ҮЙІҢІЗГЕ ГАЗ ТЕГІН ТАРТЫЛМАЙДЫ

96

0

немесе жалған ақпарат
таратқандар жазалануы тиіс

 

ҮЙІҢІЗГЕ ГАЗ ТЕГІН ТАРТЫЛМАЙДЫБүгінде Кеңес одағынан бері
көмір тасып, күл шығарып келген тұрғындардың көңілі шат. Қалалар мен елді
мекендерге табиғи газ жеткі­зіліп, пайдалануға берілуде. Аудандарды газдан­дырудың
2014 жылы іске қосылған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының арқа­сында
қол жеткіздік. Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын магистральды газ құбырының
846 шақырымы біздің облыстың аумағынан өтіп жатыр. Содан көп кешікпей, яғни
былтырғы жылы облысты кешенді газдандырудың бірінші кезеңі басталып кетті.
Облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес, 23
миллиард теңге қаражат бөлініп, қазан айының ішінде төрт бірдей аудан –
Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Арал аудандарының орталықтары газға қосылды.
Бұдан бөлек, Байқоңыр қаласы да газдандырылды. Бұл – үлкен жетістік. 2014 жылы
облысты табиғи газбен қамтамасыз ету 35 пайызды құраса, 2015 жылы өңір халқының
63 пайызы, яғни шамамен қосымша 476 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізіп
отыр.

Жемісті жұмыс бар жерде
мәселе де болмай тұрмайды. Ақша табудың алуан жолын меңгер­ген пысықтар,
дұрысырақ айтсақ, алаяқтар газ ша­руашылығында да пайда болыпты. Олар газдан­дырылған
аудан орталықтарында «жеке тұрғын үй секторына үйішілік газ құбырының құрылысы
тегін жүргізілуі тиіс» және «әр тұрғыннан 20 мың теңге алып, 3 ай ішінде тегін
қосып береміз» деген жалған ақпараттар таратқан. Тіпті, Арал қаласының Аян
Төлешов есімді бір тұрғыны облыс әкімінің блогына осы қауесеттің қаншалық рас
екенін білу үшін жазба да қалдырған.

Қазақта «Ынтымақты сыбыс
бұзады» деген сөз бар. Билік пен халық арасындағы сенімге селкеу түсіретін
сыбыстар қайдан шықты? Аңқау елді алдаусыратып, қарынның қамын күйттеген
алаяқтар кімдер?

Дүйсенбі күні облыс әкімі
Қырымбек Көшер­баевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде елді мекендерді
газдандыру мәселесі қаралғанда осы келеңсіздік те назардан тыс қалмады. Сонда
аймақ басшысы ішкі істер департаментіне жалған ақпараттың шығу төркінін анықтап,
әшкере қылуды тапсырды.

– Біздің тұрғындар ресми
мемлекеттік орган­дардың мәліметіне сенбей, айдаладағы алаяқтардың сөзіне сеніп
алданып қалады. Оны тоқтатудың бір-ақ жолы бар. Жариялы түрде фактілерді
көрсетіп, қауесет әңгімелерге уақытылы тосқауыл қою қажет. Заңға сәйкес,
тұрғындар үйлеріне газды жеке қаражаты есебінен кіргізеді. Судың да сұрауы бар
емес пе? Тұрғындардың газға төлеген ақысы құбырларды қарауға, ондағы
жұмысшыларды жал­ақымен қамтуға жұмсалады. Ал ел арасына сыбыс таратқандар
жазасын алуы тиіс, – деп қадап айтты.

Облыс әкімі сөзінің жаны бар.
Қазіргі заманда әлемде өлшеусіз, сұраусыз жатқан ештеңе жоқ. Бір кесе су ішсек
те, ақшасын төлейтін дәуір бұл. Ал газдандыру болса, мемлекеттің емес, акцио­нерлік
қоғамның қаржысы есебінен жүргізілуде. Мәселен, «ҚазТрансГаз Аймақ» ком­па­ниясының
инвестициялық жобасы аясында Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кент­тері
мен Байқоңыр қаласы бойынша 1300 ша­қырым газ құбыры, 5 автоматтандырылған газ
тарату станциясы, 13 газ реттеуіш пункттері және 174 шкафтық газ реттеу
пункттерінің құрылысы салынды. Басқа да қыруар жұмыстар атқарылды. Сондықтан,
жұрт газдың елді мекенге ғана емес, көшелеріне дейін жеткеніне қуануы керек.
Соған миллиардтаған қаражат жұмсалды. Ал көгілдір отынды көшеден үйіне кіргізіп
алу тұрғындардың өз есебінен жүргізіледі.

Бұған қоса, Қазақстан
Республикасының 2013 жылғы 9 қаңтардағы №532-IV «Газ және газбен жабдықтау
туралы» Заңында бәрі айқын жазылған. Заңның 12-бабында: «Газбен жабдықтау
жүйелері объектілерін магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе
топтық резервуарлық қондырғыға қосуға байланысты шығыстар газбен жабдықтау
жүйелерінің қосылатын объектілерінің иелері есебінен жүргізіледі», – делінген.

Осыған дейін қысқы көмір,
ағаш отынын сатып алып, жағып келген тұрғындар бұдан былай әлгіндей
арандатушылардың айтқан «батпан құйрығына» байланып, алданып қалмаса екен
дейміз. Өйткені, ақпан айының аяғында облысты газдандырудың екінші кезеңі
басталғалы тұр. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының
басшысы Ержан Әбдіқалықовтың айтуынша, енді қалған үш аудан орталығын – Жосалы,
Жалағаш және Тереңөзек кенттерін газбен қамтамасыз ету міндеті қойылуда. Бұған
қоса, Қызылорда қаласындағы газдандырылмай қалған тұрғын үйлерге көгілдір отын
тартылмақ. Аталған елді мекендерді газдандыру «ҚазТрансГаз» АҚ-ның
инвестициялық бағдарламасы аясында жүргізіледі. Сол кезде де алаяқтардың
қармағына алданып қалмас үшін қазірден бастап тұрғындар сыбыстарға сақтықпен
қарауы керек, ал құзырлы мекеме қызметкерлері қырағылық танытқаны жөн.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз