күкірт-бетон өндірісі, тыңайтқыштар өндіруді ұйымдастыру, қатты тұздалған жерлерді тұзсындандыру үшін қолданылатын сорбент өндірісін ұйымдастыру ойластырылуда. Аталмыш өндіріс көздерін ашу үшін тиісті қаржы институттары және жеке инвесторлар арқылы инвестиция тарту және болашақта аталмыш кен орнында арнайы экономикалық аймақ құру жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, облыста моноэкономика қалыптасқан. Дегенмен, олардың барлығы дерлік шикізат күйінде ғана өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс саласының өндірісін кеңейтуге басымдық көрсету негізгі талаптың біріне айналып отыр. Бүгінгі таңда өңірдегі өндіріс пен өңдеу саласы төменгі деңгейде екені жасырын емес. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де басқа аймақтармен салыстырғанда аз болып тұр. Бір ғана деректің өзі көп нәрсені аңғартады. Мәселен, жан басына шаққандағы шығарылған өнім көлемі Қарағанды облысымен таразыға тартқанда 10 еседей төмен.
Шындығын айтқанда, қалың қауым ванадий жайында мардымды ештеңе біле бермейді. Оны 1801 жылы алғаш рет Мексика минерологы А.М. дель Рио ашқан. Швед химигі Н.Г.Сефстрем 1830 жылы темір рудаларынан жаңа элемент алып, оны Скандинавия мифологиясындағы сұлулық құдайы Ванадистің құрметіне ванадий деп атаған. Уақыт өте келе оны өңдеуге де мән берілді. 1869 жылы ағылшын химигі Г.Роско хлорлы ванадийді (VCL2 ) сутекпен әрекеттестіріп, таза 95 пайыздық ванадий бөліп алды. Ол ашық сұр түсті металл саналады, қалыпты жағдайда химиялық активтігі өте нашар. Ал жоғары температурада ұнтақ күйіндегі ванадий оттегі, азот, хлор, күкірт және өзге де элементтермен оңай әрекеттеседі. Болатқа қосқанда оның мықтылығы артады. Ол көбіне автокөліктер өндірісінде мотор, цилиндр, білік және басқа да дүниелерді жасауға жұмсалады. Ванадийдің темірмен қоспасы феррованадий түрінде өндіріледі.
Өндірісте оның қосылыстарының маңыздысы ванадий ангидриті қызғылт түсті болып келеді, суда, сілтілерде қатты зат жақсы ериді. Бұл күкірт қышқылын понтан әдісімен өндіргенде катализатор ретінде кең түрде пайдаланылады. Ванадий Қазақстанда Қаратау аймағында көптеп кездеседі. Ванадийдің басқа қосылыстары мұнайдан бензин алуда, спиртті тотықтырып, сірке қышқылын және резина, шыны, керамика бояу, сурет материалдарын өндіруде, медицинада қолданылады.

Жаңа өндіріс орны іске қосылған кезде ол еліміздің қара түсті металлургиясын дамытуға өз үлесін қосатын болады. Мұнда алғашқы кезеңнің өзінде жаңадан 141 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кен орнында ванадий рудасынан ванадий автоклавты әдіспен, яғни озық технологиямен алынатын болады. Өнімнің экспортқа бағытталып отырғаны жобаның маңыздылығын арттыра түспек. Ағылшын инвесторлары қазірдің өзінде дүниежүзілік нарыққа шығудың мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.
Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!