УРАН ӨНДІРУДІҢ ҮЗДІК ҚАДАМЫ

109

0

Облысымыздағы уран өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорын­дардың бірі – «Байкен-U» ЖШС. Кәспорын Жаңақорған ауданындағы «Хорасан-2» кенішінде жерасты қазба байлығын өндіруде айтарлықтай табысқа жетіп келеді. Алғашқы  іргетасы 2006 жылы қағылған өнеркәсіп орны 2009 жылдан бері тұрақты уран өндіру үстінде. Мұнда бүгіндері 497 адам жұмыс істесе, оның 168-і жергілікті кадр.  

«Байкен-U» ЖШС алғашқы жылы 350 тонна уран өндірсе, бұл көрсеткіш біртіндеп молаю үстінде. Мәселен, аталған өндіріс орны 2016 жылы жоспардағы 1834 тонна орнына 1838,3 тонна өнім өндірді. Қазіргі таңда серіктестікте 7 цех тұрақты жұмыс істеп тұр. Өндірілген шикізаттар 2012 жылдан бері жаңадан салынған аффинаж цехы іске қосылу арқылы өңделіп, (ұнтақталып байытылған уран) арнайы ыдыстармен тиісті орындарға жіберіп отырады.

 Өндіріс орны елді мекеннен шалғайда орын тепкенімен, мұнда қолайлылық жасалған. Бұл жерде жаңа технологиямен салынған қызметтік цехтар, зертханалар мен жұмысшы қызметкерлер тұратын вахталық жатақханалар салынып, жол төселген. Сондай-ақ, сәулетті әкімшілік кеңсесі де алыстан көз тартады. Серіктестік ауданның әлеуметтік дамуына тұрақты  атсалысып, қолдау білдіріп отырады.

 Аса қажетті саналатын уран өндіру жұмысы да оңай емес, кадрлардың біліктілігімен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, уран өндіру ГТП шебері Марат Тәжиев, аға геолог Владимир Сорокоумов, Т-150 тракторының жүргізушісі, механизатор Сәкен Арынов, ЦППР шебері Бауыржан Есенбаев, аффинаж цехының басшысы Мәлік Жантасов, бактерологиялық зертхананың өкілі Кеңескүл Садиева, электрик Руслан Сүйіндіковтер өз ісінің шеберлері.

– Мемлекет басшысының Қазақстанның үшінші жаңғыру тұрғы­сындағы қойып отырған талабы барлық инженерлік-техникалық құрам­ға толықтай түсіндірілген. Еліміздің жаңа замандағы бәсе­келестікке қабілетті болу шарттарын одан әрі жетілдіре түсу мақ­саттарында ұйымдастыру жұмыстарын ізденіспен жүргізіп отырамыз. Солай жал­ғаса да береді. Қоршаған ортаға залалсыз технологиямен өнім өндіру барысында жаңашылдықпен еңбек ете беретін боламыз. Әрине, алғашқы кезекте – адам тағдыры, олардың әлеуметтік жағдайларының жақсара түсуіне басшылық тарапынан ерекше мән беріледі,  – дейді бас директордың әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Талғат ­Рамазанов өз сөзінде.

Н. Назымханұлы.

Жаңақорған ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз