ЗАМАНАУИ СПОРТ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНДЕРІ

51

0

Қазалы мен Жаңақорғанда пайдалануға
берілді

ЗАМАНАУИ СПОРТ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНДЕРІҚазалы.Қуаныш бөліссе көбейеді. Кенттің 5-ші квартал бөлігінен бой көтерген
денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне жиналған жұртшылықтың жүзінен
осы пейілді аңғардық. Темір жолдың бойына орналасқан аумақты қоныстанған
қабырғалы қауымның бұл көптен күткен
арманы болатын. Оның үлкен себебі бар. Аталмыш аумақтың спортқа жан-тәнімен құштар өрендері бүгінге дейін
теміржол өткелінен өтіп орталықтағы спорт нысандарына қатынап келген еді. Әрбір
ата-ана бауыр еті перзенттерінің амандығын шын ниетімен тілейтіні даусыз.
Мұндай жайт әсіресе қыс мезгілінде балалардың ата-аналарын ерекше алаңдататын. Енді
тығырықтан шығар жол табылды. Мемлекет қаржысы, ел ағаларының жанашырлығымен жаңадан салынған денешынықтыру-сауықтыру
кешені ел игіліне берілді.

Көрікті кешен алыстан көз тартады. Ғимаратта
спортшылардың жаттығуына, жаттығудан соңөздерін қалпына келтіруге толық
мүмкіндік қарастырылған. Көздің жауын алатын кешен заманауи құрал-жабдықтармен
қамтылған екен. Көрермендер залынан жарысты тікелей тамашалауға барынша жағдай
жасалған.

Салтанатты рәсім өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Көкке қалықтаған әсем әуен жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Баршаның жүзінен риясыз қуаныш белгісі байқалады. Ғимараттың ашылу салтанатына
облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы, облыстық мәслихат хатшысы Ақмарал
Әлназарова, аудан әкімі Нажмадин Шамұратов және қоғамдық ұйым өкілдері мен
ардагерлер, жұртшылық қатысты.

Шарадағы құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары
Рауан Кенжеханұлы елімізде, Сыр өңірінде көптеген толымды тірліктер атқарылып
жатқандығын, соңғы санаулы күндердің өзінде ғана бірқатар нысандар пайдалануға
берілгендігін айрықша атап өтті. Бүгінгі іске қосылғалы тұрған кешен спортты
серік қылған, салауатты өмір салтын ұстанған әрбір жанға ерекше жақын
екендігіне тоқталып, аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының қаза­лы­лықтарға деген
сәлемін жеткізді. Келесі кезекте сөз алған Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің
төрағасы Оразғали Бекпанов бірнеше күн бұрын ғана екі елді мекенде облыс әкімі
мен Ғылым және білім министрінің қатысуымен қос бірдей
білім ордасының ашыл­ғаны, бү­гін­гі денешынықтыру-сауықтыру ке­ше­ні сол
жағымды жаңалықтардың жалғасы есеп­телетіндігін толғаныспен жеткізіп, ел аға­ларына
көпшіліктің атынан ризашылық біл­дірді. Кешенді аралап көрген шараға қа­ты­су­шылар
құрылыстың басты мердігері «Жылу-ХХІ»
ЖШС жұмысына ризашылық танытты.

– Бүгін пайдалануға берілген денешы­нықтыру-сауықтыру кешенінің жалпы құны 333 млн теңге. Кешен
спорт мектебінің базасын кеңейту мақсатында №17 Қазалы ауда­нының олимпиадалық
резервтің маман­дан­дырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің резервіне
берілді. Қазалылық спортшылардың бағындырған белестері баршаға мәлім.
Жетістіктер оңайлықпен келген жоқ. Талай мәртеқиындықтар жолықты. Жаттығуды тар залда өткізген сәттер де болды. Шүкір, барша кедергілер артта қалды. Осындай
ғажайып кешен салынғанына алғысымыз шексіз, – дейді №17 Қазалы ауданының
олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөс­пі­рімдер мектебінің
директоры Қуанған Бәкен.

***

Жаңақорған.Кенттегі жаңа типтегі денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Кешеннің ашылу салтанатына облыстық мәслихат хатшысы А.Әлназарова, облыс
әкімінің орынбасары Р.Кенжеханұлы қатысты.

Аудан орталығына кіргеннен мен мұндалап көрінетін
спорттық сауықтыру кешенінде волейбол, баскетбол, бокс түрінен түрлі деңгейдегі
жарыстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, заманауи спорттық жабдықтармен қамтамасыз
етілген жаттығу залында басқа да спорт түрлерінен жаттығулар жасауға мүкіншілік
мол.

– Елбасының
сарабдал саясатының нәтижесінде елімізде осындай әлеуметтік нысандар көптеп бой
көтеруде. Соның бірі бүгін пайдалануға беріліп отырған спорттық сауықтыру
кешені. Өскелең ұрпақтың дені сау, заман талабына сай қабілетті болып өсуіне
мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Ендігі кезекте Жаңақорғанның
жас жеткіншектері осы кешенде жаттығып, ел абыройын асқақтатады деген
сенімдеміз, – деді облыстық мәслихат хатшысы А.Әлназарова. Өз кезегінде кент
ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Махмұтұлы тұрғындар атынан ризашылығын жеткізіп, жас
спортшыларымыз алдағы уақытта дүбірлі додаларда намысты қолдан бермей көк
байрағымыздың биіктен желбіреуіне ақ батасын берді.

Кешеннің ашылу салтанатымен қатар, волейболдан аудан
әкімінің жүлдесі үшін аудандық ашық турнир өткізілді.

Жұмабек
ТАБЫНБАЕВ,

Нұрмахан
ЕЛТАЙ.

Қазалы,
Жаңақорған аудандары.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз