ҚЫЗЫЛ МИЯ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

51

0

ҚЫЗЫЛ МИЯ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫЕлбасы бастамасымен елімізде Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасы қабылданды. Соның нәтижесінде соңғы жылдары көптеген өндіріс орындары іске қосылды. Қазір сондай өндіріс орындары өнім өндірумен қатар жүздеген адамды жұмыспен қамтып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып отыр. Бұл бағдарламаны жүзеге асырудан біздің облыс та сырт қалып отырған жоқ. Бұл бағытта аймақта бірнеше өндіріс орындары ашылды. Әлі де ашылатындары бар. Солардың бірі Жалағаш ауданындағы қызыл мия өсімдігінің тамырын өңдеп, онан дәрілік өнімдер шығаратын зауыт құрылысының алар орны ерекше.
Шындығында, еліміздің Индустрияландыру картасына кез келген жоба қабылдана бермейді. Ол үшін ұсынылоған жобалар жан-жақты сараптамадан өткізіледі. Өйткені, бағдарламаға орай қабылданған жобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бір ерекше көңіл аударарлығы сол, «Мия өсімдігін өсіру және мия тамырын өңдейтін зауыт салу” жобасын ұсынған біздің «БИС-Групп” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұндай қолдауларды қажет етпеді. Өйткені, серіктестік Жалағаш кентінің іргесіндегі ашық алаңқайдан он гектар жер алып, оның коммуникация жүйесін өзі жүргізді. Өнімді өсіру мен өңдеуді және оны өткізуді өз серіктесімен бірлескен кәсіпорындар жарғысына сай келісіп те алған. Оның үстіне мұндағы зауытқа орнатылатын құрал-жабдықтар  мен қондырғылар жаңа дүниелер. Тіпті олардың арасында бұрын әлемдік тәжірибеде қолданылмаған құрал-жабдықтар да бар. Осындай жан-жақты түрде дайын болып барған Қызыл мияның тамырын өңдейтін зауыт жобасы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауына ие болып, ол еш кедергісіз мемлекеттік бағдарламаға енгізілді.
– Жобаны ұсынбас бұрын қызыл мия тамырын тереңдей зерттеп, сараптама жасадық. Осы өнімді шығарумен айналысып жатқан елдерде болдық. Олардың тәжірибесін көрдік. Қалай жұмыс істеп жатқанымен таныстық. Сөйтіп, тәуекел етіп, істі қолға алдық, – дейді жоба жетекшісі, «БИС-Групп” директоры Ділдахан Ахметов. – Жобаны іске асыру үшін Қытайдың «Борихунда” компаниясымен келіссөз жүргіздік. Нәтижесінде жалпы құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыруға келісім-шарт жасалды. Бұл соманың 1,1 млрд. теңгесін қытайлық компания көтеретін болды. Сондай-ақ, ол құрал-жабдықтар мен тауар шығаратын технологияларды әкелуді де міндетіне алды. Мұнан бөлек, компания жергілікті жердің мамандарын оқытып, дайындауға да атсалысады. Бір сөзбен айтқанда, жобаны мемлекеттік бағдарламаға енгізу арқылы  біз облыс беделін көтеруге атсалысамыз.
Сонымен, іргесі өткен жылы қаланған зауыттың құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Мұнда құрылысшылар мен қызметкерлерге арнап қонақ үй мен кәсіпорын офисі де салынған. Асхана да бар. Яғни, жұмысшыларға барлық жағдай жасалған.
Жалпы, қазір зауыт құрылысы толықтай тұрғызылған. Енді ол Қытайдан келетін құрал-жабдықтарға қарап тұрған жайы бар. Бүгінде әкелінетін осы құрал-жабдықтар технологиясына қосымша элементтер салынуда. Әлі тәжірибеде қолданылмаған мұндай жабдық Германияда дайындалып жатқан көрінеді. Амандық болса, ол санаулы күндерден кейін Жалағашқа жеткізіледі. Ал оны құрастыратын қытайлық мамандар жұмыстың шамамен жиырма күн ішінде аяқталатынын айтады. Демек, алдағы мамыр айында бұл зауытты іске қосуға да жол ашылмақшы. Тіпті ол үшін мұнда қажетті қызыл мия тамырлары да жинақталып қойылған. Ал зауыттың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті шикізат алдағы жаз маусымында дайындалмақшы.
Негізі серіктестік зауытқа қажетті қызыл мияны екі мың гектарға екпекші. Мұнан бөлек, ол ауылдағы ағайындардың табыс көзіне де айналады деп күтілуде. Өйткені, енді қызыл мия тамырын заңды түрде келісім-шартқа отырып өткізуге де болады. Жалпы зауыт іске қосылғанда ол алты мың тонна кепкен тамырды өңдей алады. Сол үшін онда жоба бойынша 156 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған қосымша 560 адам маусымдық жұмысқа тартылады.
Қорыта айтқанда, қызыл мия зауытын салу ісі өз-өзін толықтай ақтайды дейді мамандар. Өйткені, оның шығаратын дәрі-дәрмектік өніміне сұраныс көп. Ал оған қажетті қызыл мия өсімдігінің қоры да жеткілікті көрінеді. Оны соңғы екі жылда серіктестіктің сұранысы бойынша жұмыс жасаған Алматы ботаника институтының ғалымдары анықтап берген. Қалай айтқанда да бұл зауытты салып, іске қосу табиғатқа еш залалын тигізбейді екен. Қайта зауыт облыс экономикасының дамуына мол үлес қосады деп күтілуде.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз