ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ

189

0

Аймақ басшысы 2013 жылы облыс экономикасындағы бірқатар маңызды салалардағы көрсеткіш алдын ала болжанған нәтижеден де жоғары болғанын атап өтті. 
Жыл басында алдымызға қойған басты міндет – экономиканы әртараптандыру болатын. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде республикалық орташа көрсеткіш 1,5% болса, өңдеу секторының өсімі 17 %-ды құрады. Облыс үшін маңызы зор индустриялдық жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда. 
Бұл кезеңде облыс экономикасына 300 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда шамамен 60 %-ға артық. Соның ішінде жыл бойына республика аймақтарының арасында инвестициялардың ең жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Сәйкесінше, құрылыс жұмыстарының көлемі де едәуір ұлғайып (45 %-ға), 200 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
2013 жыл ауыл шаруашылығы үшін де қолайлы болды. Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш 1 гектардан 49,0 центнер күріш жиналды (360 мың тоннадан астам). 2013 жылдың тамызынан бастап соңғы екі жылда орын алып келген мал басы санының азаюын тоқтатып, өсудің оң қарқынына қол жеткіздік.
Экономиканың да, тұрғындардың да әлеуметтік ахуалы үшін негізгі фактор баға болып табылады. Жыл бойы тұтыну бағаларының индексі ел бойынша орташадан төмен болды (ҚР бойынша 104,1%-дан 103%).
Әлеуметтік даму мен инфрақұрылымды дамытудың ең өзекті мәселелерін шешу келелі мәселе болатын. Бұл ретте бюджетті толтықтырудың барлық резервтік мүмкіндіктері қарастырылды. Өз кезегінде бұл бір жылда шығындарды 24 млрд. теңгеге  өсіруге мүмкіндік берді.
Кіші және орта бизнесті дамытуда да оң қарқын бар. Айталық, тіркелген кәсіпорындардың саны 9%-ға артса, онда жұмыспен қамтылғандардың саны 5 мыңнан астам адамға ұлғайды (2012 жылмен салыстырғанда 5% шамасында).
Жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа деңгейден аспайды (5,2%).
Бұның барлығы стратегиялық міндеттерді іске асыруды бастауға қолайлы алғышарттар туғызып отыр.
Экономикалық, әлеуметтік-саяси бағыттағы қарқынды дамуы нәтижесінде өткен жылы Қазақстан дамыған елу елдің қатарынан орын алды.   
Мемлекет басшысы мемлекеттің бұдан әрі ұзақ мерзімді дамуы жөнінде міндеттер қойып отыр. 2050 жылға Қазақстан әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы тиіс. 
«Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген Стратегиялық міндеттер қатарында өңірлерді дамыту мәселесі де бар.
«Қазақстан-2050» Жолдауында Президент «мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады» деп атап көрсетті. 
Стратегияда айқындалған негізгі мақсат – 2020 жылға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны республикалық орташа деңгейден төмен болмауы. 
Міндет оңай емес, өйткені, Стратегияны іске асыруға берілген жеті жылда біз тұтас елге қарағанда, жоғарырақ қарқынмен дамуымыз керек, – деді облыс басшысы Қ.Көшербаев.
Жалпы өңірлік өнімнің орташа жылдық өсімі 8%-дан кем болмауы керек. Сонда, мамандардың бағалауынша, 2020 жылға өңірдің қажетті даму қарқындарына қол жеткізіліп, республикалық орташа деңгейден біршама асуы мүмкін.  
Облыс әкімі осы басымдықтарды саралай келе реттілігі бойынша бірқатар маңызды салаларға тоқталып өтті.
БІРІНШІ. МҰНАЙ ГАЗ СЕКТОРЫ.
Экономиканың басқа салалары өнімдерінің көлемі біртіндеп өсе түскен жағдайда бұл тағы біршама уақыт бойына басым сала болып қала береді. Бұл мұнай өндірудің едәуір көлемдерімен және өңдеу секторы мен кіші бизнестің әлі де болса жеткіліксіз дамуымен түсіндіріледі. 
Бүгінгі күні өңдеу жүргізіліп жатқан мұнай-газ кен орындарының бірқатары сарқылып жатыр, бұл ретте мұнай – газ саласының өңір экономикасына әсерін ескерсек, басқа салалар есебінен өндіріс көлемдерінің төмендеуін өтеу әзірге мүмкін емес! Бұл тұрғыда өңір дамуының басты басымдығы – жаңа мұнай-газ кен орындарын барлау және әзірлеу, сондай-ақ, геологиялық қорларды толығырақ шығарудың заманауи әдістерін қолдануға болады.
ЕКІНШІ. ӨҢДЕУ СЕКТОРЫН ДАМЫТУ.
Ірі және орта индустриалды жобаларды іске асыру арқылы өңдеу секторын екі есе арттыру жобалануда.
Металлургия – өнеркәсіптің басты салаларының бірі. Заманауи металлургия – басқа да салаларға негіз болып табылатын және жоғары қосымша құны бар тауарларды өндіруге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық сала.  
Металлургияның дамуы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін көбейтуге және өңірдің экономикасын кезең-кезеңмен әртараптандырудың басталуына елеулі ықпал етеді. Өңірімізде инженерлік білімді дамыту және заманауи техникалық мамандар даярлау жөніндегі жоспарымызды ескере отырып, болашақта нақты металлургиялық кластерді құру туралы да айтуға болады.
ҮШІНШІ. АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІН ДАМЫТУ.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫКүріш шаруашылығы – біз сақтап қалуға әрі дамытуға тиіс дәстүрлі сала.
Экономикалық тұрғыдан алғанда күріш экспортынан түсетін пайда көлемі төмен сияқты.
Алайда, күріш шаруашылығы – ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы, сонымен қатар, жер экологиясын сақтап қалу жолдарының бірі екенін ескеру қажет. Күріш егісін азайту арқылы біз құнарлы жер аумақтарын да қысқартамыз. Ал, жердің сортаңдануы бірнеше жылдық ғана кезеңді қамтиды. Сондықтан да, заманға сай технологиялар арқылы күріш өндірісін дамытып, оның экспорттық әлеуетін күшейту жолын қарастыру керек.
Ауылшаруашылық дақылдарын өңдеудің жаңа технологияларын қолдана отырып, суармалы егіншілік пен басқа да дақылдарды өсіру бағытын дамытамыз.
Аймақта мал және балық шаруашылықтарының болашағы зор.
ТӨРТІНШІ. ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫКелесі жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің біздің аумақтағы құрылысы аяқталады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл 2020 жылға қарай осы бағыттағы жүк айналымының көлемін екі есе өсіруге мүмкіндік береді.
Автомобиль көлігімен бірге әуе және темір жол көліктерін де дамыту қажет. Әрине, бұл мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес, алайда, оның амалын табуымыз қажет.
Өнеркәсіптің дамуы қосымша энергетикалық қуаттардың қосылуын қажет ететіні белгілі. Осыған орай, біз, аймақ тұрғындары мен экономикамызды өзіміздің энергия көздері арқылы 100% электр энергиясымен қамтамасыз ету міндетін алға қоюдамыз. Оның ішінде, қайта қалпына келетін энергия көздерін дамыту да жоспарымызда бар. Қызылорда қаласында жаңадан ЖЭО (жылу электр орталығын) салу мәселесінің де маңызы өте зор.
Облыстың барлық елді мекендерін толығымен газбен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет.
Сапалы ауыз сумен  ауылдық елді мекендер – 100%, оның ішінде, 80%-ы орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіледі.
Осылайша біз тіршілікті қамтамасыз етуші инфрақұрылымның негізгі үш бағыты, яғни, электр энергиясы, газ және ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 100%-ға шығуымыз керек. 
Бұл – өз кезегінде, тұрғындардың өмір сүру сапасы және жалпы экономиканың дамуына ықпал ету бойынша стратегиялық маңызы бар міндет.
БЕСІНШІ. АРАЛ.
Бұл – біздің тарихымыз, игілігіміз және жауапкершілігіміз. Жыл сайын Арал теңізінен көтеріліп, таралатын 150 млн. тонна тұз Антарктидадағы пингвиндердің қанынан және Гренландияның мұз айдындарында анықталған.
Ондаған жылдар бойы бүкіл әлем теңіздің ажалын алаңдаушылықпен бақыласа, бүгінгі күні Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу жөніндегі Қазақстанның жобасы туралы таңданып айтуда. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен әзірленген жоба әлем жұртшылығы тарапынан ғасыр жобасы ретінде танылды. 
Жобаның екінші кезеңін іске асыру арқылы су деңгейін көтеру, теңізді бұрынғы шекараларына дейін созуға, Арал қаласының порттық маңызын қайтаруға және Сырдария өзеніндегі көлдік жүйелерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
АЛТЫНШЫ. БІЛІМ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІН, ӘЛЕУМЕТТІК САЛА МЕН СПОРТ САЛАСЫН ДАМЫТУ.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫБәсекеге қабілетті экономиканы құру үшін бізге жоғары білімді кадрларды даярлау қажет. Алдағы уақытта еңбек нарығында болатын құрылымдық өзгерістерге біз уақытында жауап беруіміз керек.
Бүгінгі таңда техникалық мамандарға тапшылық бар. Сонымен қатар, алдымызда ірі индустриялдық жобаларды іске асыру міндетіміз тағы бар.
Осыған сәйкес, облыстағы маңызды стратегиялық бағыт – кәсіптік-техникалық білімді дамыту, экономика қажеттілігіне сай жоғары білікті кадрларды дайындауға қабілетті колледждер мен тренингтік орталықтарды құру болып табылады.
Сонымен бірге, біз жаңа аймақтық экономиканы құратын және дамытатын жоғары кәсіби мамандарды тәрбиелеуіміз қажет.
Озық жоғары білім жүйесі болмай тұрып экономикалық және әлеуметтік даму жағынан жоғары деңгейге қол жеткізген аймақтық орталық болуы мүмкін емес. Көп қалаларда университет қаланың «жүрегі» және экономиканы дамыту мен адами әлеуетті толық іске асырудағы басты факторы болып табылады.
Осы орайда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін дамыту міндетінің  облыс үшін стратегиялық маңызы зор.
Одан басқа, біз аймақтық университеттің қолданбалы және ғылыми-зерттеу құрылымдарын дамыту бойынша жұмысты жандандырумен бірге, қазақстандық және халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуымыз қажет. 
Бұл өз кезегінде, отандық және шетелдік ғалымдармен жұмысты интеграциялау мен қажетті тәжірибе алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облысымыздың дамуындағы стратегиялық мәселелерді шешуде маңызды рухани құндылықтарды нығайту, жастардың бойындағы патриотизмді ояту және елі мен туған аймағының жетістіктеріне мақтаныш сезімдерін тәрбиелеуде зиялы қауымның маңызды рөл атқаратынына сенеміз.
Аймағымызды өзімізден басқа ешкім өркендетіп, гүлдендірмейтінін түсінуіміз қажет. Ол – біздің міндетіміз.
Мектепке дейінгі білім беруді дамыту бойынша «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға қарай емес, мерзімінен бұрын 2015 жылы іске асыруға толық мүмкіндігіміз бар.
Мектептерде балаларымызға қазақ тілімен қоса, орыс және ағылшын тілдерін белсенді түрде оқытып-үйрету үшін барлық жағдайларды жасауымыз қажет.
Мектептер мен ауруханалар құрылысы, оларды заманауи құрылғылармен жабдықтау жалғасын табады.
Денсаулық сақтау саласында барлық шаралар азаматтардың денсаулықтарын жақсарту мен өз денсаулықтарына деген жауапкершілікті арттыруға бағытталады.
Профилактикалық медицина аурулардың алдын алудың негізгі құралы болады. 
Өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы, ана мен сәби өлімінің төмендеуі, туберкулез бен өзге де індеттердің азаюы өмір сүру деңгейін жақсартуда қабылданған шаралардың нәтижесі болуы шарт.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың басты бағыты дәрігерлердің біліктілігін арттыру болмақ. Салауатты өмір салты – денсаулықтың басты шарты. Осыған сәйкес, дене тәрбиесі және бұқаралық спортты аулалық спорт нысандарының негізінде дамыту басым бағыттарымыздың бірі болады.
Сонымен бірге, кәсіпқой спорттағы жоғары нәтижелерге бағытталған жұмыстар да өз жалғасын табады.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, жақын арада апаттық жағдайдағы әлеуметтік нысандардың мәселесін шешуіміз керек.
ЖЕТІНШІ. МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ.
Мәдени мұрамызды сақтап қалу мақсатында қайта жаңғырту және Сығанақ, Жент, Шірік-Рабат ортағасырлық қалашықтары мен Арал теңізінің табанынан табылған археологиялық нысандарда зерттеу жұмыстарын жалғастыруымыз қажет. Екі жылда бір рет Қызылорда қаласы мен «Қорқыт ата» мемориалында халықаралық түркі тілдес елдердің фольклорлық музыка фестивалін өткізу дәстүрін енгізу керек.
Келесі жылы «Қорқыт ата» мемориалында Елбасының тапсырмасына сәйкес, күрделі жұмыстар жүргізілу жоспарлануда.
Қаржыландыру мәселесінің қиындықтарына қарамастан, біз ірі мәдениет мекемелері мен шығармашылық ұйымдарын құратын боламыз. Мысалы, қазірдің өзінде жаңа драма театры мен заманға сай филармониялық концерттік зал қажет. Облыстық филармония жанында камералық ішекті оркестр, ал, Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры жанында жастар театрлық труппасын құру жоспарлануда.
Сонымен бірге, Сыр сүлейлерінің шығармаларын сақтап, ұрпаққа тарату жұмыстарын қолға алатын орталық қажет. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне қолдау көрсету мәселесі де өз кезегін күтуде.
АУМАҚТЫҚ ДАМУ
Аумақтық даму бойынша да ауқымды іс атқарылуы керек. Бұл бағытта бірінші басымдық Қызылорда қаласы болады.
2018 жылы облыс орталығының 200 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи оқиғаны қала жоғары экономикалық көрсеткіштерімен және дамыған қалалық инфрақұрылымдарымен қарсы алуы шарт.
Сол кезеңге дейін қала Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында тұрақтала бастайды. Қазіргі уақыттың өзінде геологиялық зерттеу жұмыстары жүріп, инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, әкімшілік және тұрғын үй нысандарын салу мәселелері пысықталуда.
Байқоңыр қаласы да аймақтық экономиканың қозғаушы күші ретінде қарастырылып отыр.  
Қаланың индустриалды-инновациялық орталыққа айналуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, қалада жоғары технологиялық қызмет секторын құруға мүмкіндіктер баршылық.
Туристік инфрақұрылымды құру бойынша ауқымды жұмыстар күтуде. Айта кету қажет, жуырда «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясымен тиісті келісім жасалды.
Аймақтардың экономикалық әлеуетін ескерсек, 2015 жылы Қызылорда, 2017 жылы Сырдария ауданы, ал, 2020 жылы Арал ауданы субвенциялық аймақтардың қатарынан шығуы керек. Басқа аудандар бойынша облыстық бюджеттен аударылатын дотациялардың көлемі едәуір қысқаруы тиіс.
Облыстың 2020 жылға дейінгі кезеңде әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясының негізгі бағыттары осындай.
Аталған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін біз аймақтың барлық мемлекеттік және салалық бағдарламаларға толыққанды қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Алайда, бұл жұмыстар қысқа уақытта нәтиже бере қоймайтынын айқын түсінуіміз керек. Мұндай өзгерістер біршама уақытты талап етеді, алайда, аймақтық экономикадағы қайтымсыз өзгерістердің басталуына түрткі болады. Нәтижесінде, қалыпты өмір сүруге, сапалы білім алуға және өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жұмыс орындары құрылады.
Стратегиядағы қойылған мәселелерді шешу тиісті қаражатты қажет етеді.
Қаржы көздері ретінде біз жеке инвестициялар мен бюджеттік қаражаттарды қарастырамыз. Мемлекеттік-жеке әріптестік – бүкіл әлемде қолданылатын тәсілдердің ең тиімдісі болып саналады. Осыған сәйкес, жұмысымыздың басты бағыты аймаққа инвестиция тарту болса, бюджеттік ресурстар пайдалы нәтиже беру қағидасы негізінде жұмсалады.
Қойылған стратегиялық міндеттерді шешу барысында жалпы қоғамның жұмылған бірлігі жетістіктің негізгі кепілі болып табылады.
– Бізде Стратегияны жүзеге асыруды бастаудың қалыптасқан негізі бар, – деп атап өтті облыс басшысы. Бірақ, бұл жеткіліксіз.  Ортақ мақсатқа бүкіл қоғам болып жұмылғанда ғана қол жеткізе аламыз.  
Стратегияның мақсаттары мен міндеттерінде, бірінші кезекте, жергілікті тұрғындардың мүдделері ескерілген. Әрбір қызылордалық осы құжаттан өзінің кәсіби және отбасылық өсу мүмкіндіктерін көре алады.
Әр азамат отбасы мен өз халқының болашағы үшін аймақтың экономикалық және мәдени жетістіктеріне қатысты туған елінде жұмыс жасауға шешім қабылдауы тиіс.  
Болашақ ұрпаққа қарқынды экономика, таза табиғат және маңызды рухани құндылықтарды қалдыруымыз керек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз