ЖАҢА БАҒЫТ, ЖАРҚЫН БАСТАМА

97

0

Өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері «Білім. Болашақ. Жаңғыру» тақырыбында облыс­тық жастар форумы өтті. Жиынды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елді ынтымаққа ұйыстырудың жолы дер едім. Ел Президентінің бұл мақаласы Мәңгілік ел болу идеясымен ұштасып жатыр, – деген аймақ басшысы оның кемел ойдан туған кемеңгер шешім екенін атап өтті.
Рухани жаңғыру дегеніміз – сананың жаңғыруы. Тәуелсіздіктің құндылығын жастарға да, жасамыс кісілерге де түсіндіру керек. Алашқа ана атанған Сыр бойы рухани жаңғыруға негіз болатын аймақтардың бірі екенін айта кеткен жөн. Бір ғана мысал ретінде, Сақтардың астанасы – Шірік Рабаттың, Оғыз империясының астанасы – Жанкенттің, Қыпшақ империясының, Қазақ хандығының астанасы – Сығанақтың, Қазақ Республикасының астанасы болған, «қазақ» деген ұлт атауы ресми түрде қайтарылған – Қызылорданың басқа емес, дәл осы Сыр өңірінде
орналасқанын атап өтуге болады деген аймақ басшысы одан әрі жастарды қолдауда, білім беруде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысы жастар саясатына ең көп қаржы бөліп отырған аймақтардың бірі. Бұл ретте, олардың білім алуына, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жасалған қолайлы жағдайды айрықша атап өткен абзал. Биыл мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсті. Бұл көрсеткішпен біз мақтанамыз. Біз үшін 97 пайыз тек білім сапасының көрсеткіші ғана емес, оған қоса бұл балалар бейтарап маргиналды жастардың қатарын толықтырмайды деген де сенім бар.
Осы себептерге байланысты 2013 жылы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, талапты ауыл­дық жерлердің балаларына аймаққа қа­жет­ті мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін әкім грантын тағайындадық. Бүгінде 600-ден аса бала грант иегері болып отыр.
Қазір Сырдарияның сол жағалауында құрылыс жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Бір атап өтерлігі, онда бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүр­гізілуде. Өздеріңізге белгілі, Қызылордада дәл осы Қазақ Орталық Атқару комитетінде 1925 жылы бұрын «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымыз «Қазақ» деген түпкі атын ресми иеленіп, тарихи шешім қабылданған болатын. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады. Қазақ халқының өсіп-өркендеуіндегі арадағы бір ғасырлық уақыт осылайша бір-бірімен сабақтасып, рухани жалғасын таппақ. Сондай-ақ, сол жағалаудан Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді. Онда жастарға жан-жақты даму мәселелерімен айналысуға мүмкіндік туады. Тағы бір айта кетерлігі, Қызылордада екі бірдей жастар орталығы болады. Сонымен қатар, өңіріміз жыл сайын «Серпiн» бағдарламасы бойынша грант алу конкурстарында ең үздік нәтижелер көрсетуде. Бұл бағдарлама аясында бүгінде 4 мың жас оқып жатыр. Келешекте олар тәуелсіз еліміздің нығаюына өз үлестерін қосатынына сенім мол екенін айтқан облыс әкімі Ресейде оқып жатқан Сыр перзенттері туралы сөз қозғады.
– Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары Ресей Үкіметінің гранты есебінен қызылордалық түлектерді техникалық мамандықтар бойынша оқыту, әсіресе, IT-мамандар, металлургтер, тех­нологтар, химиктер әзірлеу туралы ұсы­ны­сымызды қабылдады. Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында біздің 452 түлегіміз грант негізінде білім алуда. Оған қоса, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий облыс жастары үшін 2018 жылдан бастап Мәскеу мемлекеттік университеті есебінен 20 грант бөлу туралы шешім қабылдады. Келесі жылы Ресейде оқып жатқан жастардың алғашқы легі елге оралады. Қазірдің өзінде біз оларға қажетті жұмыс көздерін таптық. Олар елге келгенде толық жұмыспен қамтылады. Дәл осы балаларымыз өңірге жаңа индустриалдық келбет беріп, заманауи зиялы қауымды қалыптастыратын болады. Біз олардан үлкен үміт күтіп отырмыз, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, облыс әкімі Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру туралы тапсырмасына сәйкес аймақта атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
Облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында аймақтың дамуын сипаттайтын экономикалық көрсеткіштер қорытындысын болжау бойынша бағдарламалық-математикалық үлгіні енгізу жұмыстары жүруде. Шілде айынан бастап «Microsoft» компаниясымен жұмыс жасай бастадық. Облыста онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологиямен жұмыс істейтін жоғары кәсіби мамандарды бірлесе дайындау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында «Microsoft» академиясының офисін құру туралы келісімге қол жеткізілді. ЭКСПО аумағын қолдана отырып, Мәскеу болат және қорытпалар институтымен Қызылордада машина құрастыру, 3-D принтерінің көмегімен түйіндер мен детальдар өндіруге бағытталған мәскеулік ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының баламасын құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы негізде хабарлама жасаған облыс басшысы ел ертеңі жастар екенін айтып, ойын түйіндеді.
Шара барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Е.Меңлібаев жастар саясатына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаса, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым рухани жаңғырудан туындайтын ойларымен бөлісті. Ол Қазақ хандығының кезінде 50 қаланың болғанын айтып, оларда өркениеттің іздері көрініс беретінін жеткізді. Сондай-ақ, саясаттанушы өзендер өркениеті қолға алынса, Т.Ізтілеуов пен М.Байділдаевтың еңбектері жаңғыртылса деген ұсыныс білдірді. Облыс әкімі орынды ұсыныс екенін, бұлардың барлығы назарда тұрғанын тілге тиек етіп: «Лондон – Темзаның, Париж – Сенаның, Астана – Есілдің бойында орналасқан. Сол сияқты Қызылорда да Сырдария өзенінің бойында тұр. Бұл аймақтың Алаштың анасы атануы жайдан-жай емес. Келер жылы қаламызға 200 жыл толады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады», – деп жауап берді. Содан кейін «Инновациялық технологиялар паркі» автономды-кластерлік қорының басқарушы директоры Ә.Бірәлиев пен «АТОМ-Media» компаниясының атқарушы директоры Н.Матжани хабарлама жасап, цифрлы технологиялар мен олардың артықшылықтары жөнінде әңгіме қаузады.
Форумға қаладан бөлек аудандардан да делегаттар қатысты. Жалпы, жастардың азаматтық және патриоттық әлеуетін дамыту, тың идеяларға қолдау көрсету мақсатында өткізілген шара өз мақсатына жетті деуге болады. Екі күнге созылған шарада рухани жаңғыру мен жаңа технологиялар ортақ тақырыпқа айналды. Форум жастарға жаңа бағыт берген жарқын бастама бола білді.
“Qyzylorda: Білім. Болашақ. Жаңғыру” тақырыбында өткен облыс жастарының XIV форумы биыл талапты да талантты жастардың басын қосты. Форум барысында 2 бағыттан тұратын “XXI ғасырдың жаңа шақыртулары” мен “Рухани жаңғыру” тақырыптарында секциялық жұмыстар ұйымдастырылды. Еркін форматтағы пікір алмасуға ҚР Мәжіліс Парламентінің депутаты Геннадий Шиповских, саясаттанушы Айдос Сарым, “Қазақстан КВН одағы” республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен, “AТОМ-Media” компаниясының атқарушы директоры Нұрбек Матжани, “Гранд мастер” ЖШС директоры Алмат Қуанышбаев пен “Инновациялық технологиялық паркі” автономдық-кластерлік қорының басқару директоры Әлжан Бірәлиев қатысып, маңызды мәселе, сан түрлі сала төңірегіндегі ойымен бөлісті. Жастардың қоғамдық істерге белсене араласуы көңіл қуантатынын айта келе, осы бағытпен алға ұмтылу қажеттігіне тоқталды. Елбасы жастар саясатына аса мән беретінін, биылғы Жолдауда да оның шет қалмағанын атап өтті.
– Жастар үшін басты құжат өзгеріске толы. Мұнда жастардың білім алуына, өз кәсібін ашып, нәсібін табуына ерекше көңіл бөлінген. IT технологияны игеру, қаржылық сауаттылықты қалыптастырып, ұлтжандылықты дамыту мәселесі де күн тәртібіне қойылған. Алдағы уақытта осы мақсаттарды жүзеге асыру, оны айқын іспен көрсету – жастардың міндеті. Сол үдеден шығу жеке өзің үшін емес, мемлекет үшін маңызды екенін естен шығармауымыз керек. Ендеше, білім алып, еңбектенуге, сұранысқа сай маман атануға, ел өркендеуіне елеулі үлес қосуға атсалысайық, – деді Г.Шиповских.
Айдос Сарым да салмақты мақаланың өткенді саралап, келешекті кемелдендіруге үндейтінін жеткізді. Ең көп талқыға түскен, латын қарпіне көшу жайын тарқатып айтты. Бұдан бөлек, жастарды тәулік сайын түрленген технологиялық дәуір қарқынына ілесуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға қауқарлы болуға шақырды.
– Егер аталған мақалаға дұрыс талдау жасалып, татымды пікір алмасу орын алатын болса, қоғамды жаңғыртуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар мен технологиялық қадамдар айқындалады. Қазіргі уақытта латын қарпіне көшу мәселесі де өзектене түсті. Ол, ең алдымен, өркениетке бетбұрыс үшін қажет дер едім. Біз өз болмысымызды жаңаша пайымдауға аяқ басып келеміз. Осыған қатысты қоғам ішінде жақсы бір полемика орнауы тиіс. Содан кейін барып, мемлекеттік бағдар­ламалар жүруі керек деген ойдамын, – деді спикер.
Сондай-ақ, жиында па­­триотизмнің пара­сат­­­тылығын пайым­дай­­тын “Туған жер” бағ­дарламасының қолға алын­ғаны айтылды. Қас­терлі ұғымның қадірін са­ралаған бағдарлама бү­гінде әрбір аймақтағы көне ғимараттар мен ескерткіштердің, мәдени нысандардың тарихын жастарға тарқатуда. “100 жаңа есім” жобасының да өскелең ұрпаққа берері мол.
Расында, қазір елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, оларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Жастарды кәсіпке баулу мәселесі де шет қалмаған. Тек осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу қажет. Себебі, еліміздің басты капиталы – мұнайы, қазба байлығы емес, оның туын тіктеп, керегесін кеңейтетін дарынды да білімді жастары. Форумның мақсаты – жастарды осы үдеден шығуға шақыру еді. Ол өз мақсатына жетті де. Ауқымды шарада олар аймақтағы жастар саясатының оң өзгерістеріне куә болып, тәжірибе алмасты. Нақты мәселелерге тоқталып, ұсыныстарымен бөлісті. Ең бастысы, біз жаңа техника мен технологияны меңгерген жастардың ортамызда көп екенін, олардың өзгерістерден қорықпай, өміршең, серпінді жобаларын ұсынудан тартынбайтынын көріп, қуандық.
Жексенбі күні Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда «QYZYLORDA: Білім. Болашақ. Жаңғыру» тақырыбындағы облыстық жастар форумы аясында «Жайдарман» ойыны өтіп, облыс әкімінің кубогі сарапқа салынды. Жастардың жайдарлы сайысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, көңілді кешті тамашалады.
Әзілкештер мен тапқырлар жарысына еліміздің 7 өңірінен 8 топ қатысып, өнерлерін ортаға салды. Қоғамдағы мәселелерді күлкі астарына жасырған жастар талай түйткілді түйреп өтті. Ойнай жүріп ой салған олар көрерменнің қошеметіне бөленді.
Сайыс қорытындысы бойынша қызылордалық команда 3-орын иеленсе, 2-орын Ақтөбе қаласынан келген «Фемида» тобына бұйырды. Ал Оралдың «Грант» тобы жеңімпаз атанды. Командаларға ақшалай сыйлық табыс етіліп, үздік ойыншы марапатталды.
Азиз БАТЫРБЕКОВ,
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз