ӨЗ ТАҚЫРЫБЫМ БОЛСЫН ДЕҢІЗ

171

0

 
Қалам ұстаған әрбір жұмырбасты пенде үшін ең үлкен бақыт – өз оқырманының болуы. Оқырман жүрегіне жылт еткен сәуле ұялатып, ұмытылмастай әсер қалдыру үшін қаламыңның желімен қоса айтар ойыңның қорғасындай салмағы болуы керек. Салмақты сөздің өрнегін сарабдал мінез, салиқалы ой-пікірдің иесі ғана тоқып шығарары тағы кәміл. Осы тұрғыдан келгенде біздің Баян апайымыз өз оқырманын тапқан жан.
Бірде магистрлік еңбегіме ¬материал жинақ¬тап, Алматыдағы Абай атындағы ұлттық кітапханада «Қазақ әдебиеті» газетінің тігінді¬лерін ақтарып отырғанымда «Сәт сапар!» айдарымен берілген Баян Үсейінованың «Үзілмеген үміт» деген әңгімесін көзім шалды. Ол кезде тек мықты жазушылардың шығармалары жарияланатын басылымда 9-сынып оқушысының әңгімесі жариялануы, редакция алқасының алғы сөзіндегі: «Баянның тырнақалды туындысын оқи отырып, үкілі үміттің жалынан сипағандай болдық» деген жолдар менің де назарымды аударды. Бір кездері апай екеуміз қызметтес боламыз деп кім ойлаған. 2014 жылы жаз айынан бері аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде осы кісілермен қоян-қолтық жұмыс жасап келемін.
Уақыт күн сайын жаңаруда. Жаһанданудың ашқарақ апаны адамзаттың ақыл-ойынан жаратылған небір жаңалықтарды құрдымға жіберіп, адамның тән қалауы қарқындап өсіп бара жатқан алмағайып аласапыранда адаспай жол тауып, рухани құндылықтарымызды сақтап қалу жолында кәсіби міндеттерін адалдықпен атқарып келе жатқан қалам иелеріне артылар жүк ауыр. Желдің өтінде, селдің бетінде бағытынан таймай, үмітін үмітке жалғай, «жегені – жантақ, іздегені – алтын» атан түйе нардай алдыға тарта берер журналистер қауымына тән өлермен бейнеткештікке төзе білген жан ғана ел көңілінің төрінен орын алып, құрметке бөленері хақ. Біздің Баян апай бүгінде осындай өз биігін тапқан, есімі көпке танылып үлгерген қарымды қаламгерлер қатарында.
Б.Үсейінованың шығармаларының дені – жан тазалығына құрылған. Қоғамда орын алып жатқан кемшіліктерге жаны төзбей, ашығын айтып, ақиқатын жазуда ар таразысынан аттаған кезі болған емес. Кезінде оның балабақшадағы былықтарды әшкерелеген «Бөпем, бөпем, бөпем-ай», базардағы берекесіздіктерді сынға алған «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?», денсаулық саласындағы кемшіліктерді сын тезіне алған «Сырқаттың табар емін – дәрігерге деген сенім» деген мақалалары қоғамда үлкен резонанс тудырып, мекемелер басшыларына тиісті шара көрілген болатын. Бұл да «төртінші билік» атанған баспасөздің ықпалдылығын танытумен қатар, осы жолдағы қалам иелерінің ауыр еңбек, ащы терінің өтеуі деуге саяды.
Ширек ғасырдан астам уақыт журналистика саласында тер төгіп келе жатқан Баян Алаудинқызының қаламына қуат, шығармаларына шуақ сыйлап келе жатқан бір қыры – жазушылығы. Өзі зерттеп отырған объектісін жан-жақты аша білумен қатар кейіпкерлерінің жан дүниесін жарқырата көрсетуде адамтану ғылымының сайыпқыраны саналатын – жазушылық қабілет қалам ұстағанның бәріне бірдей бұйыра бермесі анық. Осы орайда оның қайбір туындысында болсын оқырманын әлдебір сиқырлы әлемге тартып тұратын тылсым сырдың бір ұшы осында жатыр.
Баян апайдың имандылық тақырыбында жазған туындылары ел жүрегінің тереңінен орын алып келеді десек, қателеспейміз. Жаңақорғанға Түркиядан келген оралман бауырымыз Абдулла Ишан екеуі парсы тілінен аударған «Уағызшылардың інжу-маржаны» деп аталатын үш томдық кітабы бүгінде оқырмандар қолына тиді. Оның әдеп, иман, ар-ұят жайлы шариғат талаптарынан туындайтын тұшымды дүниелері қатарында «Бес сауал, бес жауап», «Жылай алмайтының үшін жыла», «Ниеттің сыйлығы» деген мақалаларына байланысты редакциямызға келіп түскен оқырман хаттарының көптігі осының дәлелі. Ал «Ұлыма хат» деген шығармасы өз ұлына ғана емес, қазақтың барша азаматтарына айтылған бауырлық  базына, үлкендік ғибрат, аналық өсиеті деуге болады.
Көпбалалы отбасында тәрбиеленген инабатты қыздың жаратылысынан жазу-сызуға құмар болуының тағы бір себебі, оның анасы «Қазақ ССР-нің оқу үздігі» Хадиша Баязитованың да поэзия әлеміне жақындығы. Қазіргі таңда Хадиша мен қызы Баянның «Бақытымды босағамнан күтемін» атты жинағы жарық көрсе, «Айнымас асыл» кітабы баспаханада.
Баян апайымыз бүкіл ғұмырын шығармашылыққа арнап, ана аманатын қастерлеген жан. Қарымды қаламгер сіңірген еңбегіне қарай саланың түрлі мақтау-марапаттауларын алды. Ақпарат министрлігінің дипломымен, «Ел Конституциясының 20 жылдық» мерекелік медалімен марапатталған. Өмірлік жары Дилауар Шайынұлы ішкі істер саласында абыроймен жұмыс жасап, зейнетке шыққан. Үлкен ұлы Шәкәрім Теміржол академиясын бітірген, бүгінде Шымкент локомотив депосында еңбек етеді. Қыздары Айғаным жоғары білімді маман, Қазақ спорт және туризм академиясында қызметкер. Камшаты – Қорқыт ата атындағы университетін үздік дипломмен тәмамдаған. Шайыхмұрат биыл мектеп бітірсе, Алтынбегі ¬        6-сыныпта оқиды.
Иә, өз тақырыбын тапқан қаламгер көптің де құрметіне бөленеді. Тағдыр бұл кісіге осы нығметті тарту еткен сыңайлы. Ал шығармаларында өз тақырыбын тапқан жан өмірде де өз жолын табады екен. Саусағы сүйел болғанша жазу жазып, тек қана қаламының қуатына сүйеніп, көптің құрметіне бөленсе де қарапайым дағдысынан жазбаған, ешкімге жағынуды, жалпақтауды білмейтін, ақ жүріп әділ сөзін айтудан танбаған Баян апайымыз туралы бір үзік сыр осы.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
Жаңақорған ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз