ТӘЖІРИБЕ МЕН ІСКЕРЛІК ҰШТАСҚАНДА

52

0

ТӘЖІРИБЕ МЕН ІСКЕРЛІК ҰШТАСҚАНДАКөктемнің алғашқы лебі соғып, қыстай жатқан қар еріді. Осындайда айналаның  бәрі батпаққа айналатын әдеті. Ал құрылыс нысандарына бару тіптен азапқа түсіретіні  бар. Мұндайда бар үміт шынжыр табанды техникаларға ғана артылады. Жаңақорған ауданындағы Сүттіқұдық ауылында салынып жатқан мектепке барар кезде ондағы  жағдай осындай шығар деп ойлағанбыз. Алайда, бір таңғаларлығы, құрылыс алаңы таза болып шықты. Жеңіл аяқ киіммен де, жеңіл көлікпен де қиналмай жүріп тұруға болады.
Бұдан мектеп биік жерге салынған екен деп ойлаудың қажеті жоқ, тек бар болғаны құрылысшылардың өткен күзде нысан айналасын көгалдандыруға дайындық жасап қойғандығының арқасында екен.
– Бұл біздің әдеттегі жұмыс тәсіліміздің бірі, – дейді  «Промстройсервис-Е” ЖШС-ның бас директоры Манарбек Еспенбетов, – егер біз нысан құрылысын жылдың екінші жартысында бастасақ, құрылыс алаңындағы ішкі жолдар мен тротуарлардың негізін күзде дайындап қоямыз. Келесі көктемде, әрине, олардың кейбір тұстарына ой түседі. Асфальт төсердің алдында ой түскен жерлерді қайтадан нығыздап аламыз. Бұдан кейін жолдар ұзақ жылдарға сыр бермейтін болады. Міне осындай тәжірибеміз биылғы мол ылғал кезінде өзінің оң нәтижесін беріп отыр, құрылысты жүргізуге қиналып жатқан жоқпыз. 
Сүттіқұдық ауылы құрылысшыларды жылы қарсы алды және әріптес те бола алды. Алғашқы күннен бастап жергілікті тұрғындардан құрылған, құрамында он бес адамнан бар екі бригада бетон құю жұмыстарымен айналысты. Қазір олар сылақ жұмыстарын жүргізіп жатса, алдағы уақытта қабырғалар мен төбені әрлеуге кірісетін болады. Учаске бастығы Әбет Аманбаев ауыл жігіттерінің бірқатарын серіктестік салып жатқан басқа да нысандарға жібере беруге болады деп санайды. Өйткені олар жұмысты жылдам және сапалы орындауға машықтанып алған. 
Әңгіме жергілікті үлеске қарай ойысқан тұста мына жағдайды айтып өтпеске болмас. Серіктестік  мектеп құрылысына жұмсалып жатқан керамикалық кірпіштердің сексен пайызын жергілікті кәсіпорыннан алып отыр екен.
– Бұған дейінгі нысандардың  барлығына дерлік Өзбекстанның кірпіштерін пайдаланып келдік, – дейді бұл жайында бас директор, – ал жергілікті кәсіпкерлер өздерінде жасалған кірпіштерді уақытылы және қажетті көлемде қамтамасыз ете алмайтын, ең бастысы олардың сапасы талапқа сай келмейтін. Ал енді міне, жергілікті ЖК «Шалқыбаев” бізді таңғалдырып отыр. Бұл кәсіпорын өнімдерін уақытылы және сапалы жасап қана қоймай, кірпіштерді нысан басына өзі жеткізіп беруде. Кейде төлем жасауға мүмкіндігіміз болмай қалғанның өзінде кірпіш беруін тоқтатқан емес. Уақытша қиындықтарымызға түсіністікпен қарайды. 
Қазақстандық үлес туралы әңгімені әрі қарай өрбітетін болсақ, электр құралдары мен кабельдер жайына тоқталып кетуге болады. Өткен жылдары аталған дүниелерді Ресейден, Қытайдан, Украинадан тасымалдауға тура келетін. Енді оларға Қазақстанда жасалған тауарлар бәсекелес болуда. Мектеп жиһаздары туралы да осыны айтуға болады. Егер оларды бұған дейін Балтық жағалауы елдерінен, Украинадан жеткізіп келсе, олардың орнын қазақстандық дүниелер басуда. Сапасы да кем емес, бағасы да қатар. 
Сүттіқұдық ауылындағы білім ошағы алты жүз оқушыға арналған, оның сметалық құны 805 млн. теңге. Мектептің кіреберісіне көзің түскеннен, қоғам қамқорлығына мұқтаж жандар үшін ақша үнемдеп қалмағанын байқауға болады. Мұнда мүгедектер арбасына арналған екі пандус жасалыпты.   
Мектептің бірінші қабаты түгелдей барьерсіз негізде салынған. Мұның өзі алдағы уақыттары мектептерде мүгедек арбасына таңылғандар үшін лифтілер салына бастайды дегеннің хабаршысы болуы мүмкін. Олар үшін жоғары қабаттар есігін айқара ашатын болады. 
Мектеп ғимараты АБВГ секілді төрт блок¬тан құралған. А және В блоктарында оқу кабинеттері орналасқан. Б блогы негізінен корпустар арасын жалғастырып тұр, сондықтан онда небәрі бес сынып қана орналасқан. Келесі Г блогында үлкен спортзал (30х18 метр),  шағындау акт залы (18х12 метр) және асхана бар. Мектептің дәліздері мен олардың арасындағы холдар кең болғандықтан оқушылардың еркін тыныс алуына қолайлы болады. 
Мектеп корпустарының сыртқы беттері «кремль кірпіші” аталып кеткен сапалы кірпішпен қапталған. Ол да қазақстандық өнім, дәлірек айтқанда, Көкшетаудың кірпіші. Ал ішкі әрлеуге, яғни қабырғалар мен төбені әсемдеуге левкас қолданылыпты. Тіпті жоба бойынша әктелетін жерлердің өзіне осы материал пайдаланылған. 
– Левкас – ерте заманнан белгілі құрылыс материалы, – деп түсіндірме берген Әбет Аманбаев оның Грецияда көне замандарда икондар жасалатын тақталардың бетіне жағуға пайдаланылғаны туралы айтып өтті. Бүгінде левкасты қабырғалар мен төбелерді боярдың алдында жағады. Оның бағасы арзан емес, материалдың шығыны көбейіп кетпес үшін қабырғалардың сылақтары сапалы орындалуы тиіс. Сондықтан кешегі уақытта әктей беретін қабырғалардың бетінің тегістігіне онша мән бермейтін болса, қазіргі кезде левкас жағылатын жер өте теп-тегіс болып сыланғаны жөн. Мектепте осылай жасалып жатыр екен.
Бүгінде нысанда кірпіш өру жұмыстары толықтай аяқталған. Қазіргі кезде шатырын жабу, сылау, әрлеу жұмыстары мен электр және сантехникалық жүйелерді орнату қатар жүруде. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары атқарылуда. Шілде айында білім ордасы дайын болуы тиіс. 
«Промстройсервис-Е” ЖШС басшыларында әрбір құрылыс басталар алдындағы өзіндік дәстүрі бар деп айтуға болады. Өздері салатын нысанға сәйкес келетін өңірдегі соңғы жылдары өткізілген басқа нысандарды көріп шығады. 
– Біз әріптестеріміздің Шиелі және Жаңақорған аудандарында салған мектептерін көріп, директорларымен сөйлестік, – дейді М.Еспенбетов, – олардың нысанға қатысты айтқан ұсыныстарын, сын ескертпелерінің  барлығын жадымызға сақтап, кемшілік тұстарын қайталамауға тырысамыз. Мектеп, балабақша, аурухана, емхана құрылысын жүргізгенде әр уақытта әлемдік деңгейге жетуге ұмтылған жөн. Теория бойынша әрине солай дейміз, ал іс жүзінде әріптестеріңнен кем түспеуге, керісінше асып шығуға тырысуың  керек. Ертең біз бұл нысаннан кетеміз, ал осында қалатындардың біз туралы жаман сөз айтпағанын қалаймыз.
Иә, тәжірибелі құрылысшының айтқандарына келіспеске амал жоқ еді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз