СҰЛУ СЫРДЫҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ САЛТАНАТ

153

0

СҰЛУ СЫРДЫҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ САЛТАНАТҚызылорда қаласының тұрғындары Сырдарияның сол жағалауында басталған жаңа қаланың алғашқы іргетасы қаланған тарихи сәтке куә болды.
Елорданың ерен келбетіне қарап бой түзеген қазақтың алғашқы астанасының да асқақтайтын кезі алыс емес. 
Сәнсенбінің сәтті күні Сыр жұртшылығына көп ұзамай осы аумақтан тұрғызылатын көркем қаланың тұрғындарына айналатыны сүйіншіленді. 
***
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында құрылыс секторын дамытып, оның отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуы тиіс деп міндет қойылған еді.
Жолдаудағы тапсырмаға сәйкес 2017 жылы облыс бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 2211 пәтерлі 150,3 шаршы метрді құрайтын 40 көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарлануда.
Осы саладағы кең ауқымды мәселе Сырдарияның сол жағалауынан Қызылорда қаласының бас жоспары негізінде жаңа қала құрылысын бастау болатын.
Кеше қала жұртшылығы жаңа қаланың алғашқы үйлерінің іргетасын қалау салтанатына жиналды.
Сол жағалауды дамыту мақсатында ашылған 1 мың 532 гектар аумақтың көпқабатты тұрғын үйлер мен балабақша бой көтеретін алғашқы бөлігіне осы күні мал шалынып, құран оқытылды. Салтанатты сәтке келген облыс әкімі Қ.Көшербаев жиналған көпшілікті қуанышты күн жаңалығымен құттықтады.
– Біз бүгін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Сырдарияның сол жағалауын игерудің алғашқы қадамы ретінде былтыр дария үстінен жаңа көпір пайдалануға берілді. Бүгін сол жағалаудан 18 көпқабатты тұрғын үй мен 320 орындық бала бақшаның іргетасы қаланбақ. Бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынғалы тұр. Ал, 742 млн теңгені құрайтын балабақша құрылысы «Абу-Сер» ЖШС арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізілетін болады.
Сондықтан, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға мол үлес қосып жүрген құрылыс компания басшыларына, Сыр құрылысшыларына аймақ жұртшылығы атынан шексіз алғысымды білдіремін.
Бүгінгі таңда ұлан-ғайыр жобалармен кемел келешекке, өркендеуге бет бұрған Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық бет-бейнесі ерекше қарқынмен өсуде.
Елбасы өз сөзінде «Қазақстанның ширек ғасырдағы жүріп өткен жолын тек Қызылорда облысының өзінен көруге болады» деген-ді. Шын мәнінде, мемлекеттік тапсырыстарды орындау бойынша да, Қызылорда қаласындағы құрылыс жұмыстарының көлемі жағынан да аймағымыз Астанадан кейінгі екінші орынды иемденіп тұр.
Міне, бүгінгі күн халықтың игілігі үшін жасалып жатқан тың жобалардың лайықты жалғасы, Сырдың сол жағалауынан бой көтерген жаңа қала құрылысы басталды.
Біздің аймағымызда жасалып жатқан игілікті істердің барлығы да Елбасының тікелей қолдауының және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты көрінісі.
Сол жағалаудағы ұрпақтарымыз тұратын әсем қалада біздің ұлттық табиғатымызды еске түсіретін нақышта қаланған үйлер бой көтереді. Сондай-ақ, бұл жерде «Болашақ» университеті, мұнан кейінгі кезекте Қорқыт ата атындағы университеттің бір оқу ғимараты, 600 орындық мектеп, 500 келушіге қызмет ететін емхана, көрнекті неке сарайы салынатын болады.
Қаламыздың көркі асып, жастарымыз неке қиып, үйлену тойларын жасап, халқымыз көбейе берсін, – деп Қ.Көшербаев ақжарылқап тілегін төкті. 
Мұнан соң аймақ басшысы Тәнеш Оразов, Сейілбек Шаухаманов, Абдолла Дәулетов бастаған ел ақсақалдарымен бірге алғашқы көпқабатты үй мен балабақша іргетасына өз қолымен лай салып, ендігі жерде күн-түні толастамайтын еңбек ырғағын бастап берді.
Игі бастамаға Тәнеш ақсақал батасын беріп, жақсы тілектерге қол жайған жұрт әумин десті.
Д.АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз