ЫНТЫМАҚ БИІККЕ ШЫҒАРАДЫ

197

0

ЫНТЫМАҚ БИІККЕ ШЫҒАРАДЫАптаның сәрсенбісі күні облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев аймағымыздың оңтүстігіндегі Жаңақорған және Шиелі аудандарына іссапармен барды.

Әр жылдың өзіндік ерекшелігі бар.
Биылғы жылы еліміз өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Ел тарихындағы аса
маңызды оқиғаларға қалың жұртшылықтың нәумез қарай алмайтындығы ақиқат. Оның үстіне
міне, мешін жылының наурыз айы да кіріп үлгерді. Бұл негізінен ауыл шаруашылығымен
шұғылданатын Сыр өңірінің жұртшылығы үшін көктемгі егіске қос тігетін жауапты кезең.

Аймақ басшысы Жаңақорған ауданы
орта­лығындағы былтыр күз айында ғана ашыл­ған спорт кешеніне арнайы бұрылып, аудан
тұрғындарының ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына арналған мерекенің беташар шарасына
қатысты. Осында жастармен жүздесті, жас спортшылардың өнерлеріне көңіл аударды.
Сондай-ақ, жас суретшілердің тәуелсіздік тақырыбына салған суреттері мен қолөнершілердің
туындыларын көріп, өз бағасын берді.

– Тәуелсіздіктен асқан құн­дылық
жоқ. Оған қол жеткізу қаншалықты қиын болса, оны сақтап қалу да оңай емес. Бұл
– біздің парызымыз. Жаңа ғасырдың жаңа шақыруына, жаңа өзгерістеріне ілесе жүріп,
жаңашылдық таныту, білімділік көрсету керек. Сонда ғана өз мойнымыздағы жүкті еркін
көтереміз, ата-баба армандаған еркіндігімізді баянды етеміз, – деген аймақ басшысы
әңгіме өрісін былайша жалғады: – Президентіміздің Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту
күні болып жарияланды. Бұл – өте бағалы бастама. Өйткені, біз әуелі, осыншама
кең-байтақ жерді аманат етіп қалдырған бабаларымызға алғыс айтуымыз керек.
Екіншіден – ұлтымыздың қалыптасқан үрдісін берік сақтап, осындай күнге
жеткізген аға-апаларымызға алғыс айтуға
тиіспіз. Болашақтың кепілі – білімді ұрпақ тәрбиелеген ұстаздар қауымына мың
алғыс. Жалпы, осындай жар­қын күнге жеткізген, Елбасы Ту етіп көтеріп отырған
«Мәңгілік Ел» идеясын алға апаруға мүмкіндік берген тағдырымызға рахмет
айтамыз,– деді.

Қырымбек Елеуұлының «Білектің
емес, біліктің заманы туды, жас ұрпақ» деген Абылайханның өсиетін еске алуы,
«Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан…» деп басталатын Абай өнегесін
тілге тиек етуі, Елбасының «Келешектің кілті – білімде» атты ұлағатты
сөзін жастардың есіне қайта салуынан аға
ұрпақ өкілдері ой түйді. Өйткені, қай ата-ана болса да, балаларының болашағы
жарқын, келешегі кемел болуын армандайды, сол жолда еңбек етеді, үміті арқылы
көрген қиыншылығын ұмытады. Жамағаттың көңіліндегі осы сөз облыс әкімінің
лебізімен тиянақталып, жұрт ризашылықпен қолдау білдірді.

Төменарық – Жаңақорған
ауданындағы ірі елді мекеннің бірі. Дербес ауылдық округ болуымен қатар, осы
айналадағы 5 елді мекен оны орталық санайды. Алайда, осындағы екі мектептің
бірі – №223 білім ордасы апатты жағдайдағы нысан болып саналады. Комиссия
ғимаратты жаңалау жөнінде шешім шығарған-ды. Соған сай аймақ басшысы жағдаймен
жете танысып, ауыл тұрғындарының өтінішін қанағаттандыруға тапсырма берген
болатын-ды. Нақты кезеңде мектептің жаңа ғимараты үшін жер телімі бөлініп,
құжаттары дайындалыпты. Барлық сметалық құжаттары әзірленген 300 орындық жаңа
ғимараттың құрылысы жуырда басталуы тиіс. Екпінді ауылының ардагері Темірбек
Өмірбеков, Төменарық ауылындағы ардагер-ұстаз Тұрдыбек Мықтыбаев тұр­ғындар
атынан бастамаға алғыстарын айтып, бата берді. Темірбек ақсақал ақ жүрегінен
ақтарылып:

– Облысымыз кеңінен өркен
жайып келеді. Жуырдағы есеп беруіңізді теледидардан мұқият тыңдадық. Атқарылған
жұмыстар өте көп екен, бұл сәтті істер тұрғындарды аса қуанышқа бөледі.
Сенімімізді нығайтты. Сіздің Сырдың сол жағалауынан жаңа қала тұрғызбақ
мақсаттағы талабыңызға қуанамыз. Біз бір кездері ел астанасы болған
Қызылорданың еліміздегі басты қалалар секілді жайнай түскендігіне марқаямыз,
құлшына еңбек ететін боламыз, – дегені көп көкейіндегі сөз еді. Осы ауылдың
тұрғыны, украин қызы, қазақтың келіні Светлана Нищеред те жергілікті халықтың
қарапайымдылығы мен бейнеткештігіне, төзімділігіне тәнті екендігін айтып,
кешегі аласапыран жылдары тағдыр
тәлкегіңмен жер ауып келген өзге ұлттарға жасаған қамқорлығы мен мейіріміне алғыс сезімін арнады.

Қырымбек Елеуұлы өз кезегінде
айтылған пікірлердің арнасын кеңірек аша түсіп, 300-ден аса облыс жастары
Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық
жоғары оқу орындарында білім алып жатқандығын жеткізді. Қызылорда облысы соңғы
екі-үш жыл бедерінде үлкен серпіліс жасап, өзінің даму көрсеткіші бойынша
16-орыннан алдыңғы лекке көтерілді. Байырғы атакәсіппен бірге өнеркәсіп
саласыда дамып келеді.

Бір ғана Жаңақорған ауданында
бұрыннан күкірт қышқылы зауыты жұмыс істеп тұрса, енді «Шалқия» кеніші жанына
кен байыту комбинаты іске қосылады. Сол секілді, қытайлықтармен бірлескен томат
пастасы орталығы, германдықтар қолға алатын күн сәулесінен қуат алу станциялары
саланы табысты етеді. Міне, осы өндіріс орындарында өзіміздің жастар қызмет
жасауы керектігін, оған осы бастан тың қадамдар жасалып жатқандығын айтты.

Манап ауылы – тау
бөктеріндегі елді мекен. Оның жоғары жағында табиғи су қоймасы орын тепкен.
Жауын-шашын мол болған биылғы жылы қоймаға 1,8 млн текше метр су жиналды. Оның
айналасын қоршап, сыйымдылығын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілсе, қоймаға 3
млн текше метрден астам су жинауға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде етектегі
елді мекендердің ала жаздай бау-бақшасын
суаруға мүмкіндік берері анық. Яғни, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтып,
әлеуметтік жағдайын көтеруге жағдай туады деген сөз. Тоғанға ат басын бұрған
облыс әкімі тұрғындар өтініштеріне орай тиісті мекеме басшыларына тапсырма
берді. Үлкен жолдан қиыстау жатқан ауылдың бірі – Аққұм. Трассадан тіке
тартылған 12 шақырым жол қыс айларында тіптен қиындайды. Бұл тілекті де назарға
алған аймақ басшысы қаржылық жағдайға байланысты бюджеттен қол созудың
мүмкіншілігі жоқтығын еске салды. Алайда, іргелі мекемелер арқылы тас жол салып
беруге жұмыс жүргізілетіндігін жеткізіп, ауыл тұрғындарын бір қуантты.

Сәскеде Аққорған ауылына
табан тіреген облыс басшысы осындағы 2004 жылы салынған №266 мектептің қазіргі
талапқа сай келмейтіндігінен хабардар екендігін айтып, биылғы жылы жаңа мектеп
ғимаратының салынатындығын жеткізді.

– Өзіміздегі мәліметтен
Түгіскен ауылы халқының саны жағынан ауданда бірінші орынға шыққанын білеміз.
Мұнда қазір 4500-дей адам тіршілік етеді. Яғни, бала өсімі жылдан жылға молайып
келеді. Демографиялық өсімді ескеріп, елдің келешегі үшін қызмет жасаймыз, –
деді. Яғни, мектеп құрылысы жуырда басталып, күзге қарай ауыл балалары 300
орындық жаңа мектеп партасында отыратын болады.

Үлкеннен ілтипат, кішіден
ізет – ұлтымыздың баға жетпес ерекшелігі. Бұл дәстүрді үнемі сақтайтын Қырымбек
Елеуұлы осы ауылдағы 101 жасқа келген
Ұлы Отан соғысының ардагері Жүніс Қабетеновтің отбасына соғып, сәлемдесті.
Жағдайын біліп, естелігін тыңдады.

Аймақ басшысы Қожакент
ауылының тұрғындарымен кездесуде алдымен ақсақалдармен амандасып,
өтініш-пікірлеріне зейін аударды. Осы ауылдағы №168 И.Әбдікәрімов атындағы
мектептің күрделі жөндеуіне 78 млн теңге, ал мәдениет үйін жөндеуге 33 млн
теңге бөлініп, жуық арада құрылыс жұмыстарының басталатындығын айтты. Өз
кезегінде еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Әсет Жиенқожаев ауылдастары
атынан қамқорлығы үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.

Аудан орталығына қайта
айналып соққан облыс әкімі кентті «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолымен
байланыстыратын «Хорасан ата» көшесінің қайта жөндеу, абаттандыру жағдайымен
танысып, аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.

Шиелі ауданына түстен кейін
жолы түскен аймақ басшысы Қ.Көшербаев Керделі ауылдық округіндегі Н.Бекежанов
мемориалдық өнер музейіне жасалған күрделі жөндеу жұмыстары жөнінде мамандар
пікіріне құлақ түрді. Ол үшін облыстық бюджеттен 33 млн 910 мың теңге қаралып,
құрылысты «Айдана» ЖШС жүргізді. Қазіргі таңда музей ішіне рекспозиция
жұмыстары жасалуда.

Сапар аясында облыс әкімі
«Көкшоқы» шағын ауданындағы «Арман» мәдениет үйінде ақсақалдармен кездесті.

Ал Бестам ауылында
ауылшаруашылық саласының басшылары бас қосқан екен, биылғы егіске сақадай сай
әзірлік жөнінде аудан әкімінің орынбасары Тұрмат Жағыпаров есеп берсе, «Ақмая»
шаруашылығы басшысының орынбасары Асқар Жұмаділ былтыр банк кепілдігінде тұрған
5 шаруашылықтың 22 мың гектар жерін қайтаруға ықпал еткен облыс басшысына алғыс
айтып, биыл сенімді түрде егін егуге шығатындығын, шаруашылықтарға қажетті
түрлі келісімшарттар жасауға мүмкіндік туғанына қуанышын білдірді.

Ауыл ақсақалдары өз
орталарына келген облыс басшысына ізгі тілектерін жеткізіп, алғыстарын
білдірісіп жатты. Айта кетейік, соңғы бірер жыл көлемінде мұнда жаңа типті
мектеп, әкімшілік кеңсесі, мешіт іске қосылды.

Телікөл ауылындағы кездесуде
де тұрғындар көп мәселеге қанықты. Бірер жыл өтініш етіп айтылған Ә.Тәжібаев
мектебінің екі қабатты жаңа ғимараты үшін бөлінген 638 млн теңге қаржы «СМП
Қызылода» ЖШС арқылы игерілуде. Қабырғалары тұрғызылған құрылыс оқу жылының
соңына дейін пайдалануға берілу тиіс. Мұнда қазір қарқынды жұмыстар
жүргізілуде.

Аймақ басшысының бір күндік
сапарының мәні – ел тұрғындарының жаңа арманына қарай жақындау, Бес
институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатындағы Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» нық
екендігін көрсетті.

Облыс әкімінің сапары кезінде
аудан әкімдері Р.Рүстемов пен Қ.Сәрсенбаев бірге болды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған,
Шиелі аудандары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз