ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ КОМБИНАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

45

0

ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ КОМБИНАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫКеше «Қазақстанды жаңа
индустрияландыру. 2015 жыл қоры­тын­дысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысында «РМЗ-Шапағат» серіктестігінің үй
құрылысы комбинатын іске қосты.

Құрылыс материалдарының
өндірісі – ел экономикасының аса маңыз­ды салаларының бірі. Осы орайда,
Қызылорда қаласында үй құрылысы комбинаты салынды. Жобаның құны – 1,5 миллиард
теңге. Үй салуда комбинат сапалы әрі қауіпсіз неміс технологиясын пайдаланады.
Яғни, зауыт әлемге танымал «WEILER» компаниясының құрылғыларымен жабдықталған.
Комбинат бетон-қабырға, баспалдақтар, әр түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен
биіктігі 12 метрлік колонналар және тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де
материалдарды шығарады. Айта кетейік, плиталар 120 метрлік қос қалыпта құйылып,
тапсырыс берушінің сұранысына сай кесіледі.

«РМЗ-Шапағат» ЖШС Бас
директоры Мұратбек Жақановтың айтуынша, комбинаттың құрылысы барысында 52 адам
жұмыс істеген. Қолданысқа берілген күннен бастап 68 адамды жұмыспен қамтуға
мүмкіндік беріп отыр. Ал ғимараттардың құрылысын салуды қолға алғанда 120
адамға жұмыс табылады.

– Аса құрметті Нұрсұлтан
Әбішұлы! Сіздің қатысуыңызбен «Үй құрылысы комбинатын» іске қосуға дайынбыз.
Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бағдарламалар көмегімен қаржылық қолдау және
лизингке шетелден құрал-жабдықтар алынды. Жылына 35 мың шаршы метр каркасты
тақта (панель) үйлерін салатын боламыз. Бұл – құрылыс нысанын үнемді және қысқа
мерзім ішінде аяқтауға септігін тигізеді. Құрметті Елбасы, жасалып жатқан
қолдау мен қамқорлыққа ұжымның атынан үлкен алғыс білдіремін. Сізден комбинатты
іске қосуға рұқсат сұраймын, – деді «РМЗ-Шапағат» ЖШС Бас директоры Мұратбек
Жақанов тікелей эфирде.

Осылайша, Мемлекет басшысының
рұқсатымен жаңа өндіріс іске қосылды.

Жалпы, біздің аймақ үшін
тұрғын үй құрылысы өндірісінің маңыздылығы жоғары. Себебі, соңғы жылдары Сыр
өңірінде құрылыс қарқын алған болатын. Ал осы құрылысқа қажетті ма­териалдың
дені бұған дейін өзге аймақтардан тасымалданып келген. Енді бұл өзекті
мәселенің шешімі табылды. Облыста салынатын тұрғын үй, емхана, аурухана, мектеп
және басқа ғимараттардың құрылыс материалдары жаңа комбинаттан алынбақ. Ең
бастысы, өндірістің өнімі сапалы әрі бәсекеге қабілетті. Бұған қоса,
серіктестік басшысы Мұратбек Жақановтың айтуынша, дайын бетон қабырғалардың
ортасына жылу оқшаулайтын материал салынады. Нәтижесінде, цемент 30 пайызға
үнемделеді және ғимараттар суық тартпайды.

Жаңа кәсіпорынның 2017 жылдан
бас­тап игеріле бастайтын Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қоныстың тез әрі
сапалы салынуына үлкен септігі тимек. Оның үстіне, кірпішке қарағанда бетон
қабырғалар сеймсмологиялық жағынан берік. Сондықтан, жаңа өндірістің аймақ
экономикасына едәуір серпін берері анық.

Сонымен, жаңа іске қосылған
үй құрылысы комбинаты жаңа жобаларды жүзеге асыруға асығып отыр. Көп ұзамай
тұрғын үйлердің құрылысын қолға алмақ.

Телекөпірге облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев қатысты.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз