ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚОС ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

65

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚОС ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІОблыстық «Ана мен бала
орталығында» үстіміздегі шілде айында қос үшем дүниеге келді. Байқоңыр
қаласының тұрғыны Гүлзира Шағатаева үш бірдей қызды дүниеге әкелсе,
қызылордалық Салтанат Кәрібозова үш ұлын аман-есен қолына алды.

Кеше
республикалық «Ақ орамал» акциясы аясында облыстық денсаулық сақтау
басқармасының ұйым­дас­ты­руымен үшемдерге, олардың аналарына сый-сияпат
жасалды.

Айта кету керек, ҚР Пре­зиденті Н.Назарбаевтың
Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІV самит­те жариялаған
«Әлем, ХХІ ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақ­стан
халқы Асссамблеясы «Ақ орамал» республикалық акциясын қолға алған болатын.
Акцияның мақсаты елдің барша азаматтарын олардың этностық шығу тегіне,
әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы
шеңберіне шоғырландыру, бейбітшілік ұғымының маңызы мен мәнін терең түсіндіру
болып табылады.

Аталған шарада облыстық ден­саулық сақтау саласы арда­герлері
кеңесінің төрайымы Райса Көзденова аналарға ақ тілегін айтып, бастарына жаулық
салса, «Ана мен бала орталығының» бас дәрігері Гүлнар Жұмашева қазіргі кезде
үшемнің де, аналардың да жағдайының жақсы екенін, бірер күнде үйлеріне
шығарылатынын жеткізді және нәрестелерге құтты болсын айтты.

Өз кезегінде Салтанат Кәрі­бозованың енесі, Ерасыл,
Нұрасыл, Жанасыл есімді үшемдердің әжесі, Батыр ана Әнипа Қайруллаева
нәрестелердің аман-есен өмірге келуіне үлкен көмек көрсетіп, қам­қорлық
танытқан №1 емхана ұжымы мен «Ана мен бала орталығы» қызметкерлеріне риза­шы­лығын
білдіріп, аналық ақ тілегін арнады.

Айта кетейік, Қызылорда қаласының тұрғындары Асқар
Бектұрғанов пен Салтанат Кәрібозованың отбасында екі жарым жасар қызы бар. 34
жасында үш бірдей ұлды болған Салтанат көпбалалы отбасына айналғандарын, мұны
Алланың берген үлкен сыйы деп қабылдайтынын айтады.

Ал байқоңырлық 22 жастағы Гүлзираның шаңырағындағы екі
қыз баланың қатары тағы үш бірдей қызғалдақпен толығып отыр. Әмина, Алина,
Ләйлә есімін иеленген қызғалдақтар күніне жетпей туылғанымен, дәрігерлер
көмегінің нәтижесінде бүгінде жағдайлары қалыпқа түскен. Жас аналарға емдеу ұйымдары тарапынан
нәрестелерге қажетті киім-кешек, жуынатын құралдар мен бала күтіміне арналған
кітапшалар, өзге де сыйлықтар табысталды.

Жалпы, облыста ағымдағы жылдың алты айында 8963 сәби
дүниеге келсе, олардың арасында үшемдер үшеу,ал 120 сәби егіз туылған.

Айнұр БАТТАЛОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз