ҚЫЗЫЛҚҰМ ҚОЙНАУЫН ДҮБІРЛЕТКЕН ТОЙ

278

0

ҚЫЗЫЛҚҰМ ҚОЙНАУЫН ДҮБІРЛЕТКЕН ТОЙӨткен демалыс күндері
Қызылқұмның төсі дүбірге бөленіп, алыстағы Жаңақалаға ағылған ағайында есеп
болмады. Жаңақаланың жартығасырлық
тойының даңқы бүкіл елді шарлағаны мерекеге әзірлік барысынан анық байқалатын.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ауылдың топырағында өскен, қазір
еліміздің әр түкпірінде қызмет етіп жүрген түлектердің туған жердің төсінде
өтетін басқосуға өз үлестерін қосатынына жұртшылық «бәрекелді» десті.

Күз мезгілі елдің арқа-басын кеңге
салатын берекелі уақыты емес пе? Бүгінде Кеңес Одағының батыры Тәйімбет
Көмекбаевтың есімімен аталатын ауылдың мерейтойы да қазанның шуағын молынан
төгетін осы кезеңіне межеленген екен. Оған қоса қасиетті Құрбан айтпен
тұспа-тұс келгендіктен бұл күннің бағасы арта түсті. Ауыл орталығына 50 үй
тігіліп, жаңадан мешіт бой көтерген. Жеңістің 70 жылдығына арналған саябақ
жасалып, батыр Тәйімбеттің ескерткіші қойылыпты. Орталық көше
асфальтталып, абаттандырылған.

Ауылдың тарихынан аз-кем айтсақ, 1964
жылдың басында Орталық Комитет шөл және шөлейт аймақтарда қой шаруашылығын
өркендету арқылы шаруашылықтар ұйымдас­тыру туралы қаулы шығарады. Бұл қаулы
негізінде Қызылорда облысы бойынша Тереңөзек ауданынан – Іңкәрдария, Қазалыдан
– Қызылқұм, Жалағаштан – Жаңадария, Аққыр, Қармақшы ауданынан – Қуаңдария және
Жаңақала совхоздары ұйымдастырылады. Шаруа жайын жетік білетін басшы Қаратай
Қуаңбаев Тағай деген жерге алғаш қазық қағып, шопандарға арнап үйлер
салғызғанда, онда келгендер «Қызылқұмда жаңа қала пайда болыпты» деп таңданыстарын
жасырмайды екен. Көпшіліктің ықыласы
мен басшының іскерлігі, құм ішінде жаңа үйлер салған алғашқы құрылысшылардың
еңбек қарқыны жаңа ауылдың «Жаңақала» аталуына негіз болған.

ҚЫЗЫЛҚҰМ ҚОЙНАУЫН ДҮБІРЛЕТКЕН ТОЙҰшқан құстың қанаты талатын Қызылдың
қиясына орын тепкен Жаңақаланың шопандары сол дәуірдегі қой басын 50 миллионға
жеткізу ұранына қомақты үлес қосты.
Шаруашылықтың қазығын қаққан Қ.Қуаңбаевтан кейін ауылды басқарған Р.Ахметов,
О.Өткелбаев, шаруашылықтың өркендеуіне қызмет қылған Қ.Смағұлов, Қ.Сүлейменов, Еңбек Ері Ә.Қайруллаев есімін
жерлестері мақтан етеді. Кешегі тойда ауылдың даңқын аспандатқан арыстар туралы
көзкөргендердің естелігі жас ұрпақ жадында жаңғырды. Тойдың тағылым алар тұсына
келсек, үлкендердің үлгісі, ауыл түлектерінің бірлігі өнеге аларлық тағылымымен
ерекшеленді.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы
қиын кезең, әсіресе, қиянда жатқан елді мекен­дердің тіршілігін тоқыратқаны
белгілі. Бірақ шалғайдағы ауылдар қиындыққа мойы­май, осы ауылды қолмен құрған
аға ұрпақ үлгісімен елді сақтап қалды. Ұзақ уақыт бойы жол азабын тарқан
ауылдықтар соңғы жылдары асфальт төселген жолмен ауданға да, облыс орталығына
да кедергісіз қатынайтын болды. Жарық берілуі тұрақталып, жаңа мектеп салынды.
Жабылып қалған аурухана қайта ашылып, елге медициналық көмек көрсетуді жалғастырды.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жаңа тұрғын үйлер бой көтерді.

Мереке «Ерлік пен еңбекке толы 50
жыл» атты салтанатпен ашылды. Жиналған жұртшылыққа аудан әкімі Нажмадин
Шамұратов өз лебізін арнады. Осыдан кейін ауылда жаңа имандылық үйі ашылды.
Жазда құрылысы басталған мешітке «Ақназар-Кедей» деген ат беріліпті. Ел-жұрт
Мағзаман әулиенің батасы қабыл болып, іргесі бөлінбеген Ақназар-Кедей атымен
аталған мешіттің Құрбан айттың алғашқы күні ашылуын жақсы ырымға балады.

Жаңақаладағы тойға алыс-жақыннан,
көрші ауылдардан жиналған жұртшылық аламан айтысты тамашалады. Есімдері елге
белгілі Айбек Қалиев, Сара Тоқтамысова,
Балғынбек Имашов, Нұрмат Мансұров, Ержеңіс Әбдиев, Мамыр Байдәулетов сияқты
ақындар өнерсүйер қауымға жырдан шашу шашты. Өнер жүйріктерінің тапқыр
тіркестеріне, суырып салып жауаптасуларына, жарасымды әзілдеріне тәнті болған
көрермен ықыласы ерекше.

ҚЫЗЫЛҚҰМ ҚОЙНАУЫН ДҮБІРЛЕТКЕН ТОЙЖүз жыраудың Отаны болған Қармақшы
топырағындағы тойда даңғайыр шайырлардың ізбасарлары жырламаса, көңілдің
қоңылтақсып қалары анық еді. Жаңақаланың жартығасырлық тойында таңды таңға ұрып
жырлайтын жыраулар өнері салтанат құрды. Тыңдаушысының дем беруі, ұлы өнердің
қадірін жете түсінетіні жырау­­ларды шабыттандыра түсті.

Сол күні кешкісін ауыл тұрғындары мен
қонақтары қазақ эстрадасының белгілі өкілдері «Нұрмұқасан» тобы, Роза Әлқожа,
Жеңіс Сейдоллаұлы, Еркін Нұржановтың концертіне жиналды. Тойдың алғашқы күні
түнгі аспанды мың-сан маржандарымен көмкерген отшашумен қорытындыланды.

Екінші күн спорттық ойындармен
басталды. Қазақша күрес, гір тасын көтеру, қол күрестен өткен жарыста құрыш
білек, апайтөс жігіттер сынаққа түсті. Бүкіл ел хабарланған тойдың спорттық
сайыстарына еліміздің әр қиырынан спортшылар жиналып, күш сынасты.

Алдағы жылы адамзат тарихындағы ең
қанқұйлы соғыстың аяқталғанына 70 жыл толады. Мерейтойы аталып өткен ауылдың
Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев есімімен аталатынын ескерсек, бұл
жерде ерлікке тағзым ететін орынның болуы заңдылық. Ұйымдастырушылар осыны
ескерсе керек, Жеңістің 70 жылдығына арналған саябақ пен батыр ескерткішінің
ашылу салтанаты осы тойға орайластырылыпты. Ерлік даңқын өшірмей, ұрпаққа үлгі
еткен бастама ауылдықтардың жаңа толқынын елжандылыққа тәрбиелейтіні анық.

ҚЫЗЫЛҚҰМ ҚОЙНАУЫН ДҮБІРЛЕТКЕН ТОЙСаябақ пен ескерткіштің ашылу
салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Ауылдың жартығасырлық
тойына келген халыққа игі тілегін арнады.

– Тәуелсіз елімізде кең қанат жайып,
өсіп-өркендеген ауылдың жаңа келбетін көріп қуанып тұрмыз. Ауыл тарихын
қастерлеп, аруақтарды құрметтеп, осындай мерейлі шараның ұйтқысы болған азаматтардың
ісі көпке үлгі. Бүгінгі жартығасырлық мерейтой құтты болсын. Батыр баба есімін
иеленген ауыл өсіп-өркендей берсін! – деді аймақ басшысы.

Кешеден бері айтыс көрігін қыздырып,
халықтың құлақ құрышын қандырған ақындардың арасынан озып шыққан Мамыр
Байдәулетовке автокөлік табысталды. «Түйе палуан» атағын жеңіп алған Айбек
Серікбаев та темір тұлпар тақымдады.

Түс ауа басталған ат бәйгесі жүйрік
баптап, аламанға қосқан ағайынның ерекше ықыласын туғызды. Алты Алашқа сауын
айтылған тойдың бәйгесі де қомақты. Қорытындысында аламан бәйгенің жүлдесі –автокөлікті Тараздан келіп, жүйрік қосқан Ақиқат Мұратхан иеленді. Құнан бәйгеге
тігілген көлікті тараздық Тоқтағұл Тарел тақымына басты. Тоқ бәйгенің жүлдесі –
автокөлік шымкенттік Дәурен Жұмабековке бұйырды. Тай бәйгеге белгіленген
ақшалай сыйлықты шиелілік атсейіс Шорабай Әбдіқали алды.

Екі күн бойы қазақ даласының әр
түпкірінен келген қонақтарды құшақ жая қарсы алған, түлеп ұшқан перзенттерін
бауырына басқан Қызылқұмның қойнауындағы шағын ауылдағы бұл той берекенің бастауы бірлікте екенін тағы бір
мәрте дәлелдеп берді.

Гүлжазира
ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз