ҚЫЗЫЛОРДАДА АЛҒАШ РЕТ БҮЙРЕК АУЫСТЫРУ ОТАСЫ ЖАСАЛДЫ

84

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА АЛҒАШ РЕТ БҮЙРЕК АУЫСТЫРУ ОТАСЫ ЖАСАЛДЫСыр медицинасының тарихында тұңғыш рет созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан
науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Осы арқылы Қызылорда республикада
бүйрек ауыстыру отасын жасаған төртінші облыс атанып отыр.

29 жасар қала тұрғыны Ердәулет
Бозғұловқа туған қарындасы Жаңагүл Бозғұлова донор болып, бір бүйрегін берді.
Ең ауыр операциялар қатарынан саналатын отаны А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми
хирургия орталығының мамандары мен облыстық медицина орталығының
хирург-дәрігерлері бірлесіп жасады.
Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқастың да, донордың да жағдайы жақсы.

Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев облыстық медицина орталығына барып, ағалы-қарындасты Бозғұловтардың
көңілін сұрады, сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Емдеуші дәрігермен,
А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталығының мамандарымен кездесіп, науқастың
хал-жағдайын сұрады, сонымен бірге өңірлік медицинаның даму барысына тоқталды.

– Денсаулық сақтау саласы біз үшін аса
маңызды. Сондықтан қаржыны аяп жатқанымыз жоқ. Ағымдағы жылы бұл саланы
қаржыландыруға 35 млрд. теңге қаралды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18
пайызға артық. Биылдың өзінде 12 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары
жүргізілді. Саланы дамытуға арналған «Жол картасы» бекітіліп, оның шеңберінде
тиісті қаржы бөлінді. Міне, сіздер күрделі ота жасаған мына облыстық медицина
орталығы бүгінде заманауи жабдықталған алып емдеу мекемесі. Біздің
мақтанышымыз,– дей келе, аймақ басшысы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия
орталығының директорына, мамандарына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Өз кезегінде Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас
директоры Жеткерген Арзықұлов сәуір айында бүйрек трансплантологиясын меңгеру
үшін қызылордалық дәрігерлердің Ұлттық орталықта болып, білімін жетілдіріп
қайтқанын айтты және облыстық медицина орталығында күрделі оталарды жасауға
барлық мүмкіндіктің бар екенін жеткізді.

Жалпы, өңірімізде бүйрек ауруына
шалдығып, гемодиализде отырған 100-ден астам науқас бар. Оның 40 пайызы бүйрек
ауыс­тыруды қажет етеді. Осы уақытқа дейін облыста 29 адамға донор бүйрегі
ауыстырылған.

Келесі трансплантация үстіміздегі жылдың
қараша айына жос­парланып отыр.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз