ҚЫЗЫЛОРДАДА БАСПАНАҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІК АРТАДЫ

64

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА БАСПАНАҒА ҚОЛЖЕТІМДІЛІК АРТАДЫКеше облыс
әкімі Қырымбек Көшербаев және «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма
төрағасы Болат Палымбетов қаладағы, З.Шүкіров көшесінде салынып жатқан 35
пәтерлік алты тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты.

Айта кетейік,
бұл тұрғын үйдің құрылысы «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының
қаржыландыруымен қараша айында басталған болатын. «Қолжетімді баспана – 2020»
мемлекеттік бағдарламасы аясында салынатын баспананың әр шаршы метрі 131 537
теңге шамасында болады.
Қордың
басшылығы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысанды мерзімінен бұрын
тапсырамыз деп отыр.
– Бұл бағдарламаның
артықшылықтары көп. Баспана кезегінде тұрғандардың жалақылары талапқа сай келсе
болғаны. Қызылордада 1 шаршы метріне айына 1200 теңге төлейді. Бір үй 30 шаршы
метр болатын болса, айына 30 мың теңгеден астам қаржы төлейтін болады, – деді
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Басқарма төрағасы Б.Палымбетов.
Алты көпқабатты
тұрғын үйде 35 пәтерден болады. Оның 16-сы екі бөлмелі, 14-і үш бөлмелі, бесеуі
төрт бөлмелі пәтер. Құрылыс кезінде 250-ден аса адам жұмыс істейді. Сондай-ақ
40-50 техника құралы жұмылдырылуда.
Бүгінгі күні
аталмыш қор Қызылордадан басқа Астана, Алматы мен Қарағанды, Шымкент, Ақтау
және Өскемен қалаларында тұрғын үй құрылысының жобаларын іске асыруда. Осы
бағдарлама аясында 2016 жылдың аяғына дейін елімізде қосымша 600 мың шаршы
метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.
Жергілікті
басшылық тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында
«Қазақстан ипотекалық компаниясы» «Самұрық-Қазына» жылжы­майтын мүлік қоры»
акционерлік қоғамымен бірлескен жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ. Мәселен,
«Сәулет» мөлтек ауданынан тағы жалпы ауданы 3,3 гектар жер телімі
бөлініп, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 9 бесқабатты тұрғын үй бой
көтереді. Басқарма төрағасы Б.Палымбетов ғимараттың орны түсетін жер телімін
барып көрді. Қала әкімі Н.Нәлібаев жаңа тұрғын үйдің құрылыстары көктемде
басталатынын айтты. Жаңадан салынатын нысанның жобалық құны – 4,2 млрд. теңге.
Бұл 490 отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, өткен
жылы 900-ге жуық отбасы баспаналы болды. Биыл тұрғызылатын тұрғын үй өткен
жылмен салыстырғанда 3 есеге артады.

 
Дәурен
ОМАРОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз