ТАҒДЫРҒА МОЙЫМАҒАНДАР ТАЛАЙҒА ҮЛГІ

163

0

ТАҒДЫРҒА МОЙЫМАҒАНДАР ТАЛАЙҒА ҮЛГІ

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыс әкімдігінің қолдауымен кеше Қызылордада мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге арнап «Өзгерістерге ұмтылыс» форумын ұйымдастырды. 
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тағдыр тауқыметіне мойымаған жандарды аяқ-қолы бүтін бола тұра масылдықтан арыла алмай жүргендерге үлгі етті. Олардың қайсар рухына бас иді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасау – әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі. Осы орайда оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасы кеңейді. 
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Наурыз айында 2017-2018 жылдарға арналған мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жол картасын бекіттік. Оны жүзеге асыру үшін 9 млрд теңге бөлініп отыр. 2013-2016 жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі 2 379 адам жұмыспен қамтылса, биыл 4 айда бұл көрсеткіш 201-ді құрады, – деді аймақ басшысы. 
Бүгінде облыста мүмкіндігі шектеулі 28 мыңнан астам адам бар. Олар үшін қандай да бір кедергі болмауы тиіс. Соңғы 3 жылда 345 жол белгісі мен сілтегіш орнатылып, жаяу жүргіншілер өтетін 84 жол дыбыстау және жарық беру құрылғысымен жабдықталды. Биыл да осы жұмысты жалғастыруға қаражат бөлінді. Мүгедектердің көлік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында барлық ауданда, Қызылорда қаласында «Әлеуметтік такси» қызметі ұйымдастырылды. 2014 жылдан бастап облыс орталығында арнайы аппарельдермен жабдықталған 112 автобус арбалы мүгедектерге қызмет көрсетіп жүр. 
Қазіргі күні облыста кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020», «Даму-Аймақтар», «Микробизнес-Қызылорда» сияқты үкіметтік және аймақтық бағдарламалары оң нәтиже бере бастады. Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бекітілді. 2013 жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандардың бизнес-жобаларын бастауға мемлекеттік грант бөлу, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, ішінара кепілдендіру, жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен шағын несие беру сияқты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Даму» қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов форумды өткізудегі мақсат – тағдырдың қаталдығына мойынсұнбаған табысты кәсіпкерлерді дәріптеу, олардың өз ісін дамытуына қолайлы жағдай жасау екенін жеткізді. Қор мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. «Даму-Көмек» жобасы басталғалы бері 170 мүгедек қолдау тапты. «Казкоммерцбанк» АҚ-ның «Құс Жолы» корпоративті қайырымдылық қорымен бірлескен «Жұлдыздарға қара» – «Посмотри на звезды» жобасы аясында 2012 жылдан бастап осы санаттағы кәсіпкерлерге құны 4,9 млн теңге болатын 30 грант бөлінді. Өткен жылы «Мүмкіндігі шектеулі әйелдердің кәсіпкерлік қабілетін дамыту» бағдарламасы бойынша 20 әйел арнайы курстардан өтті. «Даму-Аймақтар» бағдарламасы негізінде шағын және орта кәсіпкерлікті аймақтық қаржыландыру үшін 1,4 млрд теңгеге келісім жасалды. Соған байланысты сырбойылық кәсіпкерлер бес жылға 8,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады.
Облыс әкімі форум барысында мемлекеттік бағдарламалар мен «Даму» қорының жобаларына қатысып, жобаларын сәтті жүзеге асырған кәсіпкерлерге алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ «Даму-Көмек» жобасы бойынша демеушілік көмек берілді. Табысты кәсіпкерлер мен форум қатысушылары қызмет көрсету мен тауар сатып алуға тегін сертификаттарға ие болды. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер өздері дайындаған бұйымдар көрмесін көпшілік назарына ұсынды. «Қызылорда еріктірілері» қорының мүшелері «Ерекше би» жобасымен қонақтарды тамсандырды. Бишілер құрамының тең жартысы – арбаға таңылғандар. 
Форумның екінші бөлімінде ақпараттық-түсіндірме семинары, дөңгелек үстел ұйымдастырылып, тілек білдірушілер табысты кәсіпкер Бақыт Жұмашевтан шеберлік дәрісін алды. 
 
ТАҒДЫРҒА МОЙЫМАҒАНДАР ТАЛАЙҒА ҮЛГІ
ТАҒДЫРҒА МОЙЫМАҒАНДАР ТАЛАЙҒА ҮЛГІ
ТАҒДЫРҒА МОЙЫМАҒАНДАР ТАЛАЙҒА ҮЛГІ
ТАҒДЫРҒА МОЙЫМАҒАНДАР ТАЛАЙҒА ҮЛГІ
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз