ТҰЙЫҚ КӨШЕЛЕР ТАСАДА ҚАЛМАЙДЫ

152

0

Орталықтағы даңғылдар  бірнеше рет күрделі жөндеуден өтсе де, қысқа, тұйық көшелер «кейін бір реті келермен» қалыс қала беретіні бар. Шиелі ауданының орталығында барлығы 103 көше болса, соның үштен бірі осындай көшелерге жатады. Биылғы жылы ауданда қысқа, тұйық көшелерді жөндеу жұмыстарына мән беріліп, жаз айларынан бері жұмыс жүргізіле бастады.

– Әрине, атқарылар шаруаның бәрі қаржыға келіп тірелетіндігі белгілі. Аудан әкімі мен мәслихаттың шешімімен осы мақсатқа барлығы 60 млн теңге қарастырылған болса, нақты кезеңде орталықтағы және кенттің шеткі аймақтарында орын тепкен жиырмаға жуық қысқа көшелер жөндеуден өткізілу үстінде. Оны «Шиелі-Жолшы» ЖШС мекемесі жүзеге асырып отыр. Алдағы уақытта тағы да осыншама көшелерге тас төселініп, тегістелінеді. Бұл тұрғындарымызды қанағаттандырып, әлеуметтік жағдайларының дұрысталуына оң әсер етті, – дейді кент әкімінің орынбасары Әбдіманап Үмбетов бізбен әңгімесінде.

Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев бастаған ат­қарушы орын басшылары осы­лай көптің ризашылығына бөленді. Мәселен, Шиелі кентінің түстік беткейінде орналасқан Мәметова тұйығы мен Дулатов тұйығы небәрі 200-300 метр шамасында болса да, ешқашан жөндеу көрмеген. Міне, осылар және Бұхар жырау атындағы және Гагарин көшелерінің арасында тұйық көше, Аймауытов көшесінің 138 метрі, Панфилов көшесінің сол жағындағы 505 метрлік, оң жағындағы 600 метр тұйық көшелер қазір жөндеуден өткізіліп үлгерді. Сол секілді Есенбайұлы атындағы көшенің 515 метрі, Нұрекеев тұйығының 540 метрі, Шәкәрім мен Қазыбек би көшелерінің арасындағы 128 метрлік тұйық жөндеуден өткізілді. Ал шеткі беткейдегі Әбдіқадыров атындағы көшеге тегістей тас төселініп, ретке келіп қалыпты.

Осы көшенің тұрғыны Бұғыбай Нәрікбаев ақсақал мына қамқорлыққа алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

– Қыс болса лайсаң, жазда шаңы бұрқырап, ойқы-шойқы болып жататын көшеміздің назарға ілігіп, жөнделгеніне риза болдық. Кент әкімшілігіне арнайы адам жіберіп, алғыс айттық, – дейді.  Өзіміз барып көрген Ботабаев тұйығы да тас төселініп, тегістеліп қалыпты. Осы көшенің тұрғыны Раджу Өмірбеков енді түнгі жарық тұрғызып берсе, балаларға қыста жақсы болар еді дейді.

 «Шиелі-жолшы» мекемесі расында қауырт жұмыстар атқарып жатыр екен. Іс басында бригадир Қанат  Бектасов деген азамат жүр. Тракторшы Бекежан Күзенбаев, тасымал көлігінің жүргізушілері Марат, Алдан, Қуат және су тасушы автокөлік шофері Ізбасқан Аймахановтар аянбай еңбек етуде.

Иә, қазағымыздың «үлкен үйге не керек болса, кіші үйге сол керек» дегеніндей, үлкен көшелерге жасалынған қамқорлық кіші көшелерге де керек. Олармен де адамдар жүреді, күнделікті тіршілігін атқарады. Осындай қамқорлықтың үлгісін Шиеліден аңғарып, қуаттап отырмыз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ. 

Шиелі кенті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз