ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІН АРТТЫРУДЫҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ

57

0

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елімізде зейнетақы мөлшерін арттырудың кезеңдерін түсіндіріп берді.
– Біріншіден, Елбасының биылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері үш кезеңде арттырылады. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. Ал екінші кезеңде биылғы шілдеден бастап ынтымақты зейнетақы көлемі қосымша 11 пайызға, базалық зейнетақы 13 пайызға көбейтілгелі отыр. Нәтижесінде, 2017 жылдың 1 шілдесінен зейнетақы мөлшерлерін 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 20 пайызға арттыру қамтамасыз етіледі. Осы орайда ең төменгі зейнетақы 45 711 теңгеге дейін, орташа зейнетақы 66 676 теңгеге дейін арттырылады», – деді министр.
Кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған еді. Министрдің  сөзіне қарағанда, бұл ретте екі миллионнан астам зейнеткер қамтылады. Сондай-ақ, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын табыстың ең жоғары мөлшері 41-ден 46 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделген. Бұл осы жылдың бірінші жартысында тағайындалған зейнетақылардың 11 пайызға артуы есебімен, жылдың екінші жартысында тағайындалатын зейнетақы мөлшерлерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін қарастырылып отыр. «Зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүргізілетін болады. Бұл базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде бекітіледі. Жаңа әдістемеге сәйкес, бұл зейнетақы жүйесіне қатысу еңбек өтіліне байланысты болғалы отыр. Осы ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылатын жинақтар мерзімі ескеріледі»,-деп түсіндірді Т. Дүйсенова. 
Жалпы отырыстағы талқылаулардан кейін палата депутаттары заң жобасын мақұлдады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз