ҚЫРҒАУЫЛДЫ КӨБЕЙТУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ

107

0

ҚЫРҒАУЫЛДЫ КӨБЕЙТУДІ ҚОЛҒА АЛДЫБүгінгі нарық қоғамында кәсіптің түрі көбейді және кәсіппен айналысып, табыс табамын дегендерге мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп отыр. «Байқоңыр» ӘКК әлеуметтік өзіндік бастамасының шеңберінде ауданымыздан 41 адам ұсынған жобалары бойынша қайтарымсыз қаржыға ие болды. Жеңімпаз жобаларды жүзеге асыру мақсатында кәсіптерін бастағандардың қатарында кент тұрғыны Дана Ермаханова да бар. Кәсіпкер өз жобасы бойынша 650 мың теңге қаржылай грантқа қол жеткізіп, қырғауыл асырауды қолға алған. Тауық тұқымдасына жатқанымен, қырғауыл жабайы дала құсы. Сондықтан қырғауылды қолға үйрету оңайға соқпайды. Ауласының бір бұрышына арнайы салынған қоражайдың ішіне құс асырауға қолайлы жағдай жасалған. Әзірге бұл жерде түз құсының 2 қоразы мен 6 мекиені жүр. Алдағы уақытта бұлардың қатары Қарағанды, Шымкент, Қызылорда қалаларынан әкелінетін алпыс қырғауылмен толығады. Кәсіпкер ересек әр қырғауылды нарықтағы бағасы бойынша 10-15 мың теңгеден сатып алған. Сондықтан бұл құстың әрбірінің амандығы алтыннан қымбат.

– Менің бұл кәсіпті бастаудағы негізгі мақсатым – қырғауыл құсын көбейтіп, сату. Қарап отырсақ, бүгінде біздің күнделікті тұтынып отырған тағамдарымыздың көбі ішкі ағзамыздың жұмысына кері әсерін тигізіп, түрлі аурулардың туындауына себепкер болып отыр. Соның ішінде мал өнімдері ағзадағы холестерин мөлшерін шамадан тыс арттырып, түрлі кеселге шалдықтыруда. Жалпы қазақ халқы тағамды етсіз жемейді. Әрине, дүкендердегі мұздатылған тауық еті диеталық тағам ретінде тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Алайда тірі күйінде немесе жаңа сойылған қырғауыл етінің орны мүлде бөлек. Бұл дала құсының тірілей салмағы 700- 800 грамм тартады. Еті дәмді және өте жеңіл, ағзаға сіңімді. Кейбір деректерге сүйенсек, қырғауыл еті көптеген ауруларға ем ретінде қолданылады. Мәселен, қырғауыл еті құрғақ ыстыққа бейім, қан толтырады, ішкі мүшелерді қуаттандырады, сорпасы жүйке әлсіздігіне шипа. Сол үшін де біз алдағы уақытта қырғауыл санын 500-ге жеткізіп, өнімін халыққа тиімді бағамен ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер.

Иә, қазірде инкубаторлық әдіспен басылып жатқан қырғауыл жұмыртқаларынан таяу арада шиқылдаған сары үрпек балапандар пайда болады. Кәсібін бастамас бұрын оның қыр-сырын әбден зерттеген Дананың айтуынша, қырғауыл үй құстары секілді жыл он екі ай бойы жұмыртқа бермейді, тек көктем мен күз мезгілдерінде жұмыртқалайтын көрінеді. Сондықтан бұл құстың қарасын молайтып, кәсібін кеңейтуді көздеген кәсіпкер мүмкіндігінше жылдың осы екі мезгілін тиімді пайдалану керек екенін айтады. Біздің білгеніміз, бұл дала құсы үй құсына қарағанда ерекше күтімді қажет етеді. Олай етпеген жағдайда қажетті дәрумендерді жеткілікті мөлшерде ала алмаған құстардың өсіп-жетілуі тежеліп, жұмыртқалауы да сирейді. Сол үшін оларға күнделікті және уақытылы күріш ұнтағы, көк жоңышқа сонымен бірге дала өсімдіктерінің дәні мен сүрегі және ұсақталып туралған қырыққабат пен сәбіз, ұнталған жұмыртқа қабығы, қосымша дәрумендер беріліп отырады. Каротин мен ақуыздың қайнар көзі саналатын ұйыған сүт, ірімшік, балық ұны да үй жағдайында ұстаған құстардың қажетті азығы. Егер осы талаптардың барлығы дұрыс орындалған жағдайда жұмыртқалайтын мезгілінде бір мекиен 50-80 жұмыртқаға дейін береді. Ал, туған бойдан инкубаторға жөнелтіліп, 37,5 градус жылылықта шайқалған сол жұмыртқалардан төрт аптада балапан шығады. Міне, осылай өз ырғағымен айналып келе беретін жұмыс жүйесінің күнделікті тәртібі бұзылмағанда ғана кәсіп алға жылжиды.

Ерекше кәсіпті қолға алған Дана Ермаханова, құлпырған қызылды-жасылды мамық жүндері мен ұзын құйрықтары көрген көзді қызықтырып, дәмі тіл үйіретін диеталық жеңсік асқа баланған қырғауыл еті келешекте денсаулығына ден қойған аудан халқының күнделікті дастарқан мәзірінен түспейтін тағамына айналып, мейрамханалар мен дәмханалардан да жоғары сұранысқа ие болатынына сенімді.

 

Қуат АДИС.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз