ӘЙ, ЖУРНАЛИСТЕР-АЙ!

77

0

 
«Аяғы асырайтын» журналис¬тер қауымының жұмысы қай кезде де оңай болмаған. Қашанда тынымсыз ізденіс үстінде, мәселені зерттеп-зерделеу бағытында іссапарларда зыр жүгіріп, ой қорытумен жүретін жаңалық жаршыларының басынан өткізер қызықты жайттары да аз емес. Жазушы-журналист Несібелі Рахмет баспасөз қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында сондай қызықты оқиғаларға құралған бір топ мөлтек әңгімесін редакциямызға әкелген еді.
БІР ҚАП ҚИЯР
Тілшілік жұмысты бастаған алғашқы жылдар. Сырдария аудандық газетіндемін. Бір күні ауданның «Комсомол» совхозындағы жылыжай туралы мақала жазу тапсырылды. Таңертең ерте тұрып алып «Комсомол, қайдасың?» деп тартып кеттім. Совхозға келгесін жылыжайды да, оның директоры мен бас агрономын да оңай таптым. Жан-жағының бәрі мөп-мөлдір әйнекпен қапталған ұзыннан-ұзақ жайдың іші айтқандай-ақ жып-жылы. Молынан құйылған күн сәулесі әрі жылы шуақ, әрі самаладай жарық болып бұл жерді біртүрлі әдемі, көңілді күйге бөлеген. Бұрын-соңды жылыжай дегенді көріппін бе, әуелгі сәтте аузым ашылып, айналаға қызыға, таңырқай қарап сәл тұрып қалдым. Шынында кісі таңқаларлықтай. Сыртта ақ қар, көк мұз қыс. Ал мұнда жап-жасыл жаз. Қиықша-қиықша жапырақтары жел¬кілдеп өркен жайған қияр алқабы. Қатар-қатар шарбақтарға асылып өскен пәлектер арасында ұзын-ұзын қиярлар тұр. О, ғажап! Ақ қыраулы ақпанда да көкпеңбек егін жайқалтуға болады екен-ау!
– Жүр қызым, мұндағы екінші павильонды көр, – деді агроном бір орында тапжылмай тұрып қалған мені төр жаққа шақырып. Ғажаптың көкесі осында екен. Жаңағы-жаңағы ма, бұл жердің бақшасы тіпті жақсы. Қою жасыл жапырақтардың қиярлары да ірі-ірі және жаңағыдай әр жер-әр жерде емес, жиі. Құдды Жаңа жыл шыршасына ілінген ойыншықтардай ұзын-ұзын бәдірендер самсап тізіліп тұр. Ойпырмай, осындай да бітік егін болады екен.
Сонан қойшы, барлық керекті мәліметтерді жазып алып, қыста қияр өсірудің агротехникасын қайта-қайта сұрап, біліп қайтуға ыңғайландым. Жылыжай директоры:
– Біздің өнімімізден ауыз тиіңіз, – деп сабағынан үзіп қияр ұсынды.
– Рахмет ағай, – деп жүгерінің собығындай үп-үлкен бәдіренді қолыма алып әрі-бері қарадым да, дәмін көрмекке аузыма салып «қырш» еткіздім.
– Тамаша! Кәдімгі огурцы! Жаздың күні бақшадан жұлып алып жейтін кәдімгі қияр!
– Өй, мынауыңыз кәдімгі өзіміздің огурцы ғой, – деппін қуанып кетіп. – Дәмі нағыз огурцыдың өзі. Күшті ғой. Қыста да осындай болады екен, ә?
Менің осынша таңғалып, осынша қуанғаныма директор мен агроном мәз болып:
– Келіп тұрыңыз бізге, тағы да келіңіз, келер жылы қыста помидор өсіреміз, – деді. Сөйтті де екеуі шеткерірек шығып бірнәрселерді ақылдасты.
Сәлден кейін жылыжай қызметкер¬лерімен қоштасып, сол жердің шаруа¬шылыққа арналған мәшинесіне міндім. Жолай шофермен оны-мұны ¬айтып, әңгімелесіп отырып қалаға қалай жет¬кенімді де байқамай қалдым. Ескі базар маңындағы көпқабатты үйдің алдына келіп тоқтадық. Жүргізушіге алғысымды айтып көліктен түстім. Алға қарай жүре бергенім сол еді:
– Ау, қарындас мына затыңызды алмайсыз ба? – деп дауыстады соңымнан. Жалт қарасам шофер мәшинесінің қорабынан бір қап бірдеңені түсіріп жатыр.
– Бұл не? – дедім жақын келіп.
– Қияр. Жаңағы кісілер сізге беріп жіберді.
– Ойбай, оны неге алдыңыз? Керегі жоқ. Алып кетіңіз. Апарып беріңіз өздеріне. Түсірмеңіз, – дедім мен шыж-быж болып.
– Жо-жоқ, қарындас. Директор үйіне кіргізіп бер деген. Алып кете алмаймын, – деді ол.
– Алып кетіңіз, алып кетіңіз, ағай, сау болыңыз!
Мен ашуланып осылай дедім де, тез-тез басып жоғарғы қабатқа көтеріліп кеттім.
Үйге кіріп сырт киімдерімді шештім. Ойымда ештеңе жоқ. Енді қол-басымды жуайын деп жатқам. Бір кезде көршінің кішкене қызы келді аптығып.
– Тетя, ваши огурцы, ваши огурцы, дети, дети, – дейді қолын шошайтып.
«Мынау не деп тұр?» – деп түк түсінбей дереу балконға шықтым. Сөйт¬сем бар қызық далада. Есіктің алдында ойнап жүрген балалардың қолдарында бір-бір қияр. Ортада жаңағы сары қап. Бар бала соның айналасында. Тіпті кейбіреулері екі-екі бәдіреннен ұстап жүр. Бәрі көңілді. Мәшине көрінбейді.
Жағдай түсінікті болды. Сонан не істейік. «Қой, болмас енді» деп апам екеуміз төмен түсіп, қапты үйге алып келдік. Апам да, үйдегі жиендерім де мәз. Мәз болмай қайтсін, ол кезде қыс мезгілінде көкөніс деген атымен болмайды. Жұрттың аузы көкке шілдеден былай зорға тиеді.
Осы оқиғадан соң көрші балалар: «Тағы да қияр әкеліңізші» – деп маған көпке дейін жалынып жүрді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз