ЫРЫСЫН ЫНТЫМАҚПЕН АРТТЫРҒАН ЕЛ

166

0

ЫРЫСЫН ЫНТЫМАҚПЕН АРТТЫРҒАН ЕЛКеше
облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы
Ассамблеясының ХІХ сессиясы өтті. Сессияға екі дүркін Олимпиада чемпионы, Сыр
мақтанышы Илья Ильин арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, ресми жиында аймақтағы
Ассамблея мүшелері, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері болды.

Татулықты
ту еткен қазақ елінің бүгініне қызыға да, қызғана да қарайтын көп. Өйткені, ұлы
дала төсі төрткүл дүниеге үлгі етер жетістіктерге толы. «Бір жағадан бас, бір
жеңнен қол шығарып», өсіп-өркендеудің өрісті қадамдарын жасаудамыз. Бейбіт
өміріміздің тұтқасына айналған Ассамблеямыздың бұл орайдағы үлесі орасан.
Өзгеге үлгі етеріміздің көш басында да осы Ассамблея тұр.


Облыстық Ассамблеяның бұл сессиясы еліміз үшін ерекше кезеңде өтіп жатыр. Жер
мәселесі төңірегіндегі пікірталаста жеке адам мен қоғам, қоғам мен мемлекет
арасындағы өзара сенім сынға түсті. Экономикалық мүдде, тарихи сана, ұлттық
намыс, жеке пікір мен жалқы қисынның қайшылығы көрінді. Әдеттегіше, Елбасы
араласып, эмоцияны салмақты санаға бағындырды, шаруашылық қажеттіліктің
халықтың қалауынан биік бола алмайтынын айтып, баршаны ымыралы келіссөзге
бастады. Соның арқасында жер дауы ел дауына айналмады. Қоғам мен мемлекет елдік
мүдде үшін күш біріктіріп, кең көлемді кеңес жүруде. Бұл да жетілген қоғамдық
сананың, сергек мемлекеттік жүйенің көрінісі деп білеміз, – деді облыс әкімі
кіріспе сөзінде.

Даналардан
қалған сөз бар, «Бақыт қайда барасың?» десе, «Бейбіт елге барамын» депті.
Шүкір, қазақтың бүгінгі бақыты – бірлігінде. Осыдан екі апта бұрын Ақтөбе
қаласында айрандай ұйыған ынтымақты, береке бесігін тербеткен бейбіт күнде оқ
атылды. Дүйім жұртты дүрліктірген оқиғада қан төгілді, әйтеуір, еліміз іштен
шыққан жауын ұясында тұншықтырып үлгерді. Ассамблея сессиясында аймақ басшысы
бұл тақырыпқа да тоқталды.

– Бұл
күндері Қазақстан халқы бізбен көршілес Ақтөбеде болған террористік бүліктен ес
жиюда. Жалған діни ұстанымға санасын уландырған өз азаматтарымыз туған жерінде,
өз бауырларына қол көтерді, бейбіт күнде
оқ атып өлімге қиды. Елдің қарулы күштеріне баса көктеп кіріп, мемлекетті
басынды, қоғамды дүрліктірді. Ұлт, Отан, дін деген қасиетті ұғымдардан мүлде
алыстаған, елдік мүддені қияли да, қатыгез, өркениетке жат идеяларға
алмастырған мұндай қасиетсіздікке Қазақстан барынша төтеп береді.

Оған
мемлекеттің күші мен қуаты да, тиісті органдардың білігі мен дайындығы да
жетеді. Ақтөбедегі оқиғалар соған дәлел. Террористік бүлікке қарсы мемлекеттің қатал
шаралары қоғамда кең қолдау тапты. Бейбіт өмірге, елдік пен тәуелсіздікке
төнген мұндай қауіпте халқымыздың іштей бірлікті, ынтымақты нығайта түсуі
заңды, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Әлем
таныған Қазақстанның бүгінгі жетістіктері Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев
есімімен тығыз байланысты. Тәуелсіздік іргетасын қалаған күннен бері ел
шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейтіп, босағасын берік етіп келеді. Бұл
жолдағы мехнатты еңбектер халықтың көз алдында.


Тәуелсіздік туы көтерілген уақыттан бергі 25 жылда біз өтпелі кезеңнің талай
қиыншылықтарын бастан кешірдік. Қай сәтте болмасын, Қазақстан халқы биік
парасат пен ұстамдылық көрсетті, ішкі алауыздық пен ұлтаралық тартысқа жол
бермеді.

Бұл –
ең алдымен еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының
төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың
ұлтаралық, дінаралық келісім негізінде қоғамдағы тұрақтылыққа бағытталған
сындарлы саясатының жемісі.

Ендігі
жерде баршамыздың ортақ міндетіміз бен ең асыл мүддеміз де, ең биік мұратымыз
да – бірлік пен берекемізді сақтау, соның негізінде экономика мен әлеуметтік
саладағы бүгінгі жетістіктерімізді еселей түсу.

Тәуелсіздігіміздің
25 жылдығы аталатын биылғы жылда біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы арқылы
жаңа кезеңге аяқ бастық. Әлемдік экономикалық дағдарыс әсерінен өзектілігі
артқан ішкі қайшылықтар, соның ішінде жер қатынастарына байланысты туған пікір­талас
Елбасы ұсынған реформалардың маңыздылығын еселей түсті. Мемлекеттік аппараттың
заман талабына сай жаңарып, жетілу қажеттігін, заңнаманы кең көлемде талқылау
арқылы дамыту керектігін, қоғамдағы ашық талқылау мен мемлекеттің қоғам
алдындағы жауаптылығын күшейтудің маңыздылығын соңғы 1-2 айдағы оқиғалар тағы
бір растап берді. Мұның барлығы аталған бағыттағы жұмысты жеделдету қажеттігін
көрсетеді. Қазірдің өзінде Қазақстан аталған реформа аясында жасақталған жаңа
құқықтық ортада өмір сүруде, – деген облыс әкімі аймақтағы Ұлт жоспарын жүзеге
асыруға арналған іс-шараларды тілге тиек етті.

«Алаштың
анасы» атанған Сырдың елі соңғы жылдары аймақтар арасында алдыңғы қатарда
келеді. Өзгеге үлгі болар жаңалықтарымыз жетерлік. Оның жарқын мысалы, Ұлт
жоспарының бірінші бағытына сәйкес Қызылорда облысы рес­публикада бірінші болып
заман талабына сай облыс әкімдігінің ахуалдық орталығын құрды. Орталық жұмысы
Амс­тердам қаласында өткен халықаралық технологиялар байқауында таныстырылып,
мемлекеттік басқарудағы инновация­лар номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп
алды. Қазіргі таңда бұл тәжірибе рес­публика көлемінде үлгі ретінде тарауда.

Жыл
басынан бастап Жергілікті полиция құрылып, өз қызметіне кірісті.
Материалдық-техникалық базасы нығайған құрылымның жұмысы нәтижесіз емес, биылғы
үш айдағы қылмыс деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға
төмендеді. Бұл жетістік Ұлт жоспарының екінші бағытын жүзеге асыру барысында
мүмкін болғанын айтты облыс әкімі. Аймақ басшысы Ұлт жоспарының үшінші бағыты –
индустрияландыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында атқарылған
жұмыстар дегенде, алдымен биылғы жылы инвестиция тарту және инвестициялық
ахуалды жақсарту жөніндегі аймақтық кеңес құрылғанын жеткізді. Сондай-ақ,
дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан«Байқоңыр-Инвест» форумына тоқтала отырып, нәтижесінде облыс
экономикасына 100 млрд теңгеден аса тікелей инвестиция тартылғанын мәлім етті.

– Ұлт
жоспарының төртінші бағыты – болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру аясында
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен Ел – Үлкен Отбасы» жалпыұлттық жобасы
негізінде де ауқымды жұмыстар жасалуда. Бұл жұмыстың бел ортасында жүрген
Сіздерге ол туралы айтып жату артық болар. Биылғы жылы өткен саяси науқандарда
Сыр елі ерекше ұйымшылдық танытып, бірлік пен елдіктің тамаша үлгісін көрсетті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан
халқы Ассамблеясы атынан біздің облыстан тұңғыш рет депутат ретінде облыстық
ассамблеяның Аналар кеңесінің төрайымы болып Жұмаділдаева Наталья Васильевна
сайланды. Сонымен бірге, облыстық «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері Геннадий
Шиповских Қазақстан Парламенті Мәжілісінің ең жас депутаты атанды. Бұл да
облыстық Ассамблеяның жетістігі, аймағымыздың абыройы.

Ұлт
жоспарының бесінші бағыты – қоғам алдында жауапты және транспарентті мемлекет
қалыптастыру үшін қабылданған Заңға сәйкес 2016 жылдан бастап елімізде Қоғамдық
кеңестер құрылды. Қызылорда облысының Қоғамдық кеңесі де белсенді жұмыс істеп,
өзекті мәселелер ашық талқыланатын танымал алаңға айналды. Кеңес құрамында
Ассамблея мүшелері де бар. Кеңес отырыстарының негізінен «Достық үйінде» өтіп,
Ассамблея хатшысының Қоғамдық кеңеске де хатшы болып сайлануы Ассамблеяның
қоғамдық-саяси процестерге деген зор ықпалын көрсетеді, – деді Қырымбек
Елеуұлы.

Сондай-ақ,
ол биылғы жылдың алғашқы тоқсанында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді
нығайту, жас ұрпақты толеранттық пен қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу,
«Үлкен Ел – Үлкен Отбасы» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында облыста
1400-ге жуық түрлі форматтағы көпшілік-мәдени шаралар, кездесулер, қайырымдылық акциялары өткенін атап өтті.
«Достық үйінде» Медиация кабинеті ашылып, облыстың барлық аудандары мен
Қызылорда қаласында, ауылдық округтерде облыстық ассамблеяның Қоғамдық келісім
кеңестерінің құрамдары қайта жасақталып, 155 кеңес құрылғанына тоқталды.

Осы
тұста айта кетейік, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығы, облыстық
прокуратура, әділет, ішкі істер департаменттері, білім басқармасы, Судьялар
одағы, адвокаттар алқасы, нотариаттық палата, «Медиаторлар одағы» қоғамдық
бірлестігі, «Келісу» кәсіби медиаторлар одағы», «Тура Би» медиация және сот
әділдігін қалпына келтіру» қоғамдық
бірлестігінің облыстық филиалдарының басшылары «Үлкен Ел – Үлкен Отбасы»
жалпыұлттық жобасы аясында медиация арқылы даулы мәселелерді реттеу
мақсатындағы өзара ықпалдастық туралы 11 меморандумға қол қойды. Бұл дегеніңіз
– өңірімізде этносаралық татулық пен бірлікті, қоғамдық келісімді нығайтуға зор
үлес қоспақ.


«Тәуелсіздік», «Бірлік», «Келісім», «Болашағы біртұтас ұлт» ұғымдары
бір-бірімен тығыз байланысты, біздің елдік армандарымыз тоғысатын құндылықтар.
Ол армандарымыз – Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын нықтау, кең-байтақ жерімізді
көркейту, елдігімізді, бейбітшілігімізді сақтау, «Мәңгілік Ел» болу. Осы
армандарды іске асыру жолында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», аянбай
еңбек етсек, біз жетпейтін мұрат, біз аспайтын асу болмас! Ендеше, әрқашан
бірге, әрдайым алда болайық! – деді облыс әкімі қорытынды сөзінде.

 

Камс
«Көзімнің қарасын» шырқады

 

Сессия
жұмысы одан әрі жарыссөзге шығушылар сөзімен жалғасты. Алдымен облыстық
ассамблеяның ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Сәулет Сахиев, мінбеге көтеріліп,
Ассамблеяның ел өміріндегі маңызы турасында ой өрбітті. Содан кейін,
«Қазатомөнеркәсібі Ұлттық атом компаниясына» қарасты «РУ-6» ЖШС-ның бұрғылау
шебері Виталий Колосов, облыстық медициналық қызметкері Елена Цхай, облыстық
ассамблея мүшесі Милияр Арифов, татар этно-мәдени бірлестігінің белсенді мүшесі
Павиль Магдеевтер сөз сөйледі. Олар өз баяндамаларында қазақ елінің мейірбан,
қонақжай қасиеттерін тілге тиек етіп, татулық бесігіндегі Қазақстанның болашағы
жарқын екендігіне сенім білдірді. Сонымен бірге, Елбасымен кездескен сәттерінен
сыр шертіп, Президентіміздің басқа ұлт өкілдеріне деген қолдауына алғыстарын
айтты.

Сонымен
бірге, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік
мектебінің мұғалімі Камс Камуабоға сөз берілді.

– Мен
Конгода туып-өскенмін, – деді қара нәсілді қазақ тілінде, – бірақ, Англияда
тұрамын. Қазақстанға келгеніме 5 жыл болды. Екі жылдан бері Қызылордадамын.
Қазақстанның үш тұрғырлы тіл саясатын толық қолдаймын, көреген шешім деп
есептеймін. Мен өзімді қара түсті қазақ санаймын. Қонақжай Сыр еліне алғыс айта
отырып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айтып бергім келеді, – деді Камс
Камуабо.

Түсі қара болғанмен, жүрегі ақ азамат екен,
Абайдың әнін нақышына келтіре, сөзін бұзбастан шырқап берді. Жиналғандар қол
соғып, қошемет көрсетті.

Содан
соң, облыстық ассамблеяның үндеуі қабылданды. Одан әрі марапаттау рәсіміне
кезек берілді. Ең алдымен аймақ басшысы Сыр елінің мақтанышы Илья Ильинді
Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» медалімен марапаттады. Мұндай
медаль, сондай-ақ, корей этно-мәдени бірлестігінің ардагері Ге Хак Римнің
кеудесіне тағылды. Ал Қазақстан Халқы ассамблеясының «Алғыс хаты» татар, грек
этно-мәдени орталықтарының мүшелері Раиса Смаханова мен Раиса Алхазоваларға
табысталды. Сонымен қатар, Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясында
барлық аналар атынан сөз сөйлеген Аягөз Талпақоваға да «Алғыс хат» берілді.

Нағымжан САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз