YЗДІК СПОРТШЫЛАРҒА ПӘТЕРДІҢ КІЛТІ БЕРІЛДІ

37

0

YЗДІК СПОРТШЫЛАРҒА ПӘТЕРДІҢ КІЛТІ БЕРІЛДІӨткен аптаның сенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауыр атлетикадан 2013 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Алмас Өтешов пен «Қайсар» футбол клубының шабуылшысы Жасұлан Молдақараевты қабылдады.
Сыр топырағында кіндігі кесілген саңлақтар соңғы жылдарда әлемдік дүбірлі додаларда топ жарып, үйде отырып тақымын қысқан дүйім елдің көзайымына айналып келеді. Оны спорттың қай түрінен де табуға әбден болады. Әсіресе, оның ішінде ауыр атлетиканың жөні бөлек. Тау көтерсе де, ешбір қинала қоймайтын толағай тұлғалы талантымыз – Илья Ильин секілді алыпты өмірге алып келген өлке әлі де талай таланттың томағасын сыпыратын түрі бар. Үстіміздегі жылы Польшаның Вроцлав қаласында өткен ауыр атлетикадан әлем біріншілігінде күміс медальмен күптелген Алмас Өтешов қарадомалақ қазақ баласының арасынан осындай биікке шыққан шымыр спортшымыз саналады. Ильяның қатарына Алмастай өршіл өреннің қосылғанын барша жұрт қуанышпен әңгімеге арқау етеді. Бұдан бұрынғы әлем біріншіліктерінде үш мәрте чемпиондық тұғырға көтерілген Илья бұл жолы өзін жаңаша қырынан танытуға күш салды. Өз өмірінде тұңғыш рет бапкерлік қызметтің дәм-тұзын татып көрді. 
– Сыр елінің саңлақтары әлемдік ареналарда толағай табыстарға кенеліп келеді, – деді облыс әкімі әңгімесін одан әрі өрбітіп. – Бұл үрдіске айналды. Олар тек Қызылорданың ғана емес, тәуелсіз еліміздің абыройы мен атағын жалпақ жұртқа жайып отыр. Оны Елбасымыздың спорт саласына көрсетіп отырған қамқорлығының оң нәтижесі деп санаймыз. Сонымен қатар, түрлі себептермен биыл бірінші лигада доп тепкен «Қайсар» командасы да жанкүйер сенімін ақтап, үздіктер қатарына қайта қосылды. Бұл орайда 34 ойында 28 мәрте қарсылас команда қақпасын дәл көздеген Жасұлан Молдақараевтың еңбегін ерекшелеп айта кетсек, артық емес. Ендігі кезекте біздің жігіттер Премьер-лигада жоғары деңгейде ойын көрсетеді деген сенімдеміз.     
Облыста спорт саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында оң нәтижеге қол жете бастады. Аймақтың барлық ауданында жасанды төсенімді жасыл алаңмен жабдықталған стадиондар жергілікті жұрттың игілігіне айналды. Оған қоса, үстіміздегі жылы облыстың түкпір-түкпірінде шағын спорт алаңдары іске қосылды. Бұл ауылдағы ағайынның да салауатты өмір салтын ұстануына оң септігін тигізеді. Келер жылы облыс орталығында жабық манежді футбол алаңы салынады деп күтілуде. Оған бір мезгілде 3 мың адам кіре алады. Сондай-ақ, біздің еліміздің жарық жұлдызы – Илья Ильин атындағы ауыр атлетикадан орталық бой көтереді.
Келесі сөз кезегінде ауыр атлетикадан Олимпиада мен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Илья Ильин Польша еліндегі жарысқа спортшыларды дайындауға өзімен бірге Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміров сынды жігіттердің атсалысқанын атап өтті.  Оның өзі негізінен менеджерлік қызмет атқарған. Ал Алмас сөз кезегінде өзіне қамқорлық көрсетіп, қолдау жасаған барлық азаматтарға ризашылығын білдірді. 
Жүздесу барысында облыс басшысы Илья Ильинге «Алғыс хат» табыс етті. Сырдың даңқын асырған Алмас Өтешов пен «Қайсардың» биыл 28 доп соққан үздік шабуылшысы Жасұлан Молдақараевқа пәтерлердің кілтін ұстатты.
Әділжан ҮМБЕТ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз