Қызылордалықтар жаңа жыл мерекесін тойламайтын болды

119

0

Қызылордалық жастар жаңа жыл мерекесін тойламай, ақшаларын қайырымдылыққа жұмсауды жоспарлап отыр деп хабарлайды NUR.KZ.

Қызылорда қаласының тұрғындары «жаңа жыл мерекесі ұлттық мейрам емес» дегенді алға тартып, оны тойлаудан бас тартып отыр. Жастар мейрамхана мен кафеде отырыс жасағанша, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек берейік деп шешіпті.

«Бұл жылы біз отбасымызбен және достарымызбен жаңа жыл мерекесін атап өтпейміз. Себебі ол біздің ұлттық мейрамымыз емес. Наурызда жақсылап көңіл көтерерміз. Оның орнына ақшамызды шын мұқтаж жандарға жұмсайық. Балалар үшін ұмытылмас шоу ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – дейді Қызылорда қаласының ерікті жасы Бақыт Адамбаева.

Қазір еріктілер «Сикырлы керуен» акциясына барынша дайындалып жатыр. Балалрды Аяз ата мен Қарша қыз құттықтап, сыйлықтар табыс етеді.

«Өзім І топтағы мүгедекпін. Осыған қарамастан акцияға көмек бергім келеді. Себебі бұл балалар үшін өте маңызды. Олар жаңа жылдан ғажайып күтеді ғой. Сондықтан ақшаны босқа шашпай, балақайларды қуантқымыз келеді», – дейді Саматбек Қуанышбайұлы.

Еріктілер саны күн өткен сайын артып келеді екен. Олар Аяз ата мен Қарша қыздың киімін дайындап қойыпты. Жастар жаңа жыл күні екі топқа бөлініп, мүмкіндігі шектеулі балаларды тізім бойынша құттықтауға барады.

«Біз шамамен 100 балаға барамыз. Әрине барлығына біздің алған сыйлығымыз жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан демеушілер іздеп жатырмыз. Осындай сауапты іске әрбір адам атсалысқысы келетін шығар деп ойлаймын. Барлығын жақсылық жасауға шақырамын», – дейді Бақыт Адамбаева.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз