Ирандағы игілікті кездесулер

64

0

Ирандағы игілікті кездесулерСәуір айында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Бақыт Жаханов бастаған өңіріміздің ірі шаруа қожалықтарының басшылары мен өкілдерінен құралған Қызылорда облысының делегациясы Иран Ислам Республикасының Гүлістан және Мазандаран провинцияларына жұмыс сапарымен барып қайтты. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ауылшаруашылық басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Сапар барысында Гүлістан провинциясы Ауыл шаруашылығы, Балық шаруашылығы, Өнеркәсіп, сауда және тау-кен ұйымдары, Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасы басшыларымен кездесуі өтті.
Кездесуде Горган Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының Президенті Рамезан Бахрами, Гүлістан провинциясы Ауыл шаруашылығы ұйымы басшысы Мохтар Мохаджер, Өнеркәсіп, сауда және тау-кен ұйымы басшысының орынбасары Дарвиш Али Хассанзаде және т.б жауапты тұлғалар өз салалары бойынша провинцияның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.
Гүлістан провинциясының басшылығы провинцияның Қызылорда облысымен экономикалық құрылымы жағынан ұқсастығына назар аударып, Қызылорда облысында ауыл шаруашылық дақылдарын егу, балық және мал өсіру, осы салалардағы озық технологиямен алмасу, Қазақстанға жеміс-жидек өнімдерін экспорттау, Қызылорда облысынан тірі мал, майлы дақылдар импорттау және т.б. мәселелерде өзара ынтымақтастық жасауға дайын екендігін атап өтті.
Облыстық делегация өз тарапынан екіжақты қарым-қатынасты оңтайлы және өзара тиімді дамыту бойынша ирандық әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға дайын екендігін жеткізіп, Иранға ірі қара, ұсақ малды, оның еттерін және «Новатор» сорты күріш жармасын экспортқа, Қызылорда облысы аумағында салынатын ет комбинатының құрылысын ирандық технологиямен бірлесіп салу және оның болашақ өнімдерін Иран, Парсы шығанағы мемлекеттеріне экспорттау, ирандық күріштің сорттарын Қызылорда облысында өсіру және оны Иранға экспорттау мәселелерін ұсынды.
Дәл осындай кездесу Сари қаласында Мазандаран Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының Президенті Абдалла Мохаджердараби, Ауыл шаруашылығы ұйымының басшысы Делавар Хейдарпур, Өнеркәсіп, сауда және тау-кен ұйымының басшысы Омран Мохаммадпур, Инвестиция тарту және қолдау департаментінің директоры Лейла Восуги және т.б. жауапты қызметкерлермен де жүргізілді.
Гүлістан провинциясының жеке кәсіпкерлерімен B2B форматында кездесу өткізілді. Аталған кездесу аясында Гүлістан провинциясының губернаторы Хасан Садеглумен кездесіп, екі өңір арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту және жандандыру мәселелері талқыланды. Провинция губернаторы Қызылорда облысымен қатынастарды нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
Аталған B2B форматындағы кездесуге Қазақстан Республикасымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық орнатуға, ірі қара мен ұсақ мал, ет сатып алу, мал және балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және қайта өңдеу салаларында Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық танытушы 30-дан астам компаниялардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Гүлістан провинциясындағы мал етін сою және сатумен айналысатын ірі кәсіпорынның бірі «Eros Co» компаниясының өкілі Р.Ахмади Қызылорда облысында ет комбинатының құрылысына бірлесіп инвестиция салуды және оның болашақ өнімдерін Иранға, Парсы шығанағы елдеріне экспортқа шығаруды ұсынды.
Сонымен бірге, Гүлістан провинциясының «Марагатапе» кооператив басшысы М.Гарабимен кездесуінде қазақстандық «Новатор» күрішінің жармасын Иран нарығына экспорттау мәселесі талқыланып, күріштің үлгісі ұсынылды.
Қызылорда облысы делегациясының Гүлістан провинциясы басшылығымен және кәсіпкерлерімен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде тараптар Қызылорда облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы және Гүлістан провинциясы Ауыл шарауашылығы ұйымының өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Жалпы іссапар барысында ирандықтар Қызылорда облысының кәсіпкерлерімен тығыз байланыста жұмыс жасауға, Иранға күріш, ет, тірі мал өнімдерін жеткізуге үлкен қызығушылық білдіріп, Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылығы саласындағы бірнеше ірі компания өкілдері облысымызға іс-сапармен келуі жоспарлануда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз