Қызметтестер көрмені тамашалайды

60

0

Қызметтестер көрмені тамашалайдыКеше бүкіл әлем көз тіккен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ашылды. Жасыл экономика тақырыбына арналған жаһандық көрмеде 100-ден астам мемлекеттің және Халықаралық ұйымдардың павильондары көпшілікке ұсынылып, қонақтарды қабылдау басталмақ. Үш айға созылатын айтулы шараны 5 миллионнан астам адамның тамашалайтындығы, соның ішінде келуші туристер санының артатындығы айтылуда. Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған ауқымды жиынды қызықтау үшін Астанаға ағылатын отандастарымыздың қарасы көп болмақ. Соның ішінде Сырдан Сарыарқаға бет алатын жерлестеріміз де аз емес.
Осыған дейін халықаралық көрмені тамашалауға облыс¬тан 75 мың адам  барады деп болжанған болатын. Қазірдің өзінде айтулы шараның 40 мың билеті сатылып кетті. Әлі де қызығушылық танытып жатқандар баршылық. Сонымен қатар, көрмеге аудан тұрғындары да аттанбақ. Осыған дейін ең көп билет сатылымы Жаңақорған ауданында тіркелген. Сатып алушылар саны – 5282. Одан кейін Аралда – 5147, Қармақшыда – 4294, Шиеліде – 3758, Қазалыда – 3163 және Сырдарияда 1839 билет сатылған. Осы орайда айта кету керек, билет құны да белгіленген күндеріне байланысты әртүрлі болып келеді. Мысалы, ашық күнге арналған билеттер 8 мыңнан болса, жұмыс күнгі кіру құны 6 мың тұрады. Ал күні белгіленген билеттерді 4 мыңнан сатып алуға болады.
Халықаралық шараны ұжым болып көруді құптап жатқандардың қарасы қалың. «Қызылорда су жүйесі» және «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемелері аталған шараны қызметкерлердің бірге қызықтауына мүмкіндік туғызып, аталған ұжымдар бейсенбі күні бас қалаға жол тартты. Олар ел тарихындағы елеулі оқиғаның алғашқы куәгерлерінің бірі болатындығына қуанышты екенін айтады.
Сонымен бірге «Қызылорда тазалығы» мекемесінен 11 адам бас қалада 5 күн қонақ болмақ.
– Осы мекемеде жұмыс жасап келе жатқаныма 14 жылға таяды. Қызметкерлермен бірге осындай ірі шараны тамашалау сәті туғанына қуанып тұрмын. Билет пен басқа да шығындар мекеменің мойнында. Қызметкерлер тек Астанадағы айтулы шараны қызықтап қайтады, – дейді аталған ұжым директорының орынбасары Гүлзинат Жұмабекова.
«EXPO-2017» ресурстық орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов ұжым болып жолға шығатын өзге де мекемелердің көп екенін айтады. Мысалы, «Петро Қазақстан» компаниясы тарапынан 100 билет сатып алынған. Олар өз қызметкерлерін 50-50 адамнан бөліп апаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Қызылорда облыстық филармониясы да айтулы шараға қызметтестермен бірге баруды ойластыруда.
Ал Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театр ұжымы көрмені тамашалаумен қатар бас қалада спектакль де қоймақ. Театр актрисасы Зәлипа Төлепова бұл сапардың тамыз айына жоспарланып отырғанын айтады. Онда «Кетпейсің болды, кетпейсің» және «Қорқыт» қойылымдары сахналанады.
Бүгінде бас қалаға баруға кедергілер болдырмас үшін бар мүмкіндік қарастырылды. Ең алдымен көліктік қатынасты реттеу назарда. «Қызылорда-Көкшетау», Қызылорда-Петропавл» пойыздарына қосымша 36 вагон тіркеу көзделіп отыр. Одан бөлек «ТурТрансСервис» жолаушылар компаниясымен күніне 5 жолаушылар көлігін шығару жөнінде келісім жасалды. Ал көрме кезінде облыс тұрғындарын жатын орынмен қамтамасыз ету үшін «Дипломат Отель және Бизнес Орталық» басшылығы 36 пәтер бөлетіндігін жеткізіп отыр.

М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз